Kyzylorda-news.kz Бедеулік пен белсіздік белең алып бара жатқан заманда жаны күйзеліп, көңілі құлазып жүрген жандарға «Аңсаған сәби» бағдарламасы үміт сәулесін сыйлағаны рас. Бірақ ана болсам деп армандаған жанның барлығы бірдей бағдарлама арқылы бақытқа жетті дей алмаймыз. Оның да өзіндік себебі бар. Аталған бағдарлама арқылы аңсағанына жетіп, ана атануға кімдердің мүмкіндігі бар көптің көкейіндегі сауалға нақты жауаптармен жөн сілтесек.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке 2021 жылдан бастап, «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске қосуды тапсырды. Осы орайда, экстракорпоральды ұрықтандыруға бөлінетін квотаның саны 7 мыңға дейін артты. Нәтижесінде мыңдаған отбасы бала сүю бақытына ие болды. Барлық шығын мемлекет есебінен төленеді. 2030 жылға дейін жалғасын табатын бағдарламаның жүзеге асуы, қатысу шарттары және жолдама алу туралы толығырақ төмендегі мақалада тоқталамыз.

Ресми деректерде, елдегі әр алтыншы отбасына нәресте сүю бақыты бұйырмай отырғаны туралы жазылады. Оған экологияның нашарлауы, жастардың денсаулығының әлсіздігі себеп болып отыр деседі мамандар. Өзекті мәселенің оңтайлы шешімін табуды көздеген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйегінде «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: Іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында «Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын бастап, экстракорпоралдық ұрықтандыруға квота санын жеті есеге көбейтуді тапсырған еді. Тапсырманы жүзеге асыру үшін, бедеу ерлі-зайыптыларға қосымша репродуктивті әдістер мен технологияларды тиімді өткізу үшін денсаулық сақтау министрлігі атқарылуы тиіс іс-шараларды жүйелі жүргізуде. Анықталғаны елімізде «бедеулік» диагнозы қойылған 14 мыңнан астам әйел мен 100-ден аса ер адамның бар екендігі.

«Аңсаған сәби» арнайы бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен 6 миллиард теңгеден астам қаражат бөлінген. Денсаулық сақтаудың жетекші бейінді мамандары мен ұйымдастырушылары қатарынан жұмыс тобы құрылды. Нормативтік-құқықтық құжаттар, атап айтқанда ЭКО жүргізу үшін көрсеткіштер қайта қаралды. Өңірлер бөлінісінде бедеулігі бар пациенттердің тізімі өзектендірілді. Бұл тізімге әйелдер мен қоса ерлерде енгізілді. Фертильді жастағы адамдар санын ескере отырып, өңірлер бөлінісінде ЭКО-ға 7 мың квота бөлінді. Үш жылда 20 мыңнан астам экстракорпоральды ұрықтандыру жасалған. Оның ішінде 8 мыңнан аса әйел жүктілікпен есепке алынса, 6 мыңға жуық бала дүниеге келген.

Бұл бағдарлама бедеулік диагнозы қойылған пациенттерге арналған. Оған отбасылық жұптар да, жеке адамдар да қатыса алады. Қазақстанның азаматы болуға тиіс және денсаулық сақтау министрлігі белгілеген медициналық талаптарға сәйкес келуі керек. Сондай-ақ, бағдарламаға қатысатын адам міндетті түрде ерікті түрде жазбаша келісім береді. Олар репродуктивті жас – 18-ден 42 жасқа дейін, қалыпты соматикалық және эндокриндік көрсеткіштер, жоғары фолликулярлық резерв.

Алайда, мамандар үміткерді медициналық тексерістен өткізгеннен кейін экстракорпоральды ұрықтандырудан бас тартуы да мүмкін. Мәселен үміткердің жатырында туа біткен немесе жүре біткен ауытқулары, соматикалық және психикалық бұзылулар, аналық без ісіктері, жедел қабыну және кез-келген локализация онкологиясы және денедегі қатерлі өскіндер болса, экстракорпоральды ұрықтандыру жүзеге асырылмайды.

Әрбір алтыншы отбасы бедеулікпен күресуде

Қазалы теміржол ауруханасының бас акушер-гинекологы Индира Опабекова «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында ЭКО-ға жолдама алу үшін алдымен тіркелген жері бойынша емханаға баруға міндетті екенін ескертті. Сол жерде үміткерді бедеулігі бар диспансерлік пациенттердің электрондық тізіміне қосады. Одан кейін тексерістен өтеді. 12 айдың ішінде емхана бейінді маманның қорытындысы негізінде пациенттің құжаттарын жоғары технологиялық медициналық қызметтер жөніндегі жергілікті комиссияға жібереді. Комиссия оң шешім шығарған жағдайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркеп, емшараға дайындық басталады. Пациент экстракорпоралды ұрықтандыру клиникасын өзі таңдайды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша экстракорпоральды ұрықтандыру процедурасы жылына бір рет тегін жасалады.

Экстрокорпаральды ұрықтандыру елімізде негізінен 1995 жылы басталған. 2010 жылдан бері мемлекет қаржы бөлді. Бұрын жылына 400-500 квота ғана берілсе, 2021 жылдан бастап 7 мыңға көбейген. Нәтижесінде 3 жылда 5 мыңдай отбасы сәбидің күлкісіне шомылып, бақытқа бөленген. Көмекке мұқтаж отбасылар қатары әлі де сирген жоқ. Қазіргі таңда елімізде 26 ЭКО орталық жұмыс істейді. Басым бөлігі жекеменшік клиника.

Қазір республикалық есеп бойынша 15 мыңға жуық ерлі-зайыпты бедеулік есебінде тұр. Жастар отбасын құрғасын 1 жылда бала сүйе алмаса, бірден квотаға өтініш бере алады. Бұған дейін тек қана, 3-4 жылдан кейін өтініш жазу мүмкіндігі бар болатын. Талап жеңілдегенмен бәрі де, әйелдің денсаулығына тікелей байланысты.

Бұл ретте: «Антимюллерлік гармон 1-ден төмен болмау керек. ФСГ 12-ден жоғары болмауы шарт және аналық безінде оң жақ, сол жағында үш-үштен 6 фолекул болу керек. Өкінішітісі, аталған талапқа сай келмейтін нәзік жандылар қатары көп. ЭКО-ны бір рет жасаудың өзі шамамен бір жарым миллион теңге. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы ковта алу жеңілдеп келеді. Мәселен, көмекті бір рет пайдаланған отбасы екінші жылы тағы да қатыса алады. Анализді қайта тапсырып, кезекке тұруға құқылы», – дейді бас акушер-гинекологы Индира Опабекова.

Балалы болу үшін жеңілдік бар

Жоғарыда айтқанымыздай, бағдарлама аясында жыл сайын 7 мың квота бөлінеді. Яғни, міндетті медициналық сақтандыру қорынан шамамен 7 млрд теңге жұмсалады. Мемлекеттік көмекті әр отбасы жылына бір рет қолдана алады. Бағдарлама 2030 жылға дейін жалғасса, жеті жылда 49000 отбасының ата-ана атану мүмкіндігі бар.

Ал, біздің Қазалы ауданындағы ахуал қандай? Қазалы аудандық теміржол ауруханасы және Қазалы ауданаралық орталық ауруханасының мамандарына сұрау салдық. Теміржол ауруханасының бас акушер-гинеколг маманы Индира Опабекова биылдың өзінде қазалылық тоғыз ана ЭКО-ның көмегіне жүгінгендігін айтты. Олардың ішінде біреуі «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы квота алған. Жалпы, бағдарлама жүзеге асқан сәттен төрт әйел тегін жасанды ұрықтандыруға жолдама алған. Оның үшеуі сәбиін өсіріп отыр.

– Биыл тоғыз ана ЭКО жасатты. Бесеуі бөбегін аман-есен қолына алды. Өкінішке орай, екі әйел түсік тастады. Солардың біреуі – «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы жолдама алған болатын. Менің ойымша, қандай сырқат, қандай жағдай болса да ер мен әйелі бір-бірін қолдап жүрсе, бірге болса – жақсы нәтижеге жетеді. Ең бастысы – бір-бірін айыптап, кінәлауға болмайды», – дейді Индира Опабекова.

Маманның мәлімдеуінше биылғы жылы келіншектердің барлығы дерлік өз қаражаты есебінен ЭКО-ға жол тартқандар.

Ал, ауданаралық орталықтандырылған ауруханасы бас дәрігерінің ана мен бала денсаулығын қорғау жөніндегі орынбасары Айымкүл Келмағанбетқызы: «Жыл басынан бері үш әйел жасанды ұрықтандыру арқылы бала босанды. Барлығының жағдайы жақсы. Тұрақты бақылауда», – деді.

Жалпы, аудандық аурухана бойынша 2021 жылдан бастап, 4 әйел тегін жасанды ұрықтандыру жолымен сәбилі болған.

Фото: opennews.kz

Тағы да оқыңыз: