Kyzylorda-news.kz Бәрімізге аян Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазанның 25-ін жыл сайын егемендік мерекесі ретінде атап өтуіміз керек деген сөзі біраз жылдардан бері тойланбай келген мерекемізбен қайта қауышуға мүмкіндік берді. Дүниенің қай елінде де, қай халықта да ең ұлық мереке, ол – тәуелсіздік мерекесі. Республика күні – елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы.
Иә, ұлық мерекеміз өз мәнінде қайта аталып өтетін болғаны – ортақ қуаныш. Бұл жөнінде көптің толғанысты пікірлері мерекеленің мәні мен маңызын аша түсетіндей болуы тиіс дегенге саяды. Оның түйіні ұлттық мереке сәтінде Қазақстан халқының достығы, төзімділігі, жеткен жетістігі, ұлттық стратегиялық мүддесі мейлінше насихатталып, еліміздің патриоттығын айқындайтын факторлар әлемге паш етілуі тиіс дегенді алға тартады. Осы күні «Ауыл» партиясы да мерекеге үн қосып, жұртшылыққа ұлттық құндылқтар мен Жастар қанаты арқылы патриотизмді дәріптесе, партияның ірі тұлғалар мен қоғам қайраткерлері, мәслихат депутаттары қалың бұқараға тәуелсіздіктің мәнісін ашып, осы ұғымды тарихи тұрғыда тереңнен талдап мерекенің мезіретін сездіреді. Расында сол күні егемен еліміздің көгінде біздің менталитетімізге жақын, жүрегімізді тербетіп, жылу беретін ән-әуездер қалықтаса деп тілек етушілер де көп.
Бұл мерекенің әлемде де өз жоралғысы бар. Республика күнін ерекше дәріптейтін елдерге көз жүгіртсек. Мысалы, АҚШ-та 1776 жылдан бері 4 шілде күнін тойлап келеді. Бұл барлық америкалықтар үшін ұлттық мейрам. Олар бұл күнді асыға күтеді. Қытай халық республикасы 1949 жылдан бері 1 қазанды ұлықтап келеді. Қытайлықтар бұл мерекені «алтын апта» деп, жеті күн бойы тойлайды. Түркия мемлекеті 29 қазанда мәре-сәре болып бір-бірін тәуелсіздік күнімен құттықтап жатады. Сол күні тұңғыш президенттері Мұстафа Кемал Ататүрікті ерекше сағынышпен еске алады. Италия елінде де республика күні жыл сайын 2 маусымда аталып өтеді. Әзербайжан мемлекетінде де декларация қабылданған 28 мамырды Республика күні – ұлттық мереке деп дәріптейді. Байқап отырғанымыздай, Республика мерекесі аталған елдерде жылдың жылы кезеңінде тойланады екен. Демек халықтың бала-шағасымен шеруге қатысып, той тойлап, қуанышпен өткізуіне жағдай жасалған. Бізде де бүкілхалықтық мереке – Республика күнін 25 қазанда өткізу өте тиімді шешім. Елге ұнамды, тәуелсіздіктің басты құжаты – декларацияның қабылданған күні. Бұл мерекенің өзіне тән тойлану дәстүрі қалыптасқаны дұрыс. Осы саламен шұғылданатын мамандар, министрліктер алдағы уақытта атсалысады деген ойдамын.
Ерасыл ШӘРІБЕК,
«Ауыл Жастары» жастар қанатының
Қызылорда облысы бойынша төрағасы