Kyzylorda-news.kz Қызылордада Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орай Достық үйінде “Ұлттық киімді ұлықтайық” атты мерекелік іс-шара ұйымдастырылды. Бұл тағылымы мол шараны «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші альянсы» қоғамдық бірлестігі, «Қазақстандағы орыс қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалы және «Ассамблея жастары» ұйымы бірлесіп өткізді.

Шараның ашылуында «Қызылорда облысы бойынша әйелдер күші альянсы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, ҚХА ардагері Рахима Ахметова мен облыстық қоғамдық даму басқармасының “Қоғамдық келісім” мекемесінің директоры Бақытжан Камалов сөз алып, ұлттық киімдердің мән-маңызын, оның әр халықтың мәдениетінің ажырамас бөлшегі екенін және ұлттық киім тек сыртқы көрінісіміз ғана емес, оның астарында біздің тарихымыз бен болмысымыз жатқандығын атап өтті.

«Қазақстандағы орыс қауымдастығы» Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Наталья Мишукова және «Ассамблея жастары» ұйымының төрағасы Елена Пак та бүгінгі мерекелік шеруде сөз сөйлеп, ұлттық киім – ұлттық болмыстың көрінісі. Ұлт киімі арқылы сол ұлттың тарихы, мәдениеті сыр шертеді деп атап өтті.

Мерекелік шараның көрігін «Қуаныш» әжелер ансамблі әсем әндерімен әрлеп, көпшілікке ерекше көңіл-күй сыйлады. Кейін ұлттық киімдер шеруі басталып, қазақтың ұлттық киімін киген әжелер мен немерелер ұрпақ сабақтастығының үлгісін көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөленді. Шара барысында «Ассамблея жастары» ұйымының белсенділері әртүрлі этностардың ұлттық киімдерінде өздерінің ерекше топтамаларымен көрермендерді таң қалдырды. Ал «Ботақан» балабақшасының бүлдіршіндері қазақтың киімдерінде сән көрсетілімін жасады.

Бұл мерекеде елге танымал дизайнерлер Айман Абди мен Светлана Цойдың ұлттық киімдер топтамасы да ерекше орын алды. Шара соңында белсенді қатысушылар Бақытжан Камаловтың алғысымен марапатталды.

Ұлттық киім – біздің мәдениетіміздің, тарихымыз бен болмысымыздың жарқын көрінісі. Мұндай іс-шаралар ұрпақтар сабақтастығын сақтап, еліміздің бірлігін арттыра түспек.

“Ұлттық киімді ұлықтайық” мерекелік шарасы өтті 1.jpg

Тағы да оқыңыз: