Kyzylorda-news.kz Темір жол вокзалына қарама қарсы шағын ғимарат бар. Шағын болғанмен оған кірсеңіз өткен ғасырға оралғандай боласыз. Мұндағы құнды жәдігер келушілерге тарих бетінен сыр шертіп тұрғандай. Бағзы заманнан қалған келі-келсап, диірмендер алыстағы ауылымды еске салады. Сыны кетпеген ескі бұйымдар сан мың жылдық тарихтың таңбасындай көзге жылы көрінеді. Бұл – облыстық тарихи-өлкетану музейінің филиалы – Ақмешіт музейі.
Ал бұл қасиетті орынның 100 жылдан аса тарихы барын біреу білсе, біреу біле бермейді. Бірнеше мәрте жөндеуден өткен музей филиалының іргетасы 1905 жылы қаланыпты. Әскери казарма ретінде салынған нысан 1917 жылы қайта қалпына келтірілген. Қос ғасырлық шежіресі бар алғаш ел астанасы болған Қызылордада бұл рухани орданың орны бір төбе. 2004 жылы Ақмешіт музейі ретінде ашылған мәдени орын сол уақыттан бері рухани шаңыраққа айналды. Бүгінде 2000-нан астам бай жәдігері бар музей қоры қазақ тарихындағы астаналар – Орынбор, Қызылорда, Алматы, Астана қалалары туралы айрықша маңызды мәліметпен бөліседі. Экспозициялық залдан «Ақмешіт-Перовск» қалаларының тарихы, Қызылорда ҚазССР-нің астанасы, ХХ ғасыр басындағы зиялы қауым өкілдерінің тұрмысы мен олар тұтынған небір бағалы бұйымды кездестіруге болады. Ауқымды 4 залды құрайтын музейдің біріншісінде Ақмешіт бекінісінің макеті қойылған. Онда саз балшыққа майда сабан араластыра салынған бекініс анық кескінделіпті. Әрбір бөлшегіне дейін аса мұқияттылықпен қарасаңыз, қамал қабырғаларында ұзын тісті қорғаныштар, бұрыштарында зеңбіректер орналастырылған мұнараны байқауға болады. Бекіністің өзен жағасындағы мұнарасына темірмен құрсауланған мықты қақпа орнатылыпты. Оның ішіндегі үш құдық, екі мешіт-медресе және балшықтан салынған үйлер де көзге бірден түседі. Дереккөздерге сүйенсек, әлгі екі мешіттің бірі – қазіргі қала орталығындағы – «Айтбай» мешіті деседі. Сол кездегі құрылысшылар саяси ахуалды ерекше ескерсе керек, орданың айналасы ормен қоршалып, суға толтырылыпты. Тарихшылар мұнда 400ге жуық қоқандық пен қазақтар тұрғандығын растайды. Қызығушылықпен қараған адамға кішкентай ғана макет ескі қала жайлы осыншама құнды деректі алға тартады.
Ал келесі бөлігінде Абай Құнанбаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров секілді ақын-жазушыларымыздың 90 жыл бұрын латын қарпінде жарық көрген шығармалары сақталған. Өз заманында еліміздің астанасы болған – Қызылордада латын қарпінде көне кітаптар жарық көрген. Солардың ішінде түпнұсқа еңбектер де кездеседі. Соның бірі – Ахмет Байтұрсыновтың 1926 жылы латын қарпінде шыққан «Әліп би» кітабын музей қызметкерлері көздің қарашығындай сақтап отырғандарын айтады. Парақтары сап-сары рең тартып, селдірей түскен дүние – бағалы байлық көзі екені даусыз. Қазақ АССР-і Орталық Атқару Комитетінің 1925 жылғы шешімімен астананы Орынбордан Ақмешітке көшіру туралы жарлықты өлке еңбекшілері қуанышпен қарсы алды. Шырайлы шаһардың оған лайық екеніне дәлел ретінде мұнда қазақтардың көп тұратындығы нақты айтылған. Бұл аймақтың болашағы үлкен үміт күттіретін суармалы егістіктің орталығы болуы да өз әсерін тигізбей қоймады. Сөйтіп астананы Ақмешітке көшіру үшін үш күн ішінде қызыл паровоз жөндеуден өтіп, Орынбордағы бүкіл зиялы қауымды жаңа астанаға көшіріп әкелді. Бір қызығы, қара түтіні будақтап келе жатқан тарихи паровоздың дәл осы сәттегі ерекше суреті де музейдің құнды жәдігерлер қорына енген. 1925 жылы кеңестің V республикалық съезі болып өткені деректерден белгілі. Осы жиында халқымыздың тарихи есімі қайта жаңғырған. Себебі бұған дейін ұлт атауы бұрмаланып, қазақтарды «қырғыз» атаған екен. Сол съезде бұдан былай ел астанасы Ақмешітті «Қызылорда» деп атауға қаулы қабылданған. Бұл жайлы құндылықтан музейдің келесі эскпонат залы сыр шертеді. Көнеден жеткен жез самаурын, құман, елеуіш, телефон аппараты, теміржолшылардың сөмкесі, қол шамдар, арнайы пітір-садақа беретін ыдыс, ағаш табақ, ақын-жазушы Асқар Тоқмағамбетовтің жазу машинкасымен қатар өзге де құнды жәдігерлер бар. Бұл құнды жәдігерлер сол кездегі орыс көпестерімен арадағы сауда-саттық қарым-қатынас кезінен сақталып қалған. Сонымен қатар, сонау XIX ғасырдың көзіндей болған қымбат дүниелер де бар. Көбіне келушілер 100 жылдың куәсіне айналған аталған дүниелерге ерекше қызығушылық танытатынын айтады музей қызметкерлері. Музейдегі соңғы зал ерекше мұралармен құнды. Төрде тұрған пианино еріксіз көзге түседі. Бұл аспап өткен ғасырда Германияда жасалған көрінеді. Ал оның бұл жерге қалай келгені беймәлім. Аспап басқышы піл сүйегімен қапталғандықтан дыбыс сапасы өз бабында тұр. Саусақ тисе, әндете жөнеледі. Оның оң жағына бір жарым ғасырлық тарихы бар үй жиһазы орналасыпты. Ағаштан жасалған бұйым бүгінгі заманауи дүниеден еш кем емес. 1901 жылы Францияда жасалған «Le Roi a Paris» қабырға сағаты әлі де кәдеге жарап, уақытты дәлме-дәл көрсетіп тұр.
