Kyzylorda-news.kz  Сырдария ауданы – Қызылорда облысындағы тарихи маңызы зор, әлеуметтік-экономикалық әлеуеті жоғары, бүгінде даму мен жаңғырудың жаңа кезеңіне нық қадам басқан өңірлердің бірі. Биыл ауданның құрылғанына 97 жыл толып отыр. Бұл – бір ғасырға жуық уақыт ішінде талай тарихи кезеңдерді бастан өткерген, елдік пен еңбектің, бірлік пен берекенің символына айналған өлке үшін ерекше белес.

Ауданның бүгінгі даму қарқыны Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асып жатқан саяси және экономикалық реформалармен тығыз байланысты. Соның айқын дәлелі – Сырдария ауданында алғаш рет аудан әкімін халықтың тікелей сайлауы арқылы таңдау мүмкіндігінің берілуі. Бұған дейін аудан басшысы жоғарыдан тағайындалып келген болса, енді ел тағдырына бейжай қарамайтын тұрғындар өз таңдауын жасайтын болады. Бұл – демократиялық қоғам құру жолындағы маңызды әрі тарихи қадам.

Аталған саяси маңызы зор науқан 5 қараша күні өтеді. Осыған орай, Сырдария ауданының қазіргі даму деңгейі, қол жеткізген жетістіктері, әлеуметтік-экономикалық ахуалы мен алдағы жоспарларына кеңінен тоқталу маңызды.

Тарих пен тағылым тоғысқан қасиетті мекен

Сырдария ауданы – талай талантты тұлғаларға алтын бесік болған, қазақ руханияты мен мәдениетіне өлшеусіз үлес қосқан киелі өңір. Бұл өлкеден ел мақтанышына айналған ақиық ақын Асқар Тоқмағамбетов, қазақ сатирасының көшбасшысы Қалтай Мұхамеджанов, театр өнерінің аңыз тұлғасы Сәбира Майқанова, жазушы-драматург Әбдірәш Жәмішев сынды біртуар азаматтар шыққан. Осындай дара тұлғалардың өнегелі жолы – бүгінгі ұрпақ үшін үлкен тәрбие мектебі.

Аудан халқы қашанда бірлік пен ынтымақты ту еткен. Соңғы он жыл ішінде Сырдария ауданы облыс көлемінде үш рет «Үздік аудан», екі рет «Озат аудан» атағын иеленуі – осы ауызбіршіліктің, жүйелі жұмыстың және нәтижелі басқарудың айқын көрінісі. Бұл жетістіктер аудан тұрғындарының ортақ еңбегі мен жауапкершілігінің жемісі екені сөзсіз.

Экономикалық даму: нақты сандар, тұрақты өсім

Бүгінде Сырдария ауданында мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде ауқымды жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Облыс әкімдігінің қолдауы мен аудан басшылығының үйлесімді жұмысының нәтижесінде экономиканың барлық саласында оң динамика қалыптасты.

Мәселен, жыл басында аудан бюджеті 10 млрд. теңгені құраса, бүгінде 13,2 млрд. теңгеге жетті.

2025 жылдың 11 айында барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштер бойынша нәтижелі жұмыстар атқарылды.

Ауданның өнеркәсіп орындары 93,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 73,6 пайызға ұлғайды. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі 13,1 млрд. теңгені құрады.

Ауыл, орман және балық шаруашылығының жалпы өнім көлемі 25,7 млрд. теңгеге жетті (2024 жылдың 11 айы – 24,1 млрд. теңге).

2024 жылдың 11 айында аудан экономикасына 75 млрд. теңге негізгі капиталға инвестиция тартылса, биыл бұл көрсеткіш 83,3 млрд. теңгені құрады.

Есепті мерзімде 25,8 мың шаршы метрді құрайтын тұрғын үй салынып, құрылыс жұмыстарының көлемі 22,8 млрд. теңгені құрап, 17,9 пайызға артық орындалды.

Ауыл шаруашылығы – аудан экономикасының негізгі тірегі

Сырдария ауданы дәстүрлі түрде ауыл шаруашылығына бейім өңір саналады. Биыл ауданда 33 145 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылды. Оның ішінде, негізгі дақыл – күріш 19 950 гектарға егіліп, әр гектарынан 61 центнерден өнім алынып, 121 695 тоннаға жуық астық жиналды (2024 жылы – 117 732 тонна).

Осындай жоғары нәтижелердің арқасында Сырдария ауданы облыс көлемінде «Егін шаруашылығы бойынша озат аудан» атағына ие болды. Сонымен қатар заманауи лазерлік жер тегістеу технологиялары енгізіліп, су үнемдеу мен өнімділікті арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасуда.

Биыл шаруашылық құрылымдары заманауи лазерлік жер тегістегіш техникасымен 3500 гектар жерге тегістеу жұмыстарын жүргізді (2024 жылы – 3340 гектар). Нәтижесінде, тегістеу жұмыстары 70 пайызға жетті.

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асып жатқан «Ауыл аманаты» жобасымен соңғы 3 жылда ауданда 1,4 млрд. теңгеге 445 жоба әзірленді. Оның ішінде, 370 млн. теңгенің 56 жобасы қаржыландырылып, кәсіпкерлерге қолдау көрсету тұрақты назарда.

Жыл басынан бері аудан кәсіпкерлеріне мемлекеттік бағдарламалар аясында 189 жобаға 5,4 млрд. теңгеге қаржылай қолдау көрсетілді.

Мемлекет басшысы ең алдымен халыққа қажетті инфрақұрылымдық жұмыстарды атқаруды тапсырды. Осы ретте, биыл жыл бойына ауданда жол,құрылыс және коммуналдық салабойынша қарқынды жұмыстар жүргізілді.

Инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік сала

Аудан тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыру мақсатында жол, газ, электр, ауыз су, тұрғын үй салаларында ауқымды жобалар іске асырылды. Бүгінде аудан халқы 100 пайыз орталықтандырылған ауыз сумен қамтамасыз етілген.

Көркейту-көгалдандыру, санитарлық тазалық жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Себебі ауданның тазалығын қалыптастыру мен сақтау – ортақ міндет. Әрине кейбір тұрғындардың немқұрайлығын есепке алмағанда билік те, халық та бұл бағытта үйлесімді жұмыс жүргізуде. Апта сайын ұйымдастырылып жатқан сенбіліктер мен тазалық акциялары алдағы уақытта да жалғасатын болады.

Көршілес облыстармен салыстырғанда соңғы жылдары Сыр өңірінде аудан орталықтары мен ауылдарды газдандыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Аудан аумағындағы Тереңөзек кенті және Қалжан ахун, С.Сейфуллин, А.Тоқмағамбетов елді мекендері табиғи газбен қамтамасыз етіліп, ел игілігін көруде.

2025 жылы газдандыру жобаларын жүзеге асыруға 2,1 млрд. теңге қаржы бөлініп (РБ – 1,9 млрд. тг., ОБ – 200,0 млн. тг, ЖБ – 39,5 млн. тг), Н.Ілиясов, Шаған ауылдары табиғи газға қосылды.

Жоба құны 1,8 млрд. теңгені құрайтын Ақжарма елді мекенін газдандыруға биылға республикалық бюджеттен 840,8 млн. теңге қаржы бөлініп, бүгінде газ құбырларын тарту жұмыстары жүргізілуде.

Ауданда электр желілерін тозу деңгейін 68 пайызға дейін түсіру жоспарланып, бұл бағытта соңғы 3 жылда Айдарлы, Жетікөл, Аманкелді, Қоғалыкөл және Шаған ауылдарын электр желілерімен қайта жабдықтау жұмыстары толық аяқталды.

«Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында жоба құны 490,5 млн. теңгеге Қалжан ахун елді мекенін электрмен жабдықтау жұмыстары жүргізілуде. Нәтижесінде, тозу деңгейі 62 пайызға төмендейтін болады.

Биыл аудан бойынша жол саласына қатысты 7 жобаға 982,3 млн. теңге қаржы бөлініп, аудандық маңызы бар «Қызылорда-Аэрапорт-Қоғалыкөл-Шіркейлі» автожолының қалған 10,2 шақырымы және Шіркейлі, Шаған, С.Сейфуллин елді мекендерінде 13 көше жөндеуден өтті.

Халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерге байланысты аудандық бюджеттен 136,6 млн. теңге қаржы бөлініп,17 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде.

Аудан тұрғындары орталықтандырылған ауыз сумен 100 пайыз қамтамасыз етілген.

2023-2025 жылдары құрылыс салсында 9,3 млрд. теңгеге 22 жоба (5 әлеуметтік нысан, 222 тұрғын үй, 16 инженерлік инфрақұрылымдар) жүзеге асырылды.

Қаржыландырудың барлық көздерінен 78 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 3 млрд. теңгеге 222 пәтер табысталды.

Биыл 186,5 млн. теңгеге Н.Ілиясов ауылында жаңа қоныстану аймағына инженерлік-инфрақұрылымдық жұмыстар жүргізілуде.

Аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кентінде облыстық бюджеттен бөлінген 475,5 млн. теңгеге сұрыптау кешені бар қатты тұрмыстық қалдықтар полигоны іске қосылды.

1,5 млрд. теңгеге «Руханият орталығы» пайдалануға беріліп, бүгінде аға буын мен жастардың рухани орталығына айналды.

Білім саласында құны 293 млн. теңгеге Н.Ілиясов ауылындағы №132 орта мектебі және С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектеп күрделі жөндеуден өтті.

Сондай-ақ, денсаулық сақтау саласында құны 103 млн. теңгеге Аманкелді ауылындағы дәрігерлік амбулатория, 329 млн. теңгеге Шаған елді мекеніндегі дәрігерлік амбулатория күрделі жөндеуден өткізілсе, аудан орталығында құны 150 млн. теңгеге паллиативтік медициналық көмек көрсету бөлімшесі ашылды.

Бесарық ауылында жаңа спорт кешені пайдалануға берілді.

Қазіргі таңда аймақ басшысының қолдауымен Тереңөзек кентіндегі заманауи талаптарға сай келетін темір жол вокзалының ғимараты жаңадан салынуда.

Ауданды абаттандыру жұмыстары бюджет көздерінен және бюджеттен тыс демеушілік арқылы қарқынды жүргізілуде.

Тереңөзек кентінде ұзындығы 20 шақырымды құрайтын 13 көшеге жаяу жүргіншілер жолы салынуда (Д.Қонаев, Жеңістің 50 жылдығы, Р.Алшынбаев, Ж.Құттыбаев, Қазақ, Ғ.Мұратбаев, О.Абдулпаттаев, Ә.Тәжібаев, Қ.Бөдеев, Д.Керейтбаев, О.Мәлібаев, Н.Ілиясов, Д.Қонаев тұйығы).

Жалпы құны 350 млн. теңгеге 8 елді мекенде ойын алаңдары салынса, Бесарық пен Н.Ілиясов ауылының кіре берістері түнгі жарықпен қамтылды, Іңкәрдария мен Сәкен Сейфуллин ауылында орталық алаң абаттандырылды.

Жыл басынан бері жұмыспен қамту бойынша жастар практикасына, әлеуметтік жұмыс орындарына, қоғамдық жұмысқа 810 адам тартылды.

Мәдениет саласына да ерекше басымдық берілуде. Биыл қоғамдық маңызы бар мәдени іс-шараларға және қажетті материалдық-техникалық базаны нығайтуға аудандық бюджеттен 55 млн. теңге қаржы бөлінді.

Алдағы жылы осы бағыттағы жұмыстар жалғасын табады. Келер жылы 700 млн. теңгеге Қоғалыкөл (300 млн. теңге) мен Шіркейлі ауылын (400 млн. теңге) газдандыру жұмыстары басталатын болса, Ақжарма ауылы табиғи газға қосылатын болады.

Сондай-ақ, Тереңөзек кентіндегі А.Иманов көшесіндегі көпқабатты тұрғын үй аулаларын абаттандыру, Қалжан ахун ауылындағы электр желілерін жаңғырту жұмыстары аяқталады.

Жалпы құны 527 млн. теңгеге Тереңөзек кентінде 7 көше, Шаған ауылында 5 көше күрделі жөндеуден өткізіледі.

Алдағы жылы халықпен кездесулерде көтерілген мәселелерді бюджеттің мүмкіндігіне қарай кезең-кезеңімен атқарылатын болады.

Аймақ басшысының қолдауымен ауданда «Қызылорда крахмал-сірне зауыты» серіктестігінің «Жүгері дақылын терең өңдеу зауытын салу» жұмыстары басталуда. Жоба құны 40 млрд. теңгені құрайды.

2023–2025 жылдар аралығында:

22 жоба жүзеге асырылып,

78 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді,

Тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтарға 222 пәтер табысталды.

Білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт салаларында да ірі нысандар пайдалануға беріліп, күрделі жөндеуден өтті.

Алдағы даму жоспарлары

Алдағы жылдары Сырдария ауданында газдандыру, жол жөндеу, электр желілерін жаңғырту, абаттандыру және ірі инвестициялық жобалар жалғасады. Атап айтқанда, 40 млрд теңге көлеміндегі жүгеріні терең өңдеу зауытының құрылысы басталмақ. Бұл жоба аудан экономикасын әртараптандырып, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Тағы да оқыңыз: