Kyzylorda-news.kz Кең байтақ қазақ даласының төсінде ғасырлар бойы ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, ұлт рухының алтын арқауына айналған ең қымбат қазына бар. Ол – тіл. Тіл – тарихты сөйлететін, мәдениетті өрнектейтін, халықтың жан дүниесін айнадай көрсететін рухани құндылық. Әрбір сөздің астарында елдің тағдыры, әрбір дыбыстың түбінде ғасырлар шежіресі жатыр.

Қазақ халқы ежелден сөзге тоқтаған, тілдің қадірін төрге оздырған халық. «Өнер алды – қызыл тіл» деп, асыл сөзді биікке көтеріп, ұрпағына аманат еткен. Ұлы Абай «Сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел» деп, тілдің адам өміріндегі тәрбиелік рөліне назар аударса, Ахмет Байтұрсынұлы: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тіл» деп, оның ұлт тағдырындағы орнын айрықша атап өтті. Белгілі ғалым Әлкей Марғұлан: «Тіл – халықтың тарихи жиегі, оны қорғау – ұлттың мәңгілігі» деп, тіл мен тарихтың, тіл мен ұлттық бірегейліктің ажырамас байланысын көрсетті.

Тіл – жай ғана қатынас құралы емес, ол – ұлттық ойлаудың, дүниетанымның, өмір сүру салтының көрінісі. Тілсіз ұлт болмайды, ал ұлттық тілінің мәртебесі биік елдің еңсесі әрдайым тік.

Жаңа кезеңдегі тіл саясаты

Тәуелсіз Қазақстанда мемлекеттік тіл саясаты ел дамуының стратегиялық бағыттарының бірі ретінде жүзеге асырылып келеді. Соның айқын дәлелі – 2023–2029 жылдарға арналған тіл саясатын дамыту тұжырымдамасының қабылдануы. Бұл құжат мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге, оны қоғамдық өмірдің барлық саласында толыққанды пайдалануға бағытталған.

Тұжырымдамада мемлекеттік тілді білім беру жүйесінде, ғылымда, мәдениетте, ақпараттық кеңістікте және цифрлық технологияларда кеңінен қолдану көзделген. Қазақ тілін үйретудің заманауи әдістемелері енгізіліп, онлайн-платформалар мен мультимедиалық ресурстар әзірленеді. Жаңа буын оқулықтары мен оқу құралдары жасалып, сөздіктер мен анықтамалықтар жаңартылады. Осы бағыттағы Қызылорда облысының қоғамдық даму басқармасының «Қызылорда облысының тілдерді оқыту орталығы» КММ-і біршама  жұмыстар атқарып келеді. 2022 жылы «Тыңда! Түсін! Тіл үйрен!», 2023 жылы «Кинофильмдер арқылы қазақ тілін оқыту», 2024 жылы «Сөз және сөйлеу мәдениеті» атты оқу-әдістемелік құралдары қолдау тауып, республика деңгейінде таратылды. Орталық қызметкерлері А.Байтұрсынұлы атындағы дәстүрлі «Үздік оқытушы» республикалық байқауында топ жарып, жүлделі орындардың (бас жүлде, 1-орын) иегері атанып келеді. Мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінен курстар ұйымдастырылып, курс тыңдаушыларын түрлі мақсаттағы шараларға тарту жұмыстары үздіксіз жүргізіледі. Сондай-ақ, мемлекеттік тіл саясатын насихаттауға бағытталған «Жүзден жүйрік», «Полиготтар», «Этноquiz» интеллектуалды байқаулары мен «Тіл – қылыштан да өткір» жайдарманшылар сайысының мән-маңызы ерекше болып отыр. Орталықтың әлеуметтік желі парақшаларында 6000-ға жуық оқырманы бар. Осы ретте, «Трендтегі сленгтер», «Сөз орамдары», «Атадан жеткен сөз мұра», «Дұрыс аударып жүрсіз бе?» атты ақпараттық айдарлары желі оқырмандарының ұлттық мәдениеті мен танымын, тілдік сауаттылығын арттыруға арналған.

Ақпараттық кеңістікте мемлекеттік тілдегі сапалы контент көлемі ұлғаяды. Бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет порталдарында, телеарналар мен радиоэфирлерде қазақ тілінің үлесі артады. Сондай-ақ жасанды интеллектке негізделген «Айсана» виртуалды көмекшісі және KazLLM тілдік моделі енгізіледі. Бұл жобалар қазақ тілін жаңа технологиялық деңгейге көтеріп, оның заманауи қолданысын арттыруға жол ашады. Тұжырымдамада қазақ тілінің ұлттық корпусын толықтыру, терминологиялық қорды жаңарту және ғылыми айналымға енгізу міндеті де айқын белгіленген. Бұл – мемлекеттік тілдің ғылым мен техника тіліне айналуына ықпал ететін маңызды қадам.

Ұлттық бірегейліктің өзегі

Тіл саясаты – тек тіл мамандарының немесе мемлекеттік органдардың ісі емес, ол – бүкіл елдің, әр азаматтың ортақ міндеті. Тіл – ұлтты ұйыстыратын, елді бір мақсатқа жұмылдыратын күш. Тарихта өз тілін сақтаған халық қана өзінің болмысын, мәдениетін, дәстүрін жоғалтпай, келешекке нық қадам баса алған. Санасын сақпен, ғұмырын ғұнмен жалғаған исі қазақтың әрбірі ұлттық тілін тұғырлы етуге жауапты. Тал бесікте айтылар әлди әні, құлақ құрышын қандыратын әженің ертегісі, қиялыңа шабыт қосатын аңыз-жырлар ана тілі арқылы санаға сіңіп, зейін-зердеге орнықты. Халық қаһарманы Б.Момышұлы: «Ертексіз өскен бала – рухани мүгедек» деген болатын. Ұлтының болмысы мен тынысын айқындайтын ұлттық мұраны меңгермейінше ана тілінің қадіріне жетіп, киесін ұғынуы да екіталай.  Осы ретте, ел Президенті Қ.Тоқаевтың мемлекеттік тіл мәселесін күн тәртібінен түсірмей, өзекті етуі де ана тілінің өркендеп, кең құлаш сермеуіне үлесті болып отыр.

Мемлекеттік тілдің ғылым, білім, мәдениет және технология тіліне айналуы – Қазақстанның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Жасанды интеллект өзегі – тіл.  Бұл – жаһандану дәуірінде ұлттық бірегейлікті сақтау мен нығайтудың басты кепілі. Тілдің мәртебесін көтеру – ұлттық қауіпсіздіктің де маңызды бөлігі.

Мемлекеттік тіл саясаты – ұлттық бірегейлікті сақтаудың кепілі

Тіл – халықтың рухани қазынасы, елдіктің айнасы. Ғасырлар бойы ұрпаққа мұра болып келген тілдің тағдыры – елдің тағдыры. Бүгінде мемлекеттік саясаттың басты бағыттарының бірі – осы аманатты сақтау, дамыту және ұрпақ санасына сіңіру. Ғұламалардың өсиеті мен бүгінгі заман талабына сай жүргізіліп отырған тіл саясаты – қазақ тілінің болашағын баянды етіп, оны ұлттық бірегейліктің мызғымас іргетасына айналдырады. Халық пен тілдің біртұтастығы – мемлекеттің мәңгілігінің кепілі.

Қазақ тілінің қоғамдағы орны мен мәртебесін нығайту – ел бірлігін, ұлттық тұтастықты қамтамасыз етудің басты тетігі. Тіл саясатының тиімді жүзеге асуы – мемлекет дамуының, қоғам тұрақтылығының және ұлттық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі. Тіл – ұлттың рухани өзегі, өткен мен бүгінді, дәстүр мен жаңашылдықты сабақтастыратын алтын көпір. Сондықтан тіл саясаты тек тілдік нормаларды реттеу емес, сонымен қатар ұлттың болашағын айқындайтын стратегиялық бағыт болып табылады. Мемлекеттік тілдің қоғамның барлық саласында еркін қолданылуы ұлттық бірегейлікті күшейтіп, азаматтардың ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына мүмкіндік береді.

Қорытындылай келе, тіл саясатының табысты жүзеге асуы – Қазақстан халқының бірлігі мен тұрақтылығының басты кепілі. Тілді құрметтеу – елді құрметтеу, ал тілдің дамуы – ұлттың дамуының айғағы.

Қазиева Нүрбике Қазиқызы

Облыстық тілдерді оқыту орталығының

ғылыми-әдістемелік бөлімінің аға сарапшысы

Тағы да оқыңыз: