Kyzylorda-news.kz. Облыстық ішкі саясат басқармасында, қалалық, аудандық ішкі саясат бөлімдерінде, кент, ауылдық округ әкімдіктерінде  және Дін мәселелерін зерттеу орталығы мен облыстық ақпараттық талдау орталығында мемлекеттік дін саласындағы саясатын іске асыруға жауапты мамандар бар.

Аталған мамандар Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатының 2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасында сәйкес, өз аймақтарындағы діни ахуалды талдап отырады. Жұмысты одан әрі жетілдіріп, мамандардың  біліктілігін арттыру мақсатында облыстық ішкі саясат басқармасының Дін мәселелерін зерттеу орталығының ұйымдастыруымен бүгін «Ағымдағы ахуалды талдау, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері» тақырыбындағы оқыту курсы басталды.

Екі күндік шараның алғашқы күнінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің Тарих институтының ғылыми жетекші қызметкері, республикалық ақпараттық түсіндірме тобының мүшесі Бауыржан Шериязданов «Дін саласындағы мемлекеттік саясат» және «Діни саладағы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жаңа нысандары мен әдістері» тақырыптарында дәріс өткізді.

«Дін мәселесі – өте нәзік тақырып. Себебі біздің мемлекетіміз зайырлылық қағидатын ұстанғаннан кейін, ешкімнің діни еркіндіні мен бостандығына қол сұғуымызға жол жоқ. Ұлтына, нәсіліне, дініне бөлмей, бәріне құрметпен қарауымыз керек. Десек те, дін атын жамылған кей деструктивті діни ағымды насихаттаушылар біздің ұстанымымызды теріс пайдаланып, елдің тыныштығын бұзуды көздейтіні жасырын емес. Сондықтан дәстүрлі емес діни ағымды ұстанушылармен кездесіп, оларды дәстүрлі дінге оралту барысында қағидамызға қарсы келмейтін әрекет жасауға тиіспіз» – дейді Бауыржан Рахымғалиұлы.

Жиын соңында қатысушылар дәріскерге қызметтеріне қатысты сауалдарын жолдап, өз пікірлерін ортаға салды. Оқыту семинары ертең  Нұрсұлтан қаласының Дін проблемаларын зерттеу орталығының маманы, социолог Нұрбек Рахманқұлдың дәрісімен жалғасып,  «Ағымдағы ахуалды талдау, дін саласындағы мемлекеттік саясаттың даму үрдістері» мен «Деструктивті діни ағымдардың тарихына талдау жасау» тақырыптары кеңінен тарқатылатын болады.

Тағы да оқыңыз: