Kyzylorda-news.kz Жер жаһанда отбасындай жылы мекен, ата-ананың махаббатындай ыстық құшақ жоқ-ау, сірә? Шаңырақты шаттыққа бөлеп, нұрландыра түсетін ішіндегі балалардың күміс күлкісі, риясыз көңілі. Әкенің қамқорында, ананың аялы алақанында ұғынықты ұл, қызғалдақтай қыз тәрбиелеп отырған ата-ана қатарында Мейрамбек Сисенбаев пен Әсем Хасанова да бар. Биыл олардың отау құрып, отбасылық өмірге қадам басқанына жиырма жыл.

Мейрамбек Талғатұлы Әйтеке би кентінің тумасы. Әкесі – Талғат Сисенбаев теміржол саласында талай жыл тер төгіп, зейнет демалысына шыққан. Анасы – Майра Ілиясова үй шаруасында болып, бала тәрбиесімен аналысқан. Мейрамбек төрт ағайынды. Отбасында үш ұл, бір қыз. Ұлдардың барлығы да әкесінің ізін қуған темір шеберлері.

Мейрамбектің жары – Әсем Хасанова Қызылорда қаласында дүниеге келген. Ерлі-зайыптылардың таныстығы достарының тойында басталыпты. Бұл туралы Әсем Қажымұратқызы: «2003 жылы құрбым тұрмыс құрып, мен қыз жолдас, Мейрамбек ұл жолдас болды. Сол сәттегі таныстық үлкен махаббатқа ұласып, арада бір жыл уақыт өткенде отбасын құруға бел будық. Міне, содан бері қол ұстасып, өмірдің қызығын да, қиын сәттерін де бірге көріп келеміз. Жолдасым бір сөзбен айтқанда керемет жан. Қолынан бәрі келеді, темір де жонады, машина да жөндейді. Әкесі Талғат Сисенбаев ауданға белгілі токарь болған. Жолдасымның темірден түйін түйген шеберлігі сол кісіге тартқан»,– дейді көп балалы ана. Әсем Қажымұратқызы мұғалім. Әйтеке би кентіндегі №266 мектеп-лицейде ағылшын тілінен сабақ береді. Білім беру саласында жиырма жылға жуық уақыт тәжірибесі бар білікті маман.

Сисенбаевтардың шағын мемлекетінде сегіз бала тәрбиеленуде. Отбасының тұңғышы – Әлимұса Мәншүк Мәметова атындағы колледжінің IT саласында оқып жатыр, әрі жұмыс істейді. Әділет Абылайхан атындағы колледжінің бірінші курс студенті. Екеуі де, грант негізінде білім алуда. Ақниет, Нұрсұлтан, Мирас №170 мектепте, Әлішер №266 мектеп- лицейінде оқиды. Досымжан алдағы қыркүйекте мектеп табалдырығын аттайды. Жеті ағасының сүйікті де, сүйкімді қарындасы Айым отбасының еркесі. «Балапан» балабақшасының тәрбиеленушісі.

Еңбектен ешқашан қашпайтын Мейрамбек ұлдарында еріншектіктен бойын аулақ ұстауға бейімдейді. Үнемі жанына алып, ер азаматқа тән тіршіліктің барлығын бірге жасайды. Ұлдары әкесінің айтқанын екі етпейді. Үлкеннің алдын кесе көлденең өтпейді. Байсалды, байыпты қалпынан танбайтын Мейрамбек:

– Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де, берік болады. Адам ең алғаш шыр етіп, дүниеге келген сәтінен бастап, отбасының тәрбиесін алады. Ата-ана – өмірдегі ең қымбат адамдар. Барынша балаларымызды жақсылыққа әдептілікке, адамгершілікке тәрбиелеуге тырысамыз. Сабақта да, үйде де ұқыпты, тәртіпті, саналы бала болса екен деп тілейміз. Бұл барлық ата-ананың парызы ғой.

Әсіресе, «Түп қазығың – Отаның, ар-намысың – тілің, кәусар бұлағың – ұстазың, қамқоршың – әкең, ақылшың – анаң» деген сөздерді жиі айтып, бала күнінен санасына сіңіреміз. Отбасының маңызы мен бауырлардың татулығын, бір-біріне деген сыйластығын сақтауды үйретеміз, – дейді.

Он екі жыл ата-ененің қолында тұрып, тәлімді тәрбиесін көрдім деген Әсем Қажымұратқызы: «Ата-анам өте керемет жандар. Үнемі қолдап, жақсылығымызды асырып, қателігімізді жасырып отырады. Үйренгенім көп болды. Балаларымызға да қарайласып, бағып-қағуда да, көп көмек көрсетті. Тәрбиелі сөздері, өнегелі істерімен отбасына сыйлы. Ол кісілерге алғыс айтамын» – деп екінші ата-анасына деген ыстық ықыласын білдірді.

Ал, көпбалалы болуға келер болсақ, Мейрамбек те, Әсем де, «Әр баланың өз несібесі бар. Көп балалы болу, біздің маңдайымызға бұйырып тұрған бақ деп білеміз. Балаларымыз байлығымыз, мақтанышымыз. Ендігі мақсатымыз – әрқайсысының өмірден өз орнын тауып, кірпіш болып қалануына бағыт-бағдар беру» –дейді ерлі-зайыптылар.

Тағы да оқыңыз: