"Менің алғашқы оразам" байқауына
Kyzylorda-news.kz Ораза ұстау парыз. Міне, осы сөздің мағынасын терең түсінгендер қатары бүгінде артып келеді. Қуантарлығы, жастар арасында да ауыз бекітіп, ораза ұстаушылар көбейді.
Мен де алғашқы оразаны мектеп қабырғасында бастағанмын. Ең алғашқы ораза болған соң білмей істеген қателіктер болады. Бірақ уақыт өте келе тәжірибе жинақтап, істеуге болатын, болмайтын нәрселерді үйрендім. Қазір ғаламтордың дамыған заманы. Кез келген сұрақтың жауабы ғаламторда тұр. Оның үстіне инстаграм әлеуметтік желісінде имамдардың парақшасына жазылып, күнделікті тың бір ақпаратты үйреніп алуға мүмкіндік бар.
Қазіргі таңда танымал имам Нұрлан Байжігітұлы күнде сәресіде тікелей эфирде отырады. Оның оқырмандары көп екені айтпаса да белгілі. Оқырмандарынан келген кез келген сұраққа жеп-жеңіл, жастардың тілінде, қабылдауына оңай етіп жауап береді. "30 күн оразада мен сіздермен бірге боламын. Егер сәресі ішуге қасыңызда серік болмаса, менің тікелей көрсетілімімді қосып қойыңыз. Оразаға қатысты сұрағыңызға жауап алып, біліміңізді әрі қарай дамытасыз" дейді. Ораза ұстау үшін шешім қабылдау оңай. Бастысы – ниет қана. Ал білмей істелген қателікті Алланың өзі кешіреді.
Биыл 20-сыншы рет ауызбекітіппін. Бұл мен үшін мақтаныш емес, қуантарлық іс.
Анам бастапқыда "Мектеп оқып жүргенде ауыз бекіту қиын болады келер жылы ұстайсың" деді. Бірақ анамның келісімін алып, ниет етіп, ауыз бекіттім. Ең алғашқы ұстаған ораза болған соң, білмей істелген қателіктер көп болды. Бірте-бірте үйрене бастадым. Рұқсат етілген нәрселерді, тиым салынғандарды іздеп, оқып зерттедім. Ол кезде әлі баласың, дұрыс-бұрысты үйреніп кету оңай емес. Біреуі "анау болмайды, мынау болмайды" деп жүрді, солай үйрендім. Бастысы, ораза тек азаннан-кешке дейін тамақ ішпей жүру емес екенін түсіндім. Оразада Алла өзі күш-қуат береді дейді. Бұл сөзге анық көзім жетті. Себебі ораза кезінде қарның ашпайды, тамақ іздеп, шыдамсызданбайсың. 30 күнде астан ғана емес, жаман әдеттен, біреуді жамандап, ғайбаттаудан тиыласың. Бір сөзбен айтқанда, рухани тазарасың. Сауапты іс-әрекет жасауға, әр жұма сайын садақа беруді бойға сіңіреді екенсің. Қазір ораза ұстағандар қатары көбейіп келеді. Бұл мені айтарлықтай қуантады. Тарауих намазға баратын жастар да көбейді. "Қосшыңырау ауылдық округінің" мешітінде күнде кешке жиналғандар қарас көп. Оқушылардың да шын көңілмен ниет етіп, мешітке қарай қуана-қуана барғанын көру, ниетін сезіну адамға ерекше қуаныш сыйлайды екен. Мешіт – құлшылық жасалатын орын. Ол жерге барудағы мақсат – Аллаға құлшылық ету, парыз етілген үкімдерді орындау. Мұны жастар жақсы түсініп келеді.
Ораза сөзінің араб тіліндегі баламасы – "саум". Бұл – барлық нәрседен тыйылу деген мағынаны білдіреді. Ораза – Алла Тағала Құранда: "Уа, иман келтіргендер! Өздеріңнен бұрынғыларға парыз етілгендей сендерге де ораза ұстау парыз етілді. Бәлкім, сол арқылы (асау нәпсіні тізгіндеп) күнә атаулыдан сақтанып, тақуалыққа жетерсіңдер", – дейді. Бұл аят оразаның Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын!) үмбетінен басқа қауымдарға да жалпылама міндеттелгеніне дәлел болады. Ораза – адамды игілікке бастап, Алланың рақымына жетелейтін игі құлшылық. Сондықтан да Хақ Тағала аятта: "Бәлкім, тақуалыққа жетерсіңдер", – деп үміт ұшқынын жағады.
Ораза пендені көптеген жаман әдеттерден сақтайды. Тәнді аурудан, жанды құмарлықтан, ақыл-ойды азғындықтан тыяды.
Демек, оразаның адамға тигізер пайдасы, сауабы көп. Сондай-ақ адам ағзасына тигізер 10 пайдасы бар екен. Мәселен, жасушалар жаңарып, ескілері жойылады. Қант ауруына тосқауыл болады. Артық салмақтан арылуға әсер етеді, тері ауруларына пайдалы. Тұз байлану ауруына әсері бар. Қан қоюлануының алдын алады, адам ағзасын улы заттардан тазартады. Сондай-ақ ас қорыту жүйесі демалады, жағымсыз тәуелділіктерден арылтады. Қан қысымын түсіреді, бас ауруына пайдасы бар. Яғни ораза адам денсаулығын жақсартады.
– Рамазан – он екі айдың сұлтаны, берекелі де кешірімі мол ай. Қасиетті айда адам баласы көбірек жақсылық жасап, ізгі амалдар атқаруға тырысады. Ораза пендені тақуалыққа тәрбиелейді. Рамазан – Алланың мейірімі төгіліп, жұмақтың есігі айқара ашылатын, иманды күшейтуге мүмкіндік берілген берекелі ай. Бұл – Жаратушы Иеміздің ұлы сыйы әрі нығметі. Рамазан – он бір ай бойы кір шалып, тот басуға аз қалған рух пен жүректің қайта тазарып, кемелденуі үшін Алла Тағаланың арнайы бекіткен киелі бағдарламасы, – дейді ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы инстаграм әлеуметтік желідегі парақшасында.
Ғұламалардың айтуынша, Рамазанның алғашқы он күні – мейірім, екінші он күні – кешірім және соңғы он күні – тозақ отынан азаттық. Ораза ұстауға сауапты іс істеуге, жұма сайын садақа беруге асығайық!
Мөлдір САБЫРЖАН
Фото: freepik.com