Бұл салтанатты іс-шара әйгілі Уолл-Стритте Республика күніне орай ұйымдастырылған. Бұл туралы KAZINFORM хабарлады.
Ту көтеру рәсіміне Нью-Йорк мэриясы, қаладағы қазақ диаспорасы, бірқатар шет мемлекеттердің дипломаттары, Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы Тұрақты өкілдігі мен Бас консулдығы қатысты. Алаңға АҚШ-тағы Димаштың жанкүйерлері де келген. Қала мэрі Эрик Адамс жиналғандарды Республика күнімен құттықтап, екі ел арасындағы ынтымақтастықты атап өтті.
«Ту халқымыз үшін әрқашан да бірлік пен ерліктің символы болып қала береді. Біз АҚШ-тағы әріптестерімізбен бірге осындай шара өткізіп, ұйымдастырғанымызға қуаныштымыз», — деді ҚР Нью-Йорк қаласындағы бас консулы Рауан Тілеулин.
Ал қазақстандық әнші Димаш Құдайбергеннің АҚШ-тағы жанкүйері Тная Янг біздің елімізді қонақжай халық ретінде таниды.
«Мен Димаштың концерті үшін Қазақстанға барған едім. Үлкен мега-концерт болды. Барша жанкүйерлерге ұнады. Қазақстан сондай қонақжай ел. Барша қазақстандықтарды және Димашты мерекемен құттықтаймын!», — деді ол.
Фото: Видеодан алынған кадр