Kyzylorda-news.kz Сыр елінің рухани байлығы мен тарихи жадына айналған тұлғалардың өнегелі өмір жолын ұлықтау - елдік пен ерлікке тағзым етудің көрінісі.
Қызылордада мемлекет және қоғам қайраткері, Ұлы Отан соғысының ардагері Ыдырыс Қалиевтің 100 жылдығына орай ауқымды шаралар қолға алынды. Оның өнегесін жас ұрпаққа үлгі ету үшін елге сіңірген еңбегі терең зерделенді. Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тікелей тапсырмасымен қайраткердің ғасырлық мерейтойын жыл көлемінде жоғары деңгейде атап өту мақсатында арнайы облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген.
Бүгінгі ғылыми-танымдық конференцияда ардақты тұлғаның азаматтық бейнесі, ел алдындағы адал қызметі, ұрпаққа қалдырған тағылымды мұрасы туралы айтылды. Қатысушылар ардагердің еңбекпен өрілген өмірінен сыр шертетін арнайы бейнебаянды тамашалады. Конференцияны Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Шахмардан Байманов жүргізіп, аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаевтың лебізін жеткізді.
Жиын барысында жасалған мазмұнды баяндамаларға Ыдырыс Қалиевтің ел дамуы жолындағы ерен еңбегі арқау болды. Атап айтқанда, академик Бақберген Досманбетов, республикалық «Жалаңтөс баһадүр» қорының президенті Нажмадин Мұсабаев, облыстық «Ұрпақтан ұрпаққа» қоғамдық бірлестіктің төрағасы Сайлаубай Әбішұлы, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің профессоры Айтжан Оразбақов оның тұлғалық болмысы, іскерлігі мен туған өлкенің дамуына қосқан үлесі туралы мазмұнды деректер мен естеліктерді бөлісті.
Конференцияға зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, мемлекеттік және қоғамдық ұйымдардың мүшелері, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінің оқытушылары, мәслихат депутаттары, БАҚ өкілдері, Ыдырыс Қалиұлының ұрпақтары және замандастары қатысты. Соңында қайраткердің ұлы Серік Қалиев барша қатысушыларға жүрекжарды алғысын білдірді. Іс-шарадан кейін ас беріліп, Қызылорда облыстық мәслихатының төрағасы Мұрат Тілеуімбетов аймақ басшысының лебізін жеткізді. Мұнан соң марқұмның рухына құран бағышталып, дұға оқылды.