Kyzylorda-news.kz «AMANAT» партиясының «Ұлттық мұра» жобасы аясында Сырдария ауданында Ұлы Отан соғысының ардагері, майдангер ұстаз Шарапат Жансымақовты еске алуға арналған аудандық жыр мүшәйрасы өтті.
Сайыстың ұйымдастырылуына партияның аудандық филиалы мен «Білім», «Қалжан ахун» бастауыш партия ұйымы және майдангердің ұрпақтары қолдау білдірді.
Жыр мүшәйрасының ашылуында партия ардагерлері сөз сөйлеп, жеңісті жақындатуға үлес қосқан батыр майдангердің өмірі мен еңбек жолы туралы кеңінен айтып өтті.
Мүшәйраға аудан мектептерінен 15 мұғалім қатысып, бірінші кезеңде майдангер ұстазға арнау өлең оқыса, екінші кезеңде еркін тақырыптағы жырларын ұсынды.

Мәдени іс-шарада Қазақстан Жазушылар одағының Қызылорда облыстық филиалының төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, Сырдария, Шиелі аудандарының Құрметті азаматы Қаршыға Есімсейітова, «AMANAT» партиясы Сырдария аудандық филиалының Атқарушы хатшысы, фракция жетекшісі, ақын Ақтөре Ибрагимұлы, аудандық «Тіршілік тынысы» газеті бас редакторының орынбасары, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Балтабай Аябекұлы қазылық жасап, ақындардың шығармашылығын бағалады.
Нәтижесінде жүлделі І орынды Айдарлы ауылындағы №139 орта мектебінің мұғалімі Салтанат Торғаева иеленді. ІІ орынды Қоғалыкөл ауылындағы №44 орта мектебінің мұғалімі Алмат Доспенбетов жеңіп алса, ІІІ орынды С.Сейфуллин ауылындағы №137 орта мектебінің мұғалімі Гүлсім Жоламановаға бұйырды. Қалжан ахун ауыындағы №126 орта мектебінің мұғалімі Мұхамеджан Мансұров пен Шіркейлідегі №129 Ә.Жәмішев атындағы мектеп-лицейінің мұғалімі Биболат Опабеков арнайы жүлде еншіледі. Қалған ақындарға ынталандыру сыйлықтары берілді. Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге қаржылай сыйлықтар, дипломдар табысталды.
