Kyzylorda-news.kz   «Ұстаз – ең алдымен, қадірлі маман. Ал, ұстаз болу – қастерлі міндет. Бүгінде еліміздің болашағы жарқын болып, дамыған мемлекетке айналуы үшін мұғалімдер қауымы аянбай еңбек етіп жүр. Жалпы, кім-кімнің де жақсы адам, мықты маман болуы ұстазына байланысты. Ахмет Байтұрсынұлы «Біз елді түзеуді бала оқыту ісін түзеуден бастауымыз керек» деген. Ұлт ұстазының бұл сөзі қашанда орынды. Білім мен ғылым – табысқа жетудің ең басты кілті. Өскелең ұрпаққа тағылымды тәрбие және озық білім беру – өте маңызды міндет»,деген Президент сөзі ұстаздар қауымына деген айрықша құрметтің белгісі екенін байқатып отыр.

Сұлу Сырдың сағасында мұндай құрметке ие болған, өз заманында талай бұлақтың көзін ашқан көнекөз ұстаздар қауымы да болған. Айталық Бөгеннен жиырмаға тарта ақын-жазушы, журналистер шыққан десе, көршілеріміз Қаратереңді көк аспанға көз тіреген ұшқыштар ауылы деп атайды. Қалам ұстағандарға табиғат берген талантпен бірге, «бұлақ көрсең көзін аш» дегендей, әдебиетші ұстаздардың арқасы десек қателеспейміз. Қазақтың қайсар қаламгері Зейнолла Шүкіровтің туған топырағында туып-өскен, жағада бірге жүзіп, құшақтап қырға шығарған аға-інілері тегін бола ма? Әдебиет пәнінің мұғалімдері Әби Прекешов, Жалғас Құрманов дәл осындай ұлағатты ағайлар еді. Олар сабақты шәкірттерінің санасына сіңіріп, құлағына құйып жіберетін. Әлі есімде, сабақты түсіндіргенде «Зейнешханның қорасы оқтай түзу» дегенде мектеп пен іргесіндегі көкеміздің күнде көріп жүрген қорасы көз алдымызға келе қоятын. Немесе, Көнебөгеннен оқушылар таситын автокөлігінің жүргізушісі Сержанды «Аяқ-қолы балғадай шофер» деп суреттегенде, батыр денелі ағамыз елестеп, қозғалақтап қалатынбыз. Көрдіңіз бе, мынадай түсіндірулерден кейін оқуға қыры жоқ шәкірттердің өзі көздері жанып кететін. Осындай тума талант ұстаздардан дәріс алған ондаған бөгендік балалардың қиялына қанат бітіп, бүгінде көркем сөздің көрігін қыздырып жүргені бекер емес-ау деймін. Сондай мың бұлақтың көзін ашып, үлкен өмірге қадам бастырған, білім нәрімен сусындатқан ұстаздың бірі – Әби Прекешов болатын.

Ағамыз 1923 жылы Бөген ауылының Қосуақ елді мекенінде дүниеге келген. «Мектебіміз Нұржан ишанның үш бөлмелі мешітінде еді, сонда бастауышты бітіріп, Бөгенде жетіжылдықты аяқтадық, – деп еске алған екен.  Прекеш ақсақалдың үлкені Дүйсен ел басқару ісіне жастайынан араласқан белгілі азамат еді. Сонау 1921 жылы Поволжье бойындағы аштыққа байланысты 14 вагон балық жөнелтуге белсене араласқан ол кейін колхоздастыру кезінде көшбасшы болды. Көп жыл ұжымшар басқарып, партия ұйымының хатшысы болған. Ауылдың бірлігі мен тірлігіне елеулі үлес қосқан, ел ішінде төбе бидей төрелік айтқан абыз ақсақал еді.

Текті әулеттен тәлім-тәрбие алған Әби ағамыз ат жалын тартып азамат болғанда соғыс басталып кетті. 1942 жылы 19 жасында майданға аттанды. Алдымен «Дуботка» деген жерде әскери даярлықтан өтеді. Содан қазан айында Қалмақ даласында болған соғысқа қатысады. Тарихта бұл жерде қиян-кескі шайқас болғаны белгілі. Ал 1943-1945 жылдары Украина, Белоруссия, Венгрия, Польша жерлерін азат етуге қатысып, жеңісті Германиядан қарсы алған-ды. Жауынгер ағамыз туған жерге 1947 жылы ғана оралды. «Ерлігі үшін», «Германияны жеңгені үшін», тағы басқа медальдармен, «Отан соғысы» орденімен марапатталған. Елге келген соң Қызылордадағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті факультетін сырттай оқып бітірді. Ол көп жылдар бойы З.Шүкіров атындағы №20 Бөген орта мектебінде ұстаздық етті. Әби ағайдың шәкірттері бүгінде елге белгілі қаламгерлер, әдебиетшілер мен ғалымдар екенін атап өткен жөн.

Саналы ғұмырын жас ұрпақ тәрбиесіне арнаған майдангер сабырлы да салмақты мінезімен елге беделді ауылдағы ақылшы ағасы, абыз ақсақалы еді. Көненің көзіндей, бидің өзіндей Әби аға отырған жерде елдің өткен-кеткені әңгіме болып, талай шежірелі сырлар, игі жақсылардың ғибраты айтылатын.

Ғасырдан астам тарихы бар ауыл мектебінің тарихын жинақтаушылар ағамыздан өткен заманның деректерін тәптіштеп жазып алғанын білеміз. Ол сонау дүрбелең жылдардың демін сезініп, от пен оқтан аман келген, туған жерінде туын тігіп, өнегелі ұрпақ өсірген қазыналы қария еді.
Жалпы ұстаздар – өз пәндерінің табиғатына сәйкес ерекше есте қалатын сияқты. Бастауышта білім беретін Әнуар Загидулина апай сондай балажан еді. Ауыл мектебінің химигі Шәйкен Нәкешов институтта сабақ беретін оқытушыдан артық болмаса кем емес еді. Қапи мен Тілеужан ағайлардың тәрбие мен тәртіптің тезі есіп тұратын. Әби ағамыз әдебиет пен өлкенің тарихын, шежіресін сабағында әдемі кіріктіріп, шәкірттерін зерделі болып өсуге тәрбиелейтін. Әлі есімде, Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетау» поэмасын өткенде кербез ақын мен сұлу табиғатты шабыттана, әсерлі түсіндерер еді. Кейін Көкшені көргенде бала кезгі ағай әңгімелерінің әсері көз алдымызға келді. Өлкеміздің жер-су аттарының тарихын да сол кісіден естіген едік. Ауылда «Орманбет төбе» деген үлкен төбе бар.  Жаугершілік заманда қарауыл болғандай биік еді. Ертеректе археологтар қазған болуы керек етегінде сүйектер мен көмір, тас шашылып жататын. Бұл туралы ел аузында «Он мың ноғай өткен жер, Орманбет хан өлген жер» деген аңыз да бар. Ал Көнебөген мен Қамау елді мекендерінің арасындағы екі адамның құшағына сыймайтын көне екі жидені сол Орманбеттен қалған деген аңыз-әфсана бар-тын. Міне, осындай-осындай бағзы замандардан жеткен әңгімелерді біздер Әби ағайдан естіген едік. Туған жердің тарихы, топырағының тылсымын өткен мен бүгіннің өрнегін жалғаған, шежірелі кеуде, құйма құлақ сырбаз ұстаздар арқылы ұрпақтан ұрпаққа жете бермек.

Жеңіс күні сол Орманбет төбенің етегіне барып олармен алау жағылатын. Майдангер ұстаздар жорық жолдары жайлы естеліктерін айтатын. Ал жауынгер Әби Прекешов өзінің майдандас досымен кейін қатысып тұрғанын қызы Гүлжанның естелігінен біліп жатырмыз. Шайқаста шыңдалған достық бейбіт күнде жарасымды жалғасын тапқан. Жазғы демалыс күндері ағай қызы Гүлжанмен Украинадағы досына сапар шегеді екен. Аралдың ысталған, қақталған қаяздары мен ақбалықтарын майын тамызып досының үйіне базарлыққа апаратын көрінеді. Сөйтіп, жасыл желекті жерлерде екі-үш апта мейман болып, қанды көйлек достарын еске алып, марқайып қайтады екен. Досы да Аралға бірнеше мәрте келіп, Бөгеннің құмына аунап, теңізге демалып кеткен көрінеді. Әуеден жауған оттан, қардай бораған оқтан аман қалған екі достың сыры өз алдына бір әңгіме. Жеңісті жақындатқан қос майдангердің шынайы достығы жас ұрпаққа үлгі-өнеге емес пе?!

Әбекең апамыз Ақжанмен екеуі бәйтеректей үлкен әулеттің алтын діңгегі болып, немере-шөбере сүйіп, салиқалы ғұмыр кешті. Бүгінде олар туған жердің топырағында мәңгі тыныстап жатыр. Ұл-қыздары мұғалім, инженер, жүргізуші секілді бір-бір мамандықтың иесі атанып, өз шаңырақтарын шаттыққа бөлеп отыр. «Адам ұрпағымен мың жасайды» деген халық даналығы. Жақсының жолы, мағыналы, өнегелі өмірі салиқалы ұрпақтарымен жалғасын табуда. Майдангер, ұлағатты ұстаз Әби Прекешовтің биыл туғанына жүз жыл толар еді, ал жақсының жолы ғасырдан да ұзақ болатыны белгілі.

Ардагердің ғасырлық мерейтойына байланысты шаралар сонау Жамбыл облысындағы Жаңатас қаласынан басталды. Әбекеңнің ұлы «Қаратау» тау-кен өңдеу кешенінің бас энергетигі Нұрхан Прекешов үстел теннисінен ауданаралық турнир ұйымдастырды. Тағылымды жарыс жеңімпаздары марапатталып, қатысушылар әке құрметіне өткізілген шараны көпшілікке үлгі етті.
Ал Жеңіс күні қарсаңында Бөген ауылында дүбірлі мерейтой мазмұнды да тағылымды істерге ұласты. Алдымен ұстаздың өзі еңбек еткен орта мектепте қазақ тілі мен әдебиетінен аудандық пәндік олимпиада өткізілді. Мерейтойға орай волейбол мен үстел теннисінен аудандық жарыс ұйымдастырылып, жеңімпаздар марапат төрінен көрінді. Майдангер ұстаздың атындағы ақындардың жыр-мүшәйрасы мәреге жетті. Сонымен бріге «Асыл бейне» атты деректі кітаптың тұсаукесер рәсімі жасалды. Ауылда ардагер ағамызға арналып ас беріліп, рухына Құран бағышталды.

Соғыс және еңбек ардагері, ұлағатты ұстаз Әби Прекешовті мәңгі есте қалдыру мақсатында Арал қаласынан көше атауы берілсе, ұрпақ үшін өнегелі шара болар еді.

Осылай туған жерінде өткен мерейтойлық шаралардың елге үлгі-өнегесі мол, тәрбиелік мәні зор болды.

Ж.ӘБІШОВ

Тағы да оқыңыз: