Kyzylorda-news.kz Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев мемлекет және қоғам қайраткері Бақберген Сәрсенұлы Досманбетовты 80 жасқа толу мерейтойымен құттықтады. Басқосуға зиялы қауым өкілдері, мерейтой иесімен қызметтес болған замандастары қатысты.

Аймақ басшысы Бақберген Сәрсенұлының еңбек жолына тоқталып, ізгі тілегін жеткізді.

«Ресми жиынымыз адал еңбегімен халықтың ықыласына бөленген, өнегелі істердің ұйытқысы болған ардақты ағамыздың құрметіне арналады. Өңірдің дамуына елеулі еңбек сіңірген, есімі Сыр жұртына етене таныс Бақберген Досманбетов ағамыз 80 жасқа толды.

Бақберген Сәрсенұлы 1945 жылы Қармақшы ауданында дүниеге келген. Мәскеу басқару институтының құрылыс және қала шаруашылығы факультетінде білім алған.

Еңбек жолын теміржолда қарапайым жұмысшы ретінде бастап, әр жылдары бұрынғы Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институты, қазіргі Қорқыт ата атындағы университетте комсомол комитетінің хатшысы, аға оқытушы, кафедра меңгерушісі, проректор, ректор, Қызылорда қаласының әкімі қызметтерін атқарған.

Экономика саласын зерттеп, 9 монография, 60 ғылыми мақала жазған.

Қала әкімі болған тұста өңіріміздің тіршілігіне серпіліс әкеліп, жұмыс орындарының жандануына мүмкіндік жасады.

Парламент Сенатының II, III, IV шақырылымының депутаты ретінде халықтың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған бастамалар көтеріп, ел игілігін көздейтін заңдардың қабылдануына елеулі үлес қосты.

Тәуелсіздіктің қалыптасу жылдарында елде жұмыссыздық белең алып, айлап-жылдап еңбекақы, зейнетақы берілмеді. Электр энергиясы жетіспей, көгілдір отын арман болып, арбалап ағаш тасығанымыз да көз алдымызда. Сондай заманда елді бірлікке үндеп, сабыр мен төзімнің үлгісін көрсеткен осындағы аға буын Сіздердің еңбектеріңіз ерен.

Ерекше атап өтуіміз қажет, қаламыздың сол жағалауында орналасқан, көркі мен сәулеті келіскен «Болашақ» университетінің құрылғанына да 30 жыл толды.

Бүгінде университеттен өңіріміз бен еліміздің еңбек нарығына қажетті мамандар білім алып, ел дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді. Бұл – Бақберген Сәрсенұлы ағамыздың білім мен ғылымға деген құрметінің нақты көрінісі.

Сыр жұртшылығының атынан Сізді мерейтойыңызбен шын жүректен құттықтаймыз! Ұзақ ғұмыр, деніңізге саулық, отбасыңызға бақ-береке тілейміз!», – деді Н.Нәлібаев.

Басқосуда облыс әкімі мерейтой иесіне Қызылорда облысының Құрмет грамотасын табыстап, дәстүрге сай иығына шапан жапты. Ел ағалары Ибрагим Әбибуллаев, Бекмырза Еламанов, Нажмадин Мұсабаев, Сәпен Аңсат, Қылышбай Бисенов сөз сөйлеп, Бақберген Сәрсенұлының елге жасаған елеулі еңбегін атап өтті.

Бақберген Сәрсенұлы Досманбетов экономика ғылымдарының докторы, «Болашақ», Қорқыт ата атындағы Қызылорда, Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеттерінің профессоры, Қазақстан Республикасы Жоғары мектебі Ғылым академиясының академигі, «Құрмет», «Парасат», ІІ дәрежелі «Барыс» ордендерімен марапатталған, Қызылорда облысының құрметті азаматы.

Жиын соңында мерейтой иесі көрсетілген құрметке алғаусыз алғысын білдірді.

Фото: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

Тағы да оқыңыз: