Kyzylorda-news.kz. Кеше Сырдария ауданының әкімі Берік Сәрменбаев Аналар күніне орай еңбек ардагерлері, ақ жаулықты аналардың үйлеріне арнайы барып мерекемен құттықтады. Аудан басшысымен аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұса Келдібаев және аудандық әйелдер кеңесінің төрайымы Ұлмекен Жанәлиева бірге барып, өздерінің жүрекжарды лебіздерін білдіріп, мерекелік құттықтауларын жеткізді.
Аудан әкімі алдымен Тереңөзек кентінің тұрғыны, сауда саласының ардагері, ардақты ана 88 жастағы Ағайша Мырзахметованы құттықтап барды. Биылдан бастап Аналар күні тойланып жатқанымен, ардақты жандарға әр уақытта құрмет көрсетілетінін айтқан аудан әкімі Берік Әбдіғаппарұлы мерекелік «Құттықтауын» табыс етіп, сый-құрмет көрсетті.
Мұнан соң аудан басшысы тереңөзектік еңбек ардагері, ақ жаулықты ана Қарақас Оспанованы да арнайы құттықтап барды. Сырдария ауданының дамуына еңбегі сіңген ананың өнегелі өмірі өскелең ұрпаққа үлгі екенін атап өтті.
Сый-құрметке бөленген ақ жаулықты ана Ағайша Мырзахметова мен Қарақас Оспанова өз ризашылықтарын білдіріп, ақ баталарын беріп, барша нәзік жандыларды Аналар күнімен құттықтады.