Kyzylorda-news.kz. Аудан әкімі Берік Сәрменбаев 18 мамыр – халықаралық музейлер күні мерекесіне орай музей саласының майталмандарын қабылдады. Аудан әкімдігінде өткен мерекелік іс-шараға мәдениет саласының ардагерлері, тиісті бөлім, мекеме басшылары және аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұжымы қатысты.
Аудан басшысы өңірдің рухани-мәдени дамуы мен тарихын қалыптастыруда музейдің алатын орны ерекше екенін айтты.
– Музей – бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін жинақы түрде ұрпақтан ұрпаққа жалғайтын бірден-бір институт. Халқымыздың сан ғасырлардан тамыр тартатын өткені мен бүгінін, жылдар қойнауындағы құндылығы мен тарихын халық арасына, кейінгі ұрпаққа жеткізуде музей қызметінің маңызы зор. Елдің тарихын, мәдениетін және өркениетін айғақтауда маңызды рөл атқаратын музейді тәрбиелік орын десек те болады. Сондықтан да бұл сала қоғам өмірінде ерекше орынға ие, жұртшылыққа ашық болуы керек. Материалдық және рухани мәдениеттің ескерткіштерін жинауда және сақтауда мұражайлар аса зор ғылыми-ағартушылық және біліми-тәрбиелік жұмыстарды жүргізеді. Еліміз егемендік алып, ұлттық мұражай ісі тың талаптар мен жаңа мазмұнға ие болуда. Ауданның қоғамдық-саяси, рухани-мәдени дамуында сіздердің алатын орындарыңыз ерекше. Түптеп келгенде, ұлтымыздың баға жетпес мәдени мұрасын, ұлы тұлғалардың естен кетпес естеліктерін сақтау және көпшілікке таныту – бәріміздің ортақ міндетіміз, – деді аудан әкімі.
Мерекелік қабылдауда сала ардагерлері Алмагүл Бақтиярова, Жәнібек Маханбет, Алмагүл Сақыбекова, Әлия Түлкібаева, Балымкүл Абдрахманова, Нұрмағанбет Қуандықов, Жұмабай Байзақұлы аудан әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Ардагерлер сөз сөйлеп, аудандық музейде еңбек еткен қызметтік жылдары мен атқарылған жұмыстар туралы естеліктерімен бөлісті. Кәсіби мерекеде құрмет көрсеткен аудан басшысына ризашылығын білдіріп, жұмысына сәттілік тіледі.