Kyzylorda-news.kz. Әркімнің өз әлемі, әдебі бар. Оны қалай құрады өз еркінде. Бұны хобби десек те болады. Өзіне ұнайтын сүйікті ісімен айналысу – жүрекке жылылық, миға тыныштық сыйлайды. Әр адамның табиғаты бөлек, таңдауы түрлі. Біреуді әдебиет әлемі қызықтырса, енді бірінің сурет салуға деген сүйіспеншілігі жоғары.
Жасы жетпіс бесті алқымдаған Ктабия қарияның жеке кітапханасында мыңнан аса кітап бар. Бала күнінен кітап оқуға құмартып өскен ол студенттік шақтан бастап кітап жинауды әдетке айналдырыпты. Жай ғана жинап қоймай, кітаптардың барлығын оқып тауысқан. Білуге, білімге деген құштарлығы соншалық жүрген жерінде ең алдымен кітап дүкендеріне соғып, жаңа дүниелерді сатып алуға тырысқан. Бүгінде қазыналы қарт өзі тұратын Бекарыстан би ауылындағы кітапхананың да тұрақты оқырманы.
– Мен кітап оқымасам, отыра алмаймын. Өзім шыға алмаған күні немерелерімді жіберемін. Ауылдағы кітапханашылар сұратқан шығармамды лезде тауып, беріп жібереді. Кітап – адамға әлемге саяхаттауға мүмкіндік береді. Рухани байытып, жан дүниеңді молайтады. Кітап арқылы өмірге деген көзқарас кеңейіп, өзгелерді түсіну жақсара түседі, – дейді кейіпкеріміз.
Ктабия Құрманбаев еңбекке ерте араласқан жан. Ол Карл Маркс атындағы совхозда көмекші шопан болып жұмыс істеген. 1967-1972 жылдары Алматының Зоотехникалық-малдәрігерлік институтында оқып, зоотехник мамандығын алған. 1972 жылдың қыркүйек айымен 1973 жылға дейін Торғай облысы, Қима ауданы, Терісаққан совхозында бөлімше зоотехнигі болып қызмет істеген. 1973 жылдан 1975 жылғы шілде айына дейін Қазалы ауданы, Карл Маркс атындағы совхозда веттехник, еңбек ақы төлеу жөніндегі экономист қызметтерін атқарған. 1975 жылдың шілдесінен 1981 жылдың наурыз айына дейін Карл Маркс совхозында бас зоотехник болды.
Бұдан кейін әр жылдары Бозкөл совхозында бас зоотехник, Бозкөл Қаракөл қой совхозында ферма басқарушысы, Қызылқұм совхозында бас зоотехник болды. Ақжона ауылдық округі әкімінің аппаратында, Майдакөл ауылдық округі әкімінің аппаратында бас маман-бас есепші қызметін атқарды. Отбасында жары Саяш Сердалиевамен 4 ұл, 6 қыз тәрбиелеп өсірді. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырды.
– Бала кезімізде үйде кітап өте көп болатын. Әкем барған жерінде кітап дүкеніне бас сұқпай қайтпайтын. Мәскеуден әкелген кітаптары да бар. Бұрындары жарық көрген «Жұлдыз», «Огонек» журналдарының бірнеше жылдық жинағы болды. Әдеби кітаптар, шытырман оқиғалар, саяси жазбалар бәрін бәрін оқитын. Л.Толстой, Анна Каренинаның шығармаларын, Пушкиинің өлеңдерін оқитын. Қазақ жазушыларының да кітабын тауысты деуге болады. Кітаптардың біразы көшіп-қонып жүргенде жоғалды. Көп кітапты сыйға тартты, – дейді Қонысбек Ктабияұлы.