Kyzylorda-news.kz. Қазақ тілінің жетілуі – заман талабына сай өзгеріп отырғаны баршаға мәлім. Тарихқа жүгінетін болсақ, қазақ халқы өзге түркі халықтары сияқты 4-5 ғасыр бойы араб жазуын пайдаланды.

ХIХ ғасырдың екінші жартысынан бастап зиялылар, оның ішінде Ыбырай Алтынсарин тәрізді ағартушылар, қазақтың ұлттық жазба әдеби тілін қалыптастыру үшін оның дыбыстық жүйесін толық бере алатын жазуды жетілдіруді күн тәртібіне қоя бастады.

Жазуды жаңа әліпбиге көшірудің мәдени-әлеуметтік, лингвистикалық, экономикалық, саяси, ақпараттық, педагогикалық себептері бар. Осы орайда, қазақ жазуын латын графикасына көшіруде мезгілі жеткен мәселе екенін қазіргі Қазақстан қоғамында болып жатқан талқылаулар көрсетіп отыр деп ойлаймын. Барлық озық технологияның тіліне айналған латын әліпбиіне көшу — еліміз үшін, өнеріміз бен мәдениетіміз үшін үлкен рухани құбылыс. Елбасы өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында бұл мәселені таяу жылдардағы негізгі міндеттердің бірі деп бекітті. Әлемдік өркениет көшінен қалмай, қазақ тілінің халықаралық дәрежеге көтерілуін қаласақ, латын қарпін қолданысқа енгізудің мәні орасан. Қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Латын әріптері  графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылатыны байқалады. Барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер т.б латын әліпбиімен байланысты екенін байқауға болады. Латын графикасын қолданатын барлық елдердің әліпбиіндегі әріп саны тілдегі фонемалар санынан әлдеқайда аз болуы да оның жетістігі болып табылады. Латын әліпбиінде әр түрлі диакритикалық таңбалар (нүкте, қос нүкте, сызықша, айшық, дәйекші т.б), яғни қосымша белгілер арқылы көптеген елдің барлық фонемалары латынның 26 таңбасымен ғана белгіленуі жазу үнемділігін танытатын тиімді әліпби дәрежесіне жеткізіп отыр.  Жазуға қойылатын басты талап лингвистикалық (тілді дәл жеткізу) бағытта ғана емес, техникалық жағдайларға (баспа ісі, компьютер, телефакс, интернет т.б.) да сай болуы керек деп ойлаймын. Қазір латын әліпбиі осы талаптар биігінен де көрінеді, сондықтан оның бұл артықшылығын ескеріп,  халық өз еркімен таңдауға мүмкіндігі болып тұрғанда, әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс  деп білемін.

  Жазу – әрбір халықтың рухани, мәдени өсуін, даму деңгейін көрсететін әлеуметтік мәні зор құбылыс. Ол өткен мен бүгінді, бүгін мен келешекті жалғастыратын алтын көпір. Сондықтан жазу, әліпби адамзат тарихындағы құнды дүниелердің бірі ретінде ұрпақтан-ұрпаққа мирас етіп қалдыратын байлығымыз. Қазіргі орфографиямыздағы кейбір қиындықтарға қарап, «біздің жазуымыз осыншама сын көтермегені ме?» деп те ойлауға болмайды.  Осы жазуымыз аға ұрпаққа білім беріп, оларды талай биіктерге жетеледі, қазақтың әдебиетін, мәдениетін, ғылымын көтерді, егеменді мемлекетімізге де қызмет етіп келеді. Енді жағдай өзгерді, біз бұрынғыны қанағат етіп қана қалмай, алға ұмтылған, әлемдегі дамыған озық елдердің деңгейінде ғана емес, алдыңғы қатардан көрінуге мүмкіндігі мол егеменді қазақ елі ретінде әліпбиіміз бен жазуымызға да мемлекеттік тіл дәрежесіндегі қазақ тілін әлемге таныта алатындай жағдай жасауымыз қажет. Латын графикасы арқылы таңбаланған қазақ әліпбиі мен жазуы қазақ елін  биіктерге бастайтынына кәміл сенемін.

Гүлмира СЕЙІТҚАДЫР

Шиелі ауданы,

№207 «Жаңатұрмыс» орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Тағы да оқыңыз: