Kyzylorda-news.kz. Заман ағымына қарай әлемде түрлі өркениеттер ауысып, кейбірі тіршілігін тоқтатса, кейбірі өзгерістерге төтеп беріп қайта түлеп жатқандығы тарихтан мәлім. Солардың арасында, осы құбылмалы әлемде ұлт болып, сан ғасырдан бері тамырымызды үзбей, біз де елдігімізді сақтап келеміз. Жан-жағын қармап, өз ықпалында ұстаған отаршылдардың батырған тырнағынан да сытылып шығып, дербес мемлекет ретінде өз тәуелсіздігімізге қол жеткіздік. Міне, содан бері еліміз 30 жылдан аса уақыт ғұмырды артқа тастап отыр.
1991 жылдың 16 желтоқсанында ел тәуелсіздігін жариялағаннан бастап, Қазақстан Республикасының түкпір-түкпірінде өзгерістер орын алды.
Ол өзгерістер қазіргі Тасарық ауылдық округіне де әсер етпей қоймады.
Тасарық ауылы алғаш КСРО-ның уақытында 1966 жылы Бөзкөл совхозына қарасты №1 ферма ретінде құрылды. 1991 жылы Тәуелсіздік алғаннан кейін де ферма өз жұмысын жалғастырып тұрды. Ферманы әр жылдары елге еңбегі сіңген әртүрлі азаматтар басқарып келді. Ақыры, 1997 жылы тоқырауға байланысты, кезінде 33 000 басқа дейін қой өсірген ферма тарап, оның орнына Бөзкол ауылдық округіне қарасты "Тасарық" шаруа қожалығы ашылды. Қожалық 2002 жылы жұмысын тоқтатып, 2005 жылы Тасарық Бөзкөл ауылдық округінен Лақалы, Тасөткел елдімекендерімен бірге бөлініп, өз алдына Тасарық ауылдық округі болып құрылды. Орталығы Тасарық ауылы.
Инновация, байланыс, ақпарат жағынан да кенде емес ауылда 2005 жылы округ болып құрылған жылдан бастап, аумақта жылдам өзгерістер белең алды. Алғашқы жылдағы ең басты қуанышты жаңалық Тасарық, Лақалы, Тасөткел ауылдарына электр жарығының келуі болды. 1995 жылы тоқырау жылдарында округ құрамындағы елді мекендерде электр жарығы ажырап, 10 жылға жуық тұрғындар білтелі май шаммен отырған еді. Жарықтың келуімен округтің тыныс-тіршілігі мүлдем басқа бағытқа ауысты. 2006-2007 жылдары екі ауылға (Тасарық, Лақалы) "Қазақстан" және "Хабар" телерналарын тарататын мұнаралар орнатылып халық игілігіне берілді. Теледидардың арқасында соңғы жаңалықтардан хабардар болып, ақпарат алмасу жеделдетілді. Ауыл тұрғындары тұрмыстық техникалар (тоңазытқыш, кір жуғыш машина, нан пісіру пештері т.б.) сатып алып, тіршілігін жеңілдетті. Дүкендердегі сақталуы қиын азық-түліктің жаңа түрлері көбейіп, жаңа дүкендердің ашылуына да септігін тигізді.
2008 жылы округке "Қазақтелеком" акционерлік қоғамының Қазалы аудандық бөлімшесі тарапынан радиотолқынды, сымсыз үй телефоны орнатылып, тұрғындарға алыс-жақын елді-мекендермен, тіпті, еліміздің кез келген қалаларымен байланыс орнату мүмкіндігі туды. 2010 жылдары ауыл Ұлттық "Отау ТВ" спутникті арналарына қосылып, бұрын екі арна болса, енді бірнеше ондаған телеарналарды тамашалап, қалаған бағдарламаларын көруге қол жеткізді. Қазіргі таңда округ бойынша 111 отбасы спутникті арналарды тамашалауда. Округтің инновациялық тұрғыда қарқындап дамуы мұнымен тоқтамай 2013-2014 жылдары жоғарыда аталған "Қазақтелеком" акционерлік қоғам Қазалы аудандық бөлімшесі ауыл халқын сымсыз интернетпен қамтамасыз етіп, әр үйге Wi-fi (уай-фай) қондырғыларын орнатты. Оқушылар, мұғалімдер жұмыстары мен сабақтарына қатысты мәліметтерді ендігі интернет ресурстарынан іздей алатын дәрежеге жетті. 2015-2016 жылдары округ орталығы Тасарық ауылына "Билайн" ұялы байланыс желісін тарату антеннасы орнатылып, Тасарықпен қатар Тасөткел, Лақалы ауылдары да игілігін қатар көрді. Ауыл халқы мобилдьді интернет жүйесін пайдалануға мүмкіндік.
2019 жылы округ орталығы Тасарық ауылына талшықты интернет жүргізіліп, онымен әлеуметтік маңызды нысандар Тасарық ауылдық округі әкімі аппараты, №238 орта мектеп және амбулаториялық пункті қамтылды. 2022-2023 жылдарға талшықты интернет желісін округтегі үш елді мекеннің әрбір үйіне қосу жоспарлануда.
2020 жылдың соңында "Цифрлық Қазақстан" мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Лақалы елді мекенінде "Актив" ұялы байланыс желісі орнатылып, қазіргі таңда, Лақалы халқы ауылдың кез-келген жерінде 3G мобильді интернтті пайдаланып, еш кедергісіз байланыс жасай алатын дәрежеге жетті.
Аудандық «Казпочта» байланыс торабына қарасты ауылдық почта бөлімшесі тұрғындарға газет-журналдарды уақытылы таратумен қатар, зейнеткерлер мен мүгедектердің және көп балалы аналардың зейнетақылары мен жәрдемақыларын дер кезінде мекен жайларына апаруда.
Ауыл демографиясы жақсаруда. Ауылдық округ бойынша – 864 халық, 167 отбасы тұрады. Оның ішінде, экономикалық белсенді халық саны – 381, зейнеткерлер саны – 56, тылда жұмыс жасағандар – 3, батыр аналар – 15, көп балалы аналар – 54, мектеп жасындағы балалар – 197, мектепке дейінгі балалар саны – 114 және әртүрлі топтағы мүгедектер саны – 21 адам болып тұр.
Әлеуметтік маңызды нысандар құрылысы қарқынды. 2010 жылы Республикалық бюджеттен қаржы бөлініп, Тасарық ауылына – 100 орындықты, жаңа екі қабатты мектеп салынып, 2011 жылы 11 сыныптық №238 орта мектеп сонда көшірілді. Қазіргі таңда №238 мектепте – 106 оқушы білім алуда. Лақалы ауылында 2016 жылы Республикалық бюджет есебінен заманауи үлгідегі екі қабатты 100 орындықты мектептің іргетасы қаланып, 2017 жаңа оқу жылында Қазақстан Республикасының білім және ғылым министрі А.Сағадиевтің қатысуымен ашылу салтанаты өтіп, министрдің өз қолымен лентасы қиылды. Аталған жаңа нысан Лақалы ауылындағы 11 сыныптық №93 орта мектепке пайдалануға берілді. Қазіргі таңда №93 орта мектепте – 78 оқушы білім алуда.
Жаңа мектептермен қатар жаңа жұмыс орындары ашылып, округтегі жұмыссыздардың саны азайды. Мектептердің ашылған жылдарынан бастап, олардың жанынан мектепке дейнгі балаларды тәрбиелейтін шағын орталықтар құрылды. Қазіргі таңда, Тасарық ауылындағы №238 орта мектептің жанында "Қуаныш", Лақалы ауылындағы №93 орта мектептің жанындағы "Айжұлдыз" шағын орталықтары мектеп жасына дейінгі бөбектерді тәрбиелеуде.
Тасөткел аулында, қазіргі таңда №238 мектепке қарасты 4 сыныптық бастауыш мектебі жұмыс істеп, онда 5 оқушы білім алуда.
2010 жылы Тасарық және Лақалы ауылдарына Республикалық бюджет есебінен, 10 адамнан қабылдайтын заманауи, жаңадан медициналық бекеттер салынды. Денсаулық сақтау бекеттері қажетті құрал-жабдықтарымен жабдықталып, 2 фельдшер, 1 мейіркеш қызмет жасауда. "COVID-19" вирустық індетіне қарсы санитарлық талаптар мен күтіну жөнінде халыққа түсіндірме, басқа да түрлі ауруларға қарсы егу жұмыстарын уақытылы жүргізіп келеді.
Тасөткел елді мекеніне медициналық бекет салу ісі жоспарланып, қазіргі таңда жер телімдерін бөлу қарастырылуда.
2009-2010 жылдары округтегі үш елді мекенге "Арал-Сарбұлақ" топтық су құбыры арқылы ауыз су кіргізіліп, әр елді мекенге насос станциялары орнатылды. Барлық үйлер мен әлеуметтік нысандарға сервистік жүйемен су кіргізілген. Қазіргі таңда, 167 отбасы мен 7 әлеуметтік нысан ауыз су пайдаланып отыр.
2013 жылы Тасарық және Лақалы ауылдарына футбол, волейбол ойнайтын шағын спорт алаңдары ашылып, ауылдағы жеткіншектер мен жастар қалағанынша пайдалануда.
2022 жылдың наурыз айындағы Тасарық халқы қуанышты жаңалық, демеушілер есебінен ауыл орталығына Мешіт Үиі пайдалануға берілді.
Кәсіпкерлік. Округ аудан орталығынан шалғайда орналасса да, жан-жақты сабақтастығы үзілмей, экономикалық тұрғыда алға қарыштауда. Соның бір көрінісі ауылдағы кәсіпкерлік саланың өсуі. 2005 жылы Тасарық алғаш округ болып құрылған жылдары ешқандай кәсіпкерлік субъектілері тіркелмеген еді. Қазіргі таңда, округ бойынша әртүлі қызметпен айналсатын – 38 жеке кәсіпкерлік және 9 шаруа қожалығы, барлығы – 39 кәсіпкерлік субъектілері халыққа және өз-өзіне қызмет көрсетуде. Шаруа қожалықтарының 8-і ("Мақсатбай", "Жасұлан", "Бекқожа", "Рысбаева Манат", "Жақсы Несібе", "Сарым", «Сема», «Таласбай» шару қожалықтары) мал басын көбейтумен айналысса, 1 қожалық ("Жанқылыш" шаруа қожалығы) тоған ашып балық өсіріп, оны өңдеумен айналысады.
Жеке кәсіпкерлердің ішінен: 3 кәсіпкер жолаушылар тасымалдаумен, 7 кәсіпкер азық-түлік сатумен, 2 кәсіпкер балық аулау ісімен айналысса қалған 35 кәсіпкер мал өсірумен айналысады.
Кәсіпкерлердің көбісі мемлекет қабылдаған бағдарламардың арқасында кәсіптерін дөңгелетіп отыр. 2023 жылы екі азамат «Өңірлік инновациялық орталық» арқылы 8,0 миллион, екі азамат КС «Ауыл» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі арқылы 29,9 миллион несиеге қол жеткізіп, кәсіптерін дөңгелетуде. 2023 жылдың алты айында 14 кәсіпкерлік субьектісі жаңадан тіркелді.
Мал шаруашылығына орай айтар болсақ, округ бойынша – 1 561 бас мүйізді ірі қара, 2850 бас уақ мал, 1357 бас жылқы малы, 8 бас түйе, 100 бас құс бар. Барлық мал басы бірдейлендіріліп, базаға енгізіліп, сырғаланды.
Оның ішінде, 64 бас мүйізді ірі қара, 40 бас уақ мал, 32 бас жылқы «Мақсатбаев» шаруа қожалығының, 35 бас мүйізді ірі қара, 28 бас жылқы «Бекқожа» шаруа қожалығының, 104 бас мүйізді ірі қара, 64 бас жылқы «Жасұлан» шаруа қожалығының, 10 бас жылқы "Сарым" шаруа қожалығының үлесінде.
2022 жылға Тасарық ауылдық округі бойынша ветеринариялық іс-шаралар жоспары жасалып, жоспар бойынша жұмыстар жүргізіліп келеді. Атап айтқанда, халық иелігіндегі барлық мал басы бірдейлендіріліп компьютерлік базаға енгізілген. Төлдер толық сырғаланып, жұқпалы індеттерге қарсы егу жұмыстары жүргізілді.
Мәдениет те де ілгерілеушілік байқалады. Округ бойынша екі ауылдық клуб халыққа мәдени тұрғыда өз қызметтерін көрсетуде. Оның бірі – Тасарық ауылында болса, бірі – Лақалы ауылында орналасқан. Тасарық ауылдық клубының 1988 жылы ірге тасы қаланып, 1989 жылы пайдалануға берілген. Ағымдағы жөндеу жұмыстарының арқасында ғимараттың келбеті сыр бермеген.
Лақалы ауылдық клубы ғимараты 1954 жылы ауыл тұрғындарының «Асар» әдісімен алғашқыда балықшылар жиын өткізетін ғимарат есебінде салынды. Кейіннен ауылдағы өнерпаз жастардың жиналатын орнына айналып, клуб есебінде пайдаланылды. 2006 жылы ескі ғимарат бұзылып, «Асар» әдісімен «Жаңару» селолық тұтыну кооперативі (СТК) әкімшілік үйі болып қайта салынып, клуб қызметкерлері осы ғимаратта жұмысын жалғастырып келеді. Осы ретте, аталған кәсіпорынға өз алдына заманауй жабдықталған ауылдық клуб Үйін салдырту қажттелігі туындап отыр. Алдағы уақытта, қаржы мәселесі шешілген жағдайда жаңадан ғимарат салу мәселесі қолға алынатын болады.
Аталған кедергілерге қарамастан, ауылдық мәдениет ошақтарында, Мемлекет Басшысы Қ.К.Тоқаевтың қабылдаған тұжырымдамаларын негізге ала отырып, еліміздің ұлттық салт – дәстүрі мен өнерін кеңінен насихаттау мақсатында осы күнге дейін ауқымды көпшілік мәдени іс-шаралар мен түрлі бағытта байқаулар ұйымдастырылып келеді.
Округке қарасты Лақалы ауылы бүгінгі таңда өнер ордасы аталып жүр. Себебі, мұндағы білім беру және мәдениет ошақтарынан, аудан, облыс тіпті республика көлемінде өнерін мойындатқан өнер жұлдыздарын түлеп ұшқан. Соның айқын дәлелі, жастайынан облыстық, республикалық "Бозторғай" балалар байқауларында сан мәрте жүлдегер атанып, кейін өнер саласында жүріп, Қазақстанға танымал әнші-әртістермен бірге жұмыс жасап жүрген, Лақалылық Төлебай Жарасхан Кәрібайұлы елдің ұранына айналған "Мен Қазақпын" сынды бірнеше әннің авторы атанып, елге танымалдығының артуы. Қазіргі таңда, Алматы қаласында шығармашылық жұмыстарын әрі қарай өрлетуде.
Осындай өнер саласында, кезінде Республикалық "Бозторғай" балалар байқауында жеңімпаз атанған, ауданымызға белгілі Жеткербай Мадияр Ердосұлы, Тәжікстан сынды сырт елдерде өнер көрсеткен опера әншісі Нағашыбай Гүлназ Мейрімханқызы сынды ұл-қыздарымыз да осы округке қарасты Лақалы ауылының тумалары.
Ауыл келбетін жақсарту бағытында көркейту-көгалдандыру жұмыстарына бақылау күшейген. Тасарық ауылдық округі бойынша наурыз айынан бастап, көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары бойынша бірқатар жұмыстар жүргізілді. Округке қарасты үш елді мекен (Тасарық, Лақалы, Тасөткел) бойынша барлық мекеме қызметкерлері мен жұмысшылары наурыз айынан бастап әр сенбі сайын мекеме аулаларындағы және ауылдық бақтардағы ағаштардың түптерін әктеп, ауыл көшелеріне тазалық жұмыстарын жүргізіп, жиналған қоқыстарды арнайы орынға апарып залалсыздандырып сенбілік жұмыстарын үзбей жалғастыруда.
Округ бойынша "Ағаш отырғызу" акциясы ұймдастырылып, мекемелер мен кәсіпорындар өз аулаларына ағаш көшеттері мен қаламшалар отырғызды. Тұрғындар арасында "Әр үйден бір тал" атты челенджі ұймдастырылып, сол үні тұрғынлардың басым бөлігі аулаларына бір ағаш көшеттерінен отырғызды.
Тасарық ауылының кіре (шыға) берісіндегі, жолдың екі жағындағы "Жасыл белдеу аймағы" бойынша қоршалған бақ, орналасқан жерінің қолайсыздығына байлансты, құнарлы жерге көшіріліп қазіргі таңда – 200 түп тал көшеттері отырғызылып күтімге алынды. Лақалы ауылындағы Социалистік еңбек ері - Әлимаев Кәрібоздың атындағы бақты жердің құнарсыздығына байланысты ыңғайлы жерге көшіру мақсатында жұмыстар жүргізілуде.
Мамыр айының қортындысы бойынша, округ көлемінде мекеме, шаруашылық құрылымдары және тұрғындармен қоса есептегенде сенбілікке 219 адам тартылып, Тасарық ауылына – 200 көшет, Лақалы ауылына – 100 көшет, Тасөткел ауылына – 25 көшет, барлығы – 325 ағаш көшеттері отырғызылды.
Алдағы уақытта көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстарына байланысты, Тасарық ауылының 1981 жылғы дүниеге келген азаматтары ауылдың кіре берісіне арка орнатып ауылға тарту етті. Бұл үрдіс Лақалы ауылында да жалғастыру жұмыстары жүргізілуде.
Аяқ сумен қамтамасыз мәселесі бойынша, Тасарық ауылында жердің тегіс болмауына байланысты, су жүргізетін арықтарды қазу мүмкіндігі жоқ. Осыған сәйкес, алдағы уақытта қауырсын құбырларды жер астымен жүргізу арқылы ауылды аяқ сумен қамтамасыз ету мәселесі жоспарға қойылған. 2022 жылы Тасарық ауылының орталық көшесін аяқсумен қамтамасыз ету мақсатында 3,0 млн. аудандық бюджеттен қаржы қаралып бір көшеге 930 метр ұзындықта құбыр тартылып, құбыр бойындағы әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер аяқсуға қосылды. Аудандық бюджет есебінен 40,0 миллион қаржы қаралып Тасарық ауылының орталығына жастар демалатын саябақ орнату жұмыстары жүргізілуде. Осы ретте, ауыл жастары бірігіп, саябақ алдына 2021 жылы " TUGAN OLKEM TASARYK" монументі орнатылды. 2022 жылы Лақалы ауылы тұрғындарының ұйымдастуымен Лақалы ауылында «Туған жерім Лақалы» монументі орнатылды. Сонымен қатар, округ орталығы Тасарық ауылынан әкімшілік ғимараты бой көтеруде. Ауданымыздың мақтанышы Социалистік Еңбек Ері Лақалы ауылының тұрғыны Алимаев Кәрібоз көшесіне құны 3,8 миллион қаржыға көше жарығы орнатылды.
Тасарық ауылдық округінде көркейту-көгалдандыру және абаттандыру жұмыстары мұнымен бітпей, алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.
– Көшелерді жарықтандыру мәселесі біршама шешілген. Тасарық ауылының 2 көшесі, Лақалы ауылының 3 көшесі түнгі жарық шамдармен қамтамасыз етілген. Лақалының аулының 3-ші көшесіне жарықтандыру жұмыстары 2023 жылы жүргізіліп, қазіргі таңда ауылды түнгі жарықпен қамтамасыз етуде. Тасарық 30 жылда алға қарыштап тұғырлы елдің тұғырлы ауылының бірі болып отыр. Алға жылжып, өсуіміз мұнымен тоқтамай, алдағы уақытта әлемнің дамыған 30 елінің қатарынан орын алуына өз үлесімізді қосамыз, – дейді Тасарық ауылдық округінің әкімі Карибаев Әлмұқан Ерғалиұлы.