Kyzylorda-news.kz Ғарышкерлер астанасы Байқоңыр қаласында өзінің өнегеге толы өмір жолымен өзгелерге үлгі болып, ел қадірлісі атанған, бар саналы өмірін ұрпақ тәрбиесіне арнаған жанның бірі – ардақты ұстаз, ана Зарипа Жәрімбетова.

Жақсы қасиетімен жерлестеріне сыйлы болған ел құрметтісі туралы айтар болсақ, өткен ғасырдың алпысыншы жылдарының басында қазыналы Қазалы өлкесінің тұрғыны Бөрібай ақсақалдың отбасында дүние дидарын ашқан Зарипа Бөрібайқызы өзі туып-өскен елді мекендегі орта мектепті тәмамдап, замандастары сияқты Ақтөбе мәдени-ағарту училищесінен «Кітапхана ісі» мамандығы бойынша білім алады. Оны бітіріп келген соң, алтын ұя мектебінде кітапханашы болып алғашқы еңбек жолын бастайды.

Міне, содан бері арада 37 жыл уақыт өтті. Бұл аз уақыт емес. Өзі туып-өскен ауылдағы мектептің қатардағы кітапханашысы болып бастап, қалған саналы өмірін Байқоңыр қаласындағы Жұмагүл Тілеуқабыловадай білікті сала маманы басқаратын №277 мектеп-лицейде талай дарын иелерін үлкен өмірге қанат қақтырған белді білім беру ордасындағы кітапхана ісіне арнаған ол Байқоңыр қаласында кітапхана саласында ұзақ жыл өскелең ұрпақты рухани қолдауда аянбай еңбек етіп келе жатқан сала майталманы десек асыра айтқандық емес.

Зарипа Бөрібайқызын ауданның білім саласында қызмет ететін кітапханашылардың ұстазы десек те артық айтқандық болмас.

Иә, өткен оқу жылының басында құрметпен зейнеткерлік демалысқа шықса да әрдайым өзінің қызметтік тәжірибесімен әріптестері мен мектеп шәкірттеріне үлгі көрсетіп келе жатқан ардагер әріптесі, мектеп кітапханашысы Майгүл Арыстанбаеваға ақыл-кеңесін беріп, бірге әр тақырыпта шаралар өткізуге көмек қолын созып, кішіпейілдік пен елжандылықты, салауаттылықты, бүгінде ұлт құндылығы саналатын салт-дәстүріміз бен үрдісімізді, адамгершілік қасиетімізді ұлықтауда өскелең ұрпақтың санасына сіңіруде қолдау білдіруде.

«Жақсыны айтсаң білер, жаманды айтсаң күлер» демекші, өзінің білгірлігімен, ұстамдылығымен ұжымдастары сенімін ақтаған Зарипа Бөрібайқызындай тәжірибелі маманның кезінде әрбір өткізген іс-шараларына қатысып, санасына жететіндей сабақ алған шәкірттер ұстаздарының өзгелердің бойынан көре алмас ерекшелігіне тәнті болып, құрметтейді. Бұл сала майталманына, құрметті сала ардагеріне берген ұжымдастарының бағасы мен ыстық ықыласы.

Нұрбай ЖАНӘДІЛОВ

 

Тағы да оқыңыз: