Kyzylorda-news.kz. Бұрнағы күні аудандық қоғамдық даму бөлімінің ұйымдастыруымен, «Еңбек даңқы» музейінде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын» еске алу күніне орай саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтарымен және нәубет жылдары Сыр өңіріне қоныс аударған этнос өкілдерінің ұрпақтарымен кездесу өткізілді. Іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев, аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Бейбіт Смайлов, «Қызылорда облысының мемле¬кет¬тік архиві» КММ-нің «Сырдария аудандық архиві» филиалының басшысы Жәнібек Сейлов, аудандық тарихи-өлке¬тану музейінің директоры Салтанат Қуандықова, саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша аудандық жұмысшы топ мүшелері, өзге этнос өкілдері, саяси қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары, БАҚ өкілдері мен жастар қатысты.
Іс-шарада аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы Динара Пазылбекова «Тарихтан тағылым-өткенге тағзым» атты кітап көрмесі таныстырды. Сонымен бірге аудандық мұражай экскурсоводы Айжан Жұмабекова аудандық тарихи өлкетану музейінің «Жаралы жылдар жаңғыры» тақырыбындағы тарихи-құжаттық көрмесін тізбектеп жиналғандарға айтып берді. Ал аудандық мәдениет үйі өнерпаздарының «Алаш арыстары» атты театрландырылған қойылымы ұсыныды.
Аталған іс-шара барысында сөз алған аудан әкімінің орынбасары Талғат Нұртазаев тарихи күннің маңыздылығына тоқталды.
– ХХ ғасырда бірнеше қайталана орын алған репрессия жылдары және батыр халқымыздың басым бөлігінің жаны қиылған ашаршылық жылдарындағы ауыр да азапты күндер қазақ халқының тарихында қалғаны ел есінде. Әрбір күндер желісінде ата-бабымыздың бастан өткерген қиындықтары тізбектеліп жатыр. Шын мәнінде, Алаш қайраткерлерінің күрескерлігі, жанқиярлық табандылығы келер ұрпаққа үлгі-өнеге. Сонымен бірге талай жылдар бойы қуғын-сүргінге ұшыраған азаматтарды ақтау жұмыстары жүргізілуде. Осы күні саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау бойынша аудандық жұмысшы топ мүшелері әрбір мәселенің тереңнен зерттеуде. Азаматтарымызды ақтауға күш салуда. Сол жылдары өзге ұлт өкілдері ауданымызға қоныс аударды, – деді аудан әкімінің орынбасары.
Мұнан соң, саяси қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы Айту Байдосов, Ссыр еліне қоныс аударған Кан Мила, аудандық жұмысшы топ мүшесі, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, өлкетанушы Жәнібек Маханбетов халқымыздың басына түскен нәубет-зобалаң халық жадынан ешқашан өшпейтіндігін, өткен тарихымызды ұмытпай, біздің болашағымыз үшін күрескен ата-баба рухына тағзым ету парызымыз екендігін айтып өтті.
– Сол күндер, зұлматты жылдар қаншама жанның өмірін қиды. Біз аудандық жұмысшы топ мүшелері әрбір азаматтың өмірін мұқият зерделеуге көңіл бөлдік. Ұлт тарихында ойып тұрып орын алатын «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» өз мән-мағынасын жоғалтпауы тиіс. Осы күні біздер өткен тарихымызға шолу жасап, Алаш қайраткерлерін еске аламыз. Олардың жазған еңбектеріне зер салсақ, сол күннің өзінде қазақты сауаттандыруға, ұлттық идеологияны жаңғырутуға күш салғандығын байқаймыз, – деді Жәнібек Маханбетов.
Қаншама зобалаң жылдарды бастан кешкен қазағымның әрқайсысының айтқан зары, кешкен мұңы, жүріп өткен тар жолдары – бәрі-бәрі бүгінгі ұрпақтың құлағында, жүрегінде, мәңгі есінде! Ел тағдыры жолында жаны қиылған азаматтардың рухына тағзым ету, олардың еңбектері үшін алғыс білдіру тәуелсіз елдің кез-келген тұрғынының парызы!
Аудан көлемінде «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні» кеңінен аталып өтілді. Мәселен, аудандық мәдениет үйінде 31 мамыр – Саяси қуғын сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алуға арналған «Ызғарлы жылдар жаңғырығы...» атты еске алу іс-шарасы өткізілді.
Танымдық іс-шара барысында жазықсыз жапа шеккен, елдің болашағы, ұрпақтың бақыты үшін күрескен асыл азаматтарды көпшілік бір минут үнсіздікпен еске алды. Сонымен қатар аудан өнерпаздары патриоттық әндер шырқады. Аудан жұртшылығы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алды.