Kyzylorda-news.kz  Әлемді дүр сілкіндірген екінші дүниежүзілік соғыстың қасіреті мен Ұлы Жеңістің қасиетін, батыр аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін ешкім де, ешқашанда ұмытпақ емес. 9 мамыр – Жеңіс күні. Бұл мереке әлемді тыныштықта тербететін бейбітшілік пен ынтымақтастықтың әрқашан жеңетінін дәлелдеді. 1418 күнге созылған сұрапыл соғыста Отанын қорғаған қаһарман жауынгерлердің айбыны мен тылдағы жеңісті жақындатқан жұмысшылардың ерлік еңбектері біздің санадан мәңгі өшпейді.

Елу миллионнан астам өмірді жалмаған екінші дүниежүзілік соғыс әр қазақ отбасы үшін орны толмас қайғы-қасірет әкелді. Аяқ астынан басталған әділетсіз арпалысқа Қазақстаннан екі миллионға жуық түрлі ұлт өкілдері әскер қатарына шақырылды. Майдан даласынан – 394 мың қазақ боздағы қайтпай қалды. Бірінің әкесі, бірінің ағасы қаза тапты. Қаншама көкөрім боздақтардың қыршын жасы қиылды. Қауызын ашпай, көктей қырқылған жандардың қатарында – 10 500-ден аса қазалылық жерлесіміз бар. Отан қорғауға Қазалыдан аттанғандардың – 5 мыңдайы ғана жаралы, әрі науқас күйінде елге оралды.

Еркіндік пен қатыгездік тайталасқан айқаста ерен ерлік танытқан қазалылық алты азамат Үрмәш Түктібаев, Геннадий Шляпин, Яков Михайлюк, Владимир Счастнов, Мақаш Балмағамбетов, Біліс Нұрпейісов Кеңес Одағының батыры атанды.

Бүгінде қан майданнан оқ пен оттың арасынан аман қалып, туған жерге табаны тиген Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің қатары жыл санап азайып кетті. Қазір арамызда қалғаны – Тілеуберген Тобаберген ғана.

Адамзат тарихына «Ұлы Отан соғысы» деген атпен қалған жойқын қақтығысқа аттанған сол бір сұрапыл сәттер куәгері Тілеуберген Тобабергенов атамыз. Мерейлі мереке қарсаңында ерлік пен өрліктің өшпес өнегесіне айналған майдангердің шаңырағына ат басын бұрдық.

«Отан» деген қасиетті сөздің қадірін қастер тұтатын, Әйтеке би кентінің тұрғыны Тілеуберген Тобабергеновтің жастық шағының от пен оқтың ортасында өткеніне ешқашан өкінген емес. «Тәубе» деуден таймайды.

Қазалы ауданының №2 ауылдық кеңесіне қарасты Жамбыл колхозында дүниеге келген кейіпкеріміз Тобаберген мен Рыскүлдің тұңғышы болып өмір есігін ашады.

Колхозда әкесі егінші, анасы сауыншы болып, жер емген ата-анадан тәлім-тәрбие алып өскен ұл еңбекке ерте араласады. Бұғанасы қатпай жатып, колхоздың түрлі жұмыстарына қолқабыс етеді. Отбасында да соңынан ерген бауырларына қамқор болып, жастайынан жауапкершілік жүгін сезініп өседі.

«Ел санасына төңкеріс енгізген «Соғыс» атты салқын сөзді естіген жұртта ес қалмады. Бірі әлі не болғанын түсіп үлгермесе, бірі жағдайға мойынсұнып, жанын шүберекке түюде. «Ер басында күн туса, Етігімен су кешер» дегендей, тез байламға келуіме тура келді. Бойда бұла күш, жастық жігер сынға түсуге дайын болса да, алдымнан қандай қиындықтың күтіп тұрғанын топшылай алдым деу қиын», – дейді соғыс куәгері сол сәттен сыр тартып. Әскери комиссариатқа өзі сұранып барған бозбаланы шығарып салып тұрған әке: «Балам, ел көргенді, бірге көресің! Сенің бабаларың жаудан қайтпаған. Алла жолыңды оңғарып, аман-есен орал!» – дейді жігерін жанып. Көз жасын орамалының ұшымен білдірмей сүртіп тұрған ана іштей егіліп тұрса да, көзі күлімдеп: «Қыдыр атаң қорғанышың болсын!» – дегенді әрең айтып, қол бұлғап қала береді. Өскен ортасынан бұрын-соңды ұзап көрмеген Тілеуберген ұшқан ұяның неге туған жер аталатынын терең ұғына түсті.

Тіркеспелі ағаш вагондардарды жетелеген пойыз бірнеше күн жүріп, Шығыстағы Өзбекстанның астанасына әкеледі. Тәшкент маңындағы Шыршық стансасына жеткізілген жігіттер қаруды пайдалану, жедел әрекет жасау сынды әскери ұрыс-қимылдарға машықтанады. Бір айдан соң эшелонға тиеліп, Мәскеу іргесіндегі Смоленск қаласына жеткізіледі.

«Әскери дайындық, аңшылық мүлдем бөлек дүние. Алғашқы әсер туралы айтуға әлі қиналамын. Көрмеген адамға айтып жеткізу қиын. Сезіну бір бөлек. Ойлануға, қорғануға, пысықтауға уақыт тапшы. Табандылық пен ұстамдылық, қобалжымау маңызды», – дейді майдангер.

150-ші зеңбіректі атқыштар полкі құрамына енеді. Атқыштар ұрыс даласындағы үнемі алғы шептен табылатын негізгі тактикалық күш.

Араға жыл салып, 291-атқыштар полкі құрамына қосылып, Польша, Чехословакия, Белорусьті жау қоршауынан босату үшін қауырт қақтығысқа кіріседі. Стратегиялық маңызды шаһарларды қорғауда тойтарыс береді. Бірбеткей, намысқой жігіт жаумен бетпе-бет келіп, қиын тапсырмаларды орындауда қаруластары арасында дараланады.

1943 жылы Кенигсберг қаласына келеді. Тәжірибелі мергендер майданның бұл жерінде де, қанқұйлы шайқасқа түседі. Қоршауды бұзып, мыңнан астам фашистің көзін жояды. Қаруластарының қатары азайғанына қарамай, командир бұйрығымен аз күш алға ұмтыла түседі. Сол сәтте снаряд жарқыншағы тиіп, жауырынан қатты жарақаттанады. Үш ай әскери госпитальда емделгенімен, отты күннен қалған ойық жанға емес, тәнге терең салынған таңба әлі тұр.

Соғыс әлі жүріп жатыр. Күш азайған. «Қолға қару алуға жараймын, қалғанын пешенемнен көрермін» деген Тілеуберген Калининградты жаудан азат етуге атсалысады. Атақшы маршал Г.Жуков басшылық ететін 158 гвардиялық полкінің 28-автомат ротасы сапында кескілескен күндерді басқыншылар аяғын бастырмау үшін жанталасады. Бұл кезеңде де, қолынан жарақаттанады.

Рахымжан Қошқарбаев Рейхстагқа Жеңіс туын тіккен айтулы күнді қатардағы жауынгер дәл сол Берлинде қарсы алды. Бас қолбасшы И.В.Сталиннің Алғыс хаты, омырауында жарқыраған «Кинигсверг қаласын азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдары ерлікке лайықты құрмет белгісі.

Азаттық жолында жан аямай шайқасып, Жеңісті жақындатуға үлкен үлесін қосқан ер соғыс біткен соң неміс-фашист тұтқындарын күзетуге қалдырылады. Екі жылдан соң елге оралады. Ата-ана, тілеулестің тілегі орындалды. Қиналғанда жақындарының Тілеуберген деп ат қойғанын тұмар етіп, өзін қамшылай түсіп, аман қалуына Алланың бір белгісі деп топшылайтын.

Елге келісімен қазіргі теміржол бойындағы әскерилендірілген күзет мекемесіне күзетші болып орналасады. Осы орында он жыл нәтижелі жұмыс істейді. 1958 жылы аудандағы белді құрылыс мекемесі «ПМК-86»-ға ауысады. Ауыр техникаларды тізгіндеп, зейнетке шыққанша тер төгеді

Ғасырға жуық ғұмыр кешкен қазалылық соғыстың соңғы сарбазы шеруге шығып, мерекелік шараға бармаса да, әлі тың. Оның сырын қызы – Марал Дүзбай ауыр еңбек пен белсенді азаматтық ұстанымынан таймағанымен байланыстырады. Қадірменді қария кездесуімізде елді жақсылыққа білім, тәртіп, еңбек жеткізетінін айтты. Сондай-ақ, бейбітшілік – басты байлық, Тәуелсіздік – төл тұмарларың болуы керек дегенді де, санамызға зерделеді.

Тағы да оқыңыз: