Kyzylorda-news.kz  Өнегелі отбасы – ұлт мерейі. Сәні мен салтанаты жарасқан, берекелі де мерекелі шаңырақта ауызбіршілікті жанына ту еткен өнегелі отбасы қашан да көпке үлгі болары анық. Осы тұста бүгінгі мақаламызға арқау болып отырған Өтепберген жанұясын өнегелі отбасы деп атауға әбден лайық.

      Өнегелі шаңырақтың тірегі, қадірлі қариясы Өтепберген Әбілов – Қалжан ахун ауылында  дүниеге келіп, осы ауданның ұзақ жылғы тарихымен бірге жасасып келеді.Тарихы тереңнен сыр шертетін ауданның өсіп-өркендеуі, тыныс-тіршілігі, сындарлы сын сағаттардан өтуінің барлығы да  – бұл жанның күні кешегідей әлі күнге көз алдында.Өтепберген Әбілұлы аудан халқына адал қызмет етіп, сіңірген еңбегімен дараланған жанның бірі. Ол тек бір отбасына ғана емес, сонымен қоса бүкіл ауыл жұртшылығына еңбегімен сыйлы ақсақал бүгінде 6 бала тәрбиелеп, сол балаларынан 23 немере сүйіп, 4 шөбере көріп отырған бақытты жан. Кеңес үкіметі кезінде, яғни 1966 жылы Сұлутөбедегі СПТУ-да механизатор мамандығын үздік бітірген ол, алғашқы еңбек жолын 1966 жылы  Қалжан ахун ауылында механизатор болып бастайды. Отан алдындағы борышын өтеу үшін 1968-1970 жылдары Мәскеудің Химқа қаласында әскерде болады. Ел ағасы біліктілігі мен тәжірибесінің арқасында 1974 жылы партияға делегат болып сайланып, 1974 жылы Қазком партиясының «Құрмет грамотасы» және медальдарымен наградталады. Елеулі еңбегі мен қажырлы қайратының арқасында өз ұжымына беделді, белсенді маман бола білген қария 1976-2013 жылдары механик қызметін атқарып, саналы ғұмырын еңбек жолына арнады.

      Өз замандастарының арасында мақтаулы, сегіз қырлы бір сырлы азамат болған Өтепберген Әбілұлы 1971 жылдың қаңтар айында Күнсая Ысқаққызымен шаңырақ көтереді. Құдай қосқан жары Күнсая Төлегенова 1953 жылы Арал қаласында дүниеге келген. Ауызбіршілігі жарасқан отбасының отанасы да еңбек адамы. Шаңырақ шырайын келтіре жүріп жұмысты да қатар алып жүрді. 1973 жылы күрішші болып еңбек еткен аяулы ана, 1976 жылы партия қатарына өтіп, аудандық кеңеске депутат болып сайланады. Отбасының ұйытқысы бола білген Күнсая Төлегенова 1980-1985 жылдары аспаз болып жұмыс жасап, көпшіліктің ықыласына бөленді. Даланың жұмысы мен үй шаруасын қатар алып жүріп, көпбалалы ана қатарына қосылды. Күнсая анамыз бала тәрбиесінде де көпке үлгі бола білген ардақты жан. Өмірлік жары Өтепберген Әбілұлы екеуі көз қуанышы балаларына ата-аналық міндеті саналатын,сарқылмас қазына жақсы білім мен тәлімді тәрбие бере білді. Саналы ғұмырын қажырлы еңбек пен отбасына арнаған ардақты ата-ана бүгінде бала-шағасының қызығын көріп, еңбегінің жемісін жеп отырған жайы бар. 

     Көпті көрген ақсақал отбасы құндылықтарын сақтай білген азамат. Құндылық дегенде ол өзінің тұтынушы тарапынан керексіз болса, оның кұны да, мәні де болмайды. Құндылық өз алдына алғанда ол – қазына, қор, тәжірибе, таным. Оны қажет ететін адамның өзі соны игеруі керек. Яғни, санасы мен жауапкершілік сезімі болуы шарт. Демек, Өтепберген Әбілұлының  өз отбасында қазаққа «қазақы болмысын сақтауға» – деген ниет, байланыс қуаты және жауапкершілігі басым болғанын айтпай кетуге болмайды. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» – дегендей ата-анасынан көріп өскен тарбиелері өскелең ұрпақтарына да қан арқылы берілгенін байқауға болады. Балаларының да, немерелерінің де бойларында ізгілік, шыншылдық, мейірімділік пен парасаттылық басым. Осындай ұрпақты өмірге әкеліп, тәрбиелеп, өсіргені үшін Күнсая Ысқаққызы 2011 жылы Президент қолынан «Батыр ана» атағымен наградталып, «Күміс алқа» иегері атанды. 

Дәстүрлі қазақ отбасында ата-ананың қадірі ерекше. Әке деген сөзді айтқанда өзіне пана болар, қиындықта қалдырмас, арман-мақсатына қол созғанда ақ батасын беріп ақ жол тілейтін адамның болғанын бала жүрегі аңсайтыны анық. Әке әр адамныңарқа сүйер тіреуі. Ал, аяулы ана отбасында ғана емес, тұтастай елдің, ұлттың, құндылықтың орталығы ретінде ең маңызды тұғыры. Ел ағасы болған ақсақалдың ұрпақтары осындай ізгілікті сезініп, толық отбасында өсіп, жетілді.

Ардақты ардагер Өтепберген Әбілұлы бүгінде мерейлі 75 жасқа зор абыроймен жетіп, сексеннің сеңгіріне қадам басып отыр. Абыройлы еңбектің берекелі зейнетін көріп, құрметке бөленіп отырған абырой биігіндегі ардагерді мерейлі 75 жас мерейтойымен құттықтаймыз. 

  Өнегелі отбасында үлкендер кішілерге қамқорлық етіп, ал, кішілер үлкендерге құрмет көрсету секілді қағидатты берік сақтаған. «Ырыс алды ынтымақта» – деп отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасында өте нәзік сыйластық пен жылулық бар. Әулеттің әрбір мүшесі сондай нәзік сыйластықты үнемі  басты назарда ұстайды. Ағайын-туыс, кұда-жекжатқа аса қадірлі ақсақал отбасы бірлігінің нық болуы, әулеттің берекесінің артуы жұбайы Күнсаяның еңбегінің өлшеусіз екенін сәт сайын мақтаныш сезіммен айтып отырады. 

Алтынай Қайратқызы

 

Тағы да оқыңыз: