Kyzylorda-news.kz  Өткен күн – қазір тарих. Әсіресе тек қазіргі жай-күйі ғана көз алдымызда тұра­тын кейінгі буынға аудан орталығына сән беріп тұрған зәулім ғимараттардың тарихы қызық екені даусыз.  Мұса Қозыбаев – қанша жыл өтсе де сыны мен сыры кетпеген аудандағы маңызды ғимараттарды сал­ған құрылысшы екені елге белгілі. Отыз жылдан астам құры­лыс бөлімінде жұмыс істеген қария денсаулығы сыр бермейінше осы саладан қол үзбеген болатын.

Кейіпкеріміз  1950 жылдың тумасы. Тереңөзек кентінде дүниеге келіп, осы ауданның ұзақ жылғы тарихымен бірге жасасып келе жатқан ақылман қария. Ауданның өсуі-өркен­деуі, талай сындарлы сәттерден өтуі – бәрі-бәрі бұл кісілердің көз алдында күні кешегі­дей сайрап тұр. Екінші дүниежүзілік соғыс бітіп, ел тұрмысы енді ғана аяққа тұрып келе жатқан тұста дүние есігін ашқан кейіпкеріміздің тағдыры оңай бол­ды дей алмаймыз. Кішкентай кезінде әкесі науқастанып, үйдің тірлігі, отбасын асырау Мұса ағамыздың еншісінде бол­ған. Әдетте ауыр тағдыр адамды ерте есейтеді деп жатамыз. Кейіпкеріміз де әкесі­нің үмітін ақтау үшін небәрі 16 жасы­нан бастап ауыр жұмысты қол еткен. Кеңес үкіметі кезінде кәсіптік-техни­калық училищеде білім алып, 1967 жылы құрылыс саласында еңбек жолын бастаған. Білгені мен тәжірибесі аға буынның тәрбиесімен үйлесім та­уып, құрыш­қол құрылысшы талай зәулім ғимарат­тың іргесін қалаған болатын.

– Уақыт зымырап өтіп жатыр. Құры­лыс­ты бала күнімде кәсіп етіп бастап едім. Үйренгеніміз көп болды. Аудандағы маңыз­ды мекемелердің әр кірпіші қолы­мыздан қаланды. Аудандық емхана, прокуратура мекемесі, Сәкен Сейфуллин, Асқар Тоқмағам­бетов ауылындағы, Іңкәрда­рия­­дағы мектеп – бәрінің алғашқы тасы қалай қаланғанына дейін көз алдымда. Кейін соңымыздан ерген буынға біз де білгені­мізді үйреттік. Көшеде көре қалса әлі күнге «ұстаз келе жатыр» деп тікесінен тік тұрып, сәлемдеседі. Жиырма бес жыл брига­дир болдым. Адал еңбек пен маңдай тер адамды ешқашан жерге қаратпайды. Бұл менің әлі күнге балаларыма, немерелеріме айтып отыратын бас­ты қағидам, – дейді Мұса Қозыбаев.

Жұмыс бабында қауіппен қатар келген тұстар болғанын да жасырмады кейіпкері­міз. Ауыр еңбекті қол етіп, қазіргі таң­да денсаулығы сыр бергені де жасырын емес. Негізінде адал еңбек ағамызды шың­даса, құрыш білектің қуатын жұмсап сал­ған ғимараттардың қызығын кейінгі буын әлі күнге көріп келеді.

Мұса Қозыбаевтың зайыбы Съезкүл Оразаева – саналы ғұмырын ұстаздық жолға арнаған жан. Бала тәрбиелеу ісінде елеулі еңбек сіңірген ардагер №35 мектеп-лицейдің ардагері, бүгінде бас­тауыш ардагерлер ұйымының мүшесі. Зейнет демалысына шықса да, қоғам өмірінен, бала тәрбиелеу ісінен бір сәт қол үзген емес. Журналист болып кейіпкеріңді зерделеу үшін шаңырағына барғанда жан-жағыңды бақылап, әр сөзді қалт жібермеуге тырыса­сың. Отау құрғандарына елу жыл­ға жуықтаған қариялардың арасындағы сыйластық кейінгі буынға үлгі. Бір-біріне қамқор болып, сіз-біз десіп отырған жан­дардың өнегелі өмірі де, саналы ғұмыры да кейінгі буынға тәрбие көзі боларлықтай.

Балаларына тәлімді тәрбие беріп, адал­дықты әркез өсиет ететін жандардың үш баласы бар. Бүгінде оқуын оқып, түрлі салада елеулі еңбек етіп жүрген жандар ата-анасына немере-жиен сүйгізіп, бір-бір шаңырақтың түтінін түтетіп отырған жайы бар. Үлкені Айгүл – ана жолын жалғап, ұстаздық мамандықты кәсіп еткен. Ұлдың үлкені Айбек – ауыл шаруашылығы бөлімінде жұмыс істейді. Ата-ананың бабын келтіріп отырған келін Назым – жеке кәсіпкер. Кіші ұл Айдос – ветеринария саласының маманы. Қазыналы қарттыққа үлкен абыроймен жеткен ақылгөй қария­лар бүгінде ұл-қыздан тараған екі жиен мен алты немеренің сүйікті ата-әжесі.

– Мен орыс тілі пәнінен  балаларға сабақ бердім. Бір салада табан аудармай еңбек етіп, зейнет демалысына шыққан болатын едім. Ағаңмен 1978 жылы шаңырақ көтердік. Қазір немерелердің қызығына тоймай, осы­лардың тілеуқоры болып жүрген жайы­мыз бар. Отбасымызбен қазақы құнды­лықтарды, салт-дәстүрді берік ұстауға тырысамыз. Бірақ балалардың бірнеше тілді қатар меңгеруін құп көріп, жастайы­нан орыс тілін де игертуге күш саламыз. «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген, – деп жылы лебізін білдірді Съезкүл апай.

Ата-анаға «балаң жақсы» дегенін­дей, бізді де газет туралы оң пікірлер арқаландырады. Айтпақшы, Мұса ағаның еңбегі жоғарғы басшылықтан ұдайы еле­ніп отырған. Кеңес заманындағы марапатты былай қойғанда, кейінгі жылдары алған «Алғысы» да жетерлік. Соның ішінде 2018 жылы алған ҚР Инвестиция­лар және даму министрлігінің арнайы «Құрмет грамотасының» шоқтығы биік. Одан бөлек әр жылдардағы облыс, аудан әкімдерінің және құрылыс басқармасы басшыларының Алғыс хаттары да бар. Бұл – құрыш қолды құрылысшыға халықтың, елдің, құрылысшы қолынан шыққан ғимарат­тардың игілігін көріп келе жатқан көп­тің алғысы десек, артық айтқандық емес.

Ер азаматтың үш міндетінің бірі – ұрпа­ғына үй салу болса, түгел аудан әлі күнге игілігін көріп келе жатқан ғимараттардың кірпішін қалаған қарияның қызығынан қиындығы көп салада атқарған еңбегі орасан. Адамды құрметке бөлейтін – еңбек. Өнегелі ісімен кейінгі ұрпаққа тәлімді тәрбие беріп отырған қазыналы қариялар ұрпағына әркез адал еңбекті үгіттейді.

               

                

Тағы да оқыңыз: