Kyzylorda-news.kz Қадір түні Сыр өңірінің бас имамы Дастан Жанасұлы Қызылорда облыстық «Ақмешіт-Сырдария» орталық мешітінде уағыз айтты.
Нақтырақ айтар болсақ, аймақтың бас мешітіндегі қасиетті кеш ауызашардан басталып, бас имамның «Қадір түні - қасиетім» тақырыбындағы тарауық уағызына ұласты.
Сондай-ақ тарауық намазынан соң Құран Хатым дұғасы жасалып, сауабы ата-баба рухына бағышталды.
Айта кетейік, мың айдан да қайырлы болған рухани түн облыс көлеміндегі мешіттерде арнайы дайындалған бағдарлама бойынша өткізілді. Жоспарға сәйкес, түрлі тақырыпта уағыздар айтылды. Құран Хатым етіліп, жамағатпен және жеке құлшылықтар орындалады, сергіту мақсатында сұрақ-жауап ойындары ойнатылып, белсенділері сый-сияпаттармен марапатталды.
Фото: ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі