Жол активтері сапасы ұлттық орталығының оңтүстік аймақтарындағы филиал ұжымдары биыл Ұлыстың ұлы күнін Қасқасу тау бөктерінде ерекше атап өтті. Әсем табиғат аясындағы дүбірлі тойға Қызылорда, Жамбыл, Түркістан облыстары мен Шымкент қаласының жолшылары жиылды. Жер бетіндегі тіршілік атаулы оянып, жаңару мен жаңғыру айы, ұлтымыздың ұлық мерекесі әз-наурыз әр өңірден келген әріптестердің жыл сайын асыға күтетін мейрамы. Мән-маңызы зор ауқымды шараға «ЖАСҰО» РМК бас директорының орынбасары Арман Мерекеұлы арнайы қатысып, барша әріптестерді ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, ізгі тілегін жеткізді. 
Ашық аспан астындағы наурыз-думанда жолшылар ұлтымыздың болмысын айшықтайтын ескі әдет-ғұрпты жаңғыртып, салт-дәстүрін дәріптеп, ұлттық спорт түрлерінен сайысқа түсті. Әсіресе, қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Сыр өңірінің жолшылары өзгелерден оза шауып, қай сыннан да сүрінбей өтіп, көпке үлгі көрсетті. Филиал директоры Мақсат Асхатұлы бастаған ұжым спорт пен өнерден алдына жан салмады. Сөзімізге тұздық, асық ату жарысында мергендігімен көзге түскен Нұржан Бегжігітов оңтүстікте өзіне тең келер ешкім жоқ екенін дәлелдеп, жеңімпаз атанды. Ал ләңгі тебуден алпыстың белесін бағындырған ардагеріміз Жахан аға жастардан қалыспай екінші орыннан көрінсе, Ғалымжан Төремұратов жүлделі үштікті түйіндеді. Арқан тарту бәсекесінде де жігіттер намысты қолдан бермей, қол жүлдегер атанды. Ал ең басты ер азаматтың күш-жігері сыналатын қошқар көтеру сайысында қызылордалық жас маман Әділет Айтмағанбет 70 рет шімірікпестен көтеріп, ең мықты жолшы атанды. Жігіттер спорттан олжалы болса, қыздар жағы көркімен көпті баурап алды. Ең әсем ұлттық киім номинациясында Аида Үрістембекова 1-орын иеленді. Мерекелік кешке жайылған ақ дастархан басында қызылордалықтар сәлемдесу мен арнау айту байқауынан да елді тамсандырып, әріптестердің ыстық ықыласына бөленді. 
Осылайша, Сыр өңірінің ұжымы Қасқасу баурайындағы наурыз тойының көркін қыздырып, көпті өнерімен тәнті етті.

Тағы да оқыңыз: