Kyzylorda-news.kz. ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігі, Жаңақорған аудандық мешіті және “Жаңарған Жаңақорған жастары” қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Құран оқудан облыстық жарыс өтті.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына 30 жыл толуына орай, «30 жылдық мерейтойға 30 игі шара» акциясы аясында өткен жарыста ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша Бас имамы Болатбек Ұласқанұлы қатысушыларға сәттілік тілей отырып, ұйымдастырушылар мен демеуші азаматтарға алғысын білдірді. Және де Нұр-Сұлтан қаласында өткен І республикалық медресеаралық Құран Кәрімді жатқа оқу жарысында «29-30-пара» аталымы бойынша бас жүлдені иемденіп, кіші қажылыққа жолдаманы жеңіп алған жерлесіміз Ж.Әлиакпарды жамағат алдында құттықтады.

Жаңақорғанда өткен тартысты сайыста облысқа қарасты қала, аудан мешіттерінен келген 50-ден астам үміткер Құран Кәрімді мәнерлеп және 2 парасын жатқа оқу бойынша додаға түсті.

Бағалау ережесіне сәйкес, үміткерлерге қазылар алқасы тарапынан үш сауал қойылып, шәкірттердің Құран аяттарын жаттау қабілеті, оқу мәнері және әуезділігі ескерілді. Қазылар алқасының шешіміне бойынша «Құран Кәрімді мәнерлеп оқудан» Р.Әлихан бірінші орынды жеңіп алса, ІІ-орынды Н.Аююбай, ІІІ-орынды М.Сұлтан мен Р.Өмірбектер иеленді. Ал «Құран Кәрімнің 2 парасын жатқа оқу» аталымы бойынша Н.Нәби, Қ.Мұқамбетқали, Ж.Жәпеков жүлделі І,ІІ,ІІІ-орындарға лайық деп танылса, сайыстың басты жүлдесі – кіші қажылыққа жолдаманы Б.Біржанов қанжығасына байлады.

Байқау соңында жеңімпаздарға қаржылай сыйлықтар таратылып, барлық қатысушыларға алғыс хаттар мен ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Тағы да оқыңыз: