Kyzylorda-news.kz Апта ағымында аудандық мәдениет үйінде «Адал адам» жобасының «Жанұя шуағы» бағыты бойынша «Бақытты жас отау» тақырыбында жас отбасылармен кездесу кеші өткізілген болатын. Кешке жыл басынан бері отау құрып, шаңырақ көтерген жас отбасы мүшелері шақырылды.
Тағылымы мол кешті ашқан Сырдария аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің директоры Салтанат Бекжүнісова жастарды қуаныштарымен құттықтады.
– Бүгінде жас отау иелерін шаңырақ көтерген мерейлі сәттерімен шын жүректен құттықтаймын! Бүгін жас отбасылардың некесін қиып, үлкен өмірге қадам басуына тілектестік білдіреміз. Шын мәнінде, өмірде қол ұстасып бірге жүретін жастар көптеген сынақтан өтері анық. Осындай сәтте қиындықтан мүдірмей ақылмен шешім қабылдағаны дұрыс. Әрине, отбасында шағын мемлекеттің іргесін қалауда жастар татулықты, ізгілікті, жарасымдылықты басты ұстанымдарына айналдырса дейміз. Жастарға үлкен аға-апаларымыздың жолын берсін, – деді Салтанат Жанұзаққызы.
Бұл ретте, Сырдария аудандық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің мамандары Назарбай Меңдіғалиев пен Арайлым Бисенбаева және Нұрдәулет Дайрабаев пен Инабат Бүркіттің некесін салтанатты түрде қиды. Сонымен қатар жас отау иелері Балтабай Ордабеков мен Ләззат Қонысбекова, Мақсат Амажолов пен Ақниет Құлсейітке ұйымдастырушылар тарапынан ерекше ілтипат көрсетілді.
Өнегеге толы, жастарға берері мол кеште аудандық мәдениет үйінің өнерпаз әннен шашу шашты.