Kyzylorda-news.kz. Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, жырау Ұлжан Байбосынова мен Сыр бойы жыршы-жырауларының «Жыр күмбез» атты жыр жәрмеңкесі өтті.

Жыр жәрмеңкесі Қорқыт ата жайлы бейне көрініспен басталып, қоңыр қобыз сарыны жер-дүниені толқытып өтті. Абыз бабаның «Өткен күн, Кеше, - тарих Келер күн, Ертең, - сыр, Ал, бүгінгі күн – үлкен сый» деген нақылы намаздан тұрған батагөйдің болмысын елестетті. Қобыз үніне еліткен бала Базар «Топқа түстім толғанып» термесін орындады. Алмас Алматов Базар жыраудың «Өсиетімен» өрнектесе, Іле Айдос Рахметов арнау орындады. Арасында «Ақмешіт» фольклорлық ансамблі ерекше күй қосып, тұтас тарихты, өнер өлшемін өсіре түсті.

Уақыт көшінде жалғасы үзілмей, күні бүгінге дейін жеткен жыраулық өнердің негізгі мұрагерлері бірінен соң бірі іліп әкетіп, Сыр бойының саңлақ өнерін көрерменге сыйлады. Нұртуған, Нұрмағамбет, Жаңаберген, Жаппарбері, Дәріғүл, Еңсепбай, Көпжасар, Құлжан, Смағұл, Әбілхан, Кәрібоз, Жәмет, Сәрсенбай Бөртебайұлының, Жиенбай жыраудың, Оңғар жырау,Тұрмағамбет , Шораяқтың Омары, Кете Жүсіп, Ешнияз сал, Нартай, қысқасы барлық жырау мен жыршының есімі жаңғырып жатты. LED экраннан тарихи бейнесюжеттер ұсынылды. Осы шараға қатысқан аймақтағы барша жырау мен жыршы қауымы жыр жәрменкесінің түңлігін көтерумен қатар өнердің өміршең ізінен өнегелі тарту жасады.

Сахна шеберлеріне облыс әкімінің ықылас гүлі ұсынылып, шараны облыс әкімінің орынбасары Нұрымбет Сақтағанов қорытындылады.

«1925 жылы қазақ өнерін Парижде паш еткен Әміреден соң араға алпыс жыл салып Алмас Алматов эпостық өнерді Еуропада әуелеткенін әлем білді. Жыр - халықтың жүрегін тербеткен ұлы өнер. Бүгін Алмас Алматов пен Бидас Рүстембековтың шәкірттері сол киелі өнерді кемеліне келтіре жаңғыртты», - деді Нұрымбет Сақтағанов.

Керемет кеш және көтеріңкі көңіл-күй бір-бірімен үйлесіп, көрерменді рухани серпілтті.
 

318799714_3271215979798553_2900229072425267430_n.jpg

316819372_3271216293131855_7468383562131445514_n.jpg

Тағы да оқыңыз: