Kyzylorda-news.kz Бүгін партияның «Ұлттық мұра» жобасы аясында облыстық филиал жанындағы азаматтық қоғам мен мәдениетті дамыту жөніндегі «Miras» аймақтық кеңесінің көшпелі жиыны өтті.
Партияның облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов, кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев және кеңестің мүшелері мен «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері Қызылорда қаласындағы № 235 мектептің базасында орналасқан «Атамекен» мұражайында болып, төл тарихымыздан сыр шертетін тарихи жәдігерлермен танысты.
Мұражай 1972 жылы жылы ашылған. Қорында екі мың данаға жуық құнды жәдігерлер бар. Олар: соғыс кезіндегі киім, қарулар, қазақтың қазан-ошағы мен ыдыс-аяғы, шаруашылық дүниелер, баспа ақпараттар, фотоқұжаттар, қолөнер туындылары, көп жылдар бойы жемісті еңбек еткен ұстаздардың еңбектері т.б.
«Тарих – өткенге сабақ, келешекке-өнеге. Осы орайда ата-бабамыздың ғибратты ғұмырын әйгілейтін мұраларды көздің қарашығындай сақтап, жас ұрпаққа мұра етіп қалдыруда мұражайдың алар орны ерекше. Мұражай – ғылыми, мәдени-тарихи орталық. Ол бірнеше дәуірдің тарихын, этнографиясын, тарихи тұлғаларын, өнерін ұрпақтан ұрпаққа жалғап отыратын мәдени орын.» деді кеңес төрағасы Баймырза Қожамберлиев.
Мұражай меңгерушісі Күләш Алматшаева қонақтарды ерекше ықыласпен қарсы алып, мұражай ісінің жан-жақты дамуы мен өз өлкеміздегі тарихи және мәдени құндылықтарымызды көзінің қарашығындай сақтап ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу басты мақсаты екенін тілге тиек етті.