Kyzylorda-news.kz Бүгін «Шаңырақ» күні мерекесі аясында А.Тоқмағамбетов атындағы қалалық мәдениет үйінде “Адал адам” мәдени-тәрбие орталығының “Жанұя шуағы” бұрышында мәдениет үйі жанынан құрылған “Ұлағат” ата-әжелер ансамблінің қарияларымен “Қымызмұрындық” дәстүрі жасалды.
Қымызмұрындық – қазақ халқының атадан балаға мұра болып келе жатқан игі дәстүрінің бірі. Ертеде жер аяғы кеңіп, бие құлындап, желіге байланған тұста көптен көріспеген ағайын-туған сағынып, бірін-бірі осы «Қымызмұрындыққа» шақырысып, мәре-сәре болған. Бұл мерекеде өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып қана қоймай, қыздар билеп, жігіттер білек күшін сынасып, кір тасын көтеріп, арқан тартысып, қазақ күресінен, тоғыз құмалақ, асық ойындары секілді қазақ ұлттық ойындарынан жарыс өткізген. Еңкейген кәріден еңбектеген балаға дейін әр ауылдан жеткізілген сары қымыздың дәмін татып, бағасын берген. Дастарқанға қазақтың ұлттық тағамдары қойылған.
Жиында ата-әжелеріміз көпшілікке ертеден бері жалғасып, мұра болып келе жатқан игі дәстүрдің маңызы мен мақсатын түсіндірді. Азды-көпті балалық шақтарынан естелік айтып, қымыз ішіп, алда келе жатқан Ұлыстың Ұлы күніне аман жетейік деген бата-тілекпен тарқасты.
