Kyzylorda-news.kz   Бүгін наурызнаманың «18 наурыз – ұлттық киім күні» мерекесі аясында аудандық  аурухана ұжымы  «Наурыз – берекем, наурыз – мерекем» тақырыбында  мерекелік іс-шара ұйымдастырды. Аталған іс-шара Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов, салалық орынбасарлар, дәрігерлер, медицина мамандары қатысты.

Аудандық емхананың авто тұрағына үлкен киіз үй тігіліп, мерекелік іс-шарасы жарасым тапты. Өз кезегінде Сырдария аудандық ауруханасының бас дәрігері Жалғасбек Үсенов жиналған жұртшылықты мерекемен құттықтады.

– Бүгін Ұлыстың ұлы күнін шад-шадыман көңіл-күйде тойлаған барша аудан жұртшылығын мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Адам жанының арашасы бола білген медицина мамандары  жаңару мен жаңғырудың мерекесін ерекше атап өтуде. «18 наурыз – ұлттық киім күні» мерекесі ел көлемінде ауқымды түрде аталып өтілуде. Біздің мамандарымыз қазақы әдет-ғұрыпты берік сақтап, ұлттық киімдерді киіп, дәстүр сабақтастығын жаңғыртуда. Барша сала мамандары мен ардагерлердің отбасына береке-бірлік, зор табыс, ынтымақ тілеймін, – деді бас дәрігер.

Іс-шара барасында талай жыл медицина саласында өзіндік қолтаңбаларын қалдырған сала ардагерлері Сейітхан Дәужанов, Рүстем Садықұлы,  Шынтай Зетов,  Абдулла Арғынбаев көпшілікке ақжарама тілегін жеткізді. Мереке қарсаңында ардагерлерге «Сырдария аудандық ауруханасының ардагері» куәлігі табысталды.

– Аудан медицинасы қашанда алдыңғы қатарда тұруы – білікті мамандардың еңбегінің жемісі деп білемін.  Көгінен нұр төгілген, жеріне гүл егілген елімізде Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі ерекше форматта тойланып жатқанына бек қуаныштымыз. Сала мамандары қашанда халық денсаулығын жақсарту үшін аянбай еңбек етуде. Барша ізімізден ерген жастарды, білікті де білгір дәрігерлерді, аудан тұрғындарын мерекемен құттықтаймын, – деді сала ардагері Сейітхан Дәужанов.

Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары  әннен шашу шашып,  көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Бұл ретте  сала мамандары арасында  сәнді, жарасымды ұлттық киіммен келген жандар марапат төрінен көрінді. Ал аудандық спорт клубының мамандарының ұйымдастыруымен  қол күрес, арқан тартыс, кір тасын көтеруден жарыс өткізілді. Барлық жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Сырдария аудандық ауруханасының кәсіподақ ұйымының бағалы сыйлықтары тапсырылды.

Тағы да оқыңыз: