Kyzylorda-news.kz. Тарихпен біте қайнасқан, адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі – Жалағаш ауданындағы кітапхана бүгінде жүйелі жұмыс істеп тұр. Оқырман талғамынан шығатын кітап қорын көбейтіп, ішкі жүйені заманға сай жетілдіре білді. Ғасырға жуық тарихы бар рухани ордада соңғы жылдары көптеген өзгерістер орын алған. Ал осы кітапхана ісін дөңгелентіп отырған кітапханашылардың еңбегі бір бөлек әңгіме. Кітап пен кітапхананың тіршілігіне жан беретін, ұлттық құндылықтар мен оқырмандар арасын жалғастырушы – кітапханашылар. Бұл кәсіптің беделі де, мамандардың ынта-ықыласы да жоғары болғанымен, көп аса елене бермейтін. Енді міне бұл күндер артта қалды, кітапханашылар үшін кәсіби мереке күні белгіленді. Жыл сайын 22 қазан кітапханашылар күні болып атап өтілмек. 

Жалағаш аудандық кітапхананың басшысы Ұлмекен Меңдібаеваның айтуынша, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің негізі ауданның құрылуымен тұспа-тұс, яғни 1939 жылы қаланған. Архив құжаттарында 1946 жылы кітапхана меңгерушісі Базаркүл Сәрсенбаева, 1948 жылы Андақұлова болғандығы туралы дерек бар. Ал 1950 жылы аудан кітапханаларындағы кітап қоры 20 мың дана болып, кітапхананы Дәмеш Ормаханова басқарды. 1979 жылы аудан кітапханалары «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» болып қайта құрылды. Штат бірлігі көбейіп, мұнда кітаптарды жинақтау және толықтыру, әдістеме-библиографиялық және оқырмандар бөлімі ашылды. Кейін 1953-1975 жыл аралығында кітапханалар саны – 31-ге жетіп, кітап қоры – 120 мың дана болса, 1975-1990 жылдары кітапханалар саны – 33-ке көбейіп, кітап қоры – 220 мың данаға жетті. 

Жалпы адамзаттың рухани тыныс-тіршілігінің көзі болып табылатын кітапхана қазіргі кезде әр адам үшін білімін жетілдіруге, ақпараттық қажеттіліктерін ақысыз қанағаттандыруға, қызығушылығы ортақ мүдделестермен кездесу алаңына, тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін орталыққа айналып отыр. Жаңғырған әлемнің жаңарған келбетіне айналған Жалағаш аудандық кітапхана ғимаратына 2019 жылы республикалық «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында қажетті қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары  жүргізілді. Бұл да болса кітапхана ісінің алға басуына, қызметкерлердің талапқа сай ғимаратта оқырманға сапалы қызмет көрсетулеріне мүмкіндік берді.

Кітапхана бірнеше бөлімдерге бөлінеді. Ал бөлімдердің түпкі мақсаты оқырман талабынан шыға білуді, сұранысын дер кезінде қамтамасыз етуді көздейді. Мәселен, кітаптарды жинақтау және толықтыру бөлімі кітапханаға түскен жаңа кітаптардың өңделуін қамтамасыз етеді. Бұл кітаптар дер кезінде  аудандық кітапхана мен барлық ауылдық кітапханаларға таратылады. Жыл соңында мазмұны ескірген және тозығы жеткен кітаптар кітапханалар есебінен шығысталады. Әдістеме-библиография бөлімінде кітапханаларға әдістемелік-тәжірибелік көмек көрсетіле отырып, кітапханалардың қызметін талдап және жоспарлау жұмыстары жүргізіледі. Кітапхана ісі мәселелері бойынша кеңес береді. Орталық кітапхананың әдістемелік жұмысы жоспарланып, кітапханаларда болу кестесі жасалады. Бөлім кітапханалар қызметтерінің жоспарларын жасауға есептерді, статистикалық көрсеткіштерді сараптауға көмек көрсетеді. Жыл көлемінде жүйенің өзге құрылымдық бөлімшелерімен жұмысын үйлестіреді, басқа кітапханалармен, ұйымдармен іскерлік байланыстарды жүзеге асырады. Ал оқырмандар бөлімі аты айтып тұрғандай оқырмандарға сапалы  қызмет көрсетеді. Басты мақсаты – барлық деңгейдегі пайдаланушыларға ақпарат беру, талаптарын тез және сапалы орындау болып табылады. Оқырмандардың оқуға және кітапқа деген тұрақты қызығушылықтарын қалыптастырады. 

Қазіргі таңда аудандық кітапханада ұлттық рухани құндылықтарды, жеке тұлғалардың өмір жолымен таныстырып, жас ұрпаққа кеңінен насихаттап, кітапхана мен оқырманды, оқырманмен белгілі тұлғалар арасын жақындастыру мақсатында «Рухани қазына» кіші бағдарлама аясында «Цифрлы Қазақстан», «Жүрек жылуы», «Жас қалам»,«Цифрлы Қазақстан-кітапхана дамуына жаңа серпін» және «Өркениетке бастаған туған өлке» атты жобалары аясында жұмыстар жүргізіп келеді.  

Мұнымен қоса кітапхана ұжымы түрлі бағыттағы мәдени-көпшілік шараларды жоғары деңгейде ұйымдастырып, оқырмандар ықыласына бөленуде. Әсіресе коворкинг орталықтарының ашылуы – оқырмандар үшін жақсы жаңалық болды. Сонымен бірге 23 сәуір – Бүкіл дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күні мен 2022 жыл – Балалар жылы аясында  «Кешкі кітапхана әлемі» атты мәдени акция ұйымдастырылды. Ұлт ұстазы  Ахмет Байтұрсынұлының  – 150 жыл толуына орай «Бір ел – бір кітап» акциясы аясында жыл бойына көптеген іс-шара ұйымдастырылып,  ақын, зерттеуші ғалым, түркітанушы, публицист, педагог, аудармашы, қоғам қайраткері А.Байтұрсыновтың шығармашылығы оқырмандарға таныстырылса, «Кітап оқып, өзіңді шыңда» атты аудандағы мекеме қызметкерлері арасында кітап оқу байқауы да назардан тыс қалмады. 2022 жыл – Балалар жылына орай «Бала бақыты бәрінен қымбат» тақырыбымен ашық есік күні, «Кейіпкерлер әлемі» атты кітап сыйла акциясы «Туған жердің тарихы мен сәулеті» байқауы, «Бірге оқимыз, бірге ойнаймыз» спорттық рандеву, «Мен және менің отбасым» тақырыбында аймақтық эссе жазу байқаулары ұйымдастырылды.  

Аудандық кітапхана жұмысының жетістігі де жоқ емес. Мәселен «Рухани қазына – 2022» республикалық фестивалінде Аққұм ауылдық кітапханасы «Үздік ауылдық  маңызы бар кітапхана» номинациясын иеленсе,  Мәдениет ауылдық кітапханасы «Jana kitaphana – 2022» республикалық онлайн байқауына қатысып, «Заманауи кітапхана» номинациясы бойынша Қазақстан Республикасының үздік кітапханасы атағына ие болды. 

Сондай-ақ аудандық кітапханалар жүйесі цифрландыру бойынша біраз жұмыстар атқарған. Кітапхана «РАБИС» бағдарламасының «Каталогизатор» модулі бойынша кітаптардың библиографиялық сипаттарын жүйеге енгізіп, әдебиеттерді электронды каталогқа құю арқылы жұмыс жасауда. Сонымен қатар қазіргі заман талабына сай жоғары сұраныстағы құнды кітаптар мен өлкетану әдебиеттерін электронды форматқа көшіру процесі арқылы жұмыс жүргізіліп, кітаптар сандық форматқа көшірілуде. Сондай-ақ ауданға қарасты Бұқарбай батыр, Есет батыр ауылдық кітапханалары «Мобильді мультимедиялық кітапхана» болып ашылды. Аудандық кітапханада оқырмандар үшін Мегалайн жүйесі арқылы ғаламтор қызметін тегін пайдалану мүмкіндігі жолға қойылып, 2014 жылдан бастап оқырмандарға виртуалды анықтама қызметін көрсетіп келеді. Сайтта кітапхана тарихы, кітапханаға келген жаңа кітаптар, жаңалықтар сонымен қатар «Рухани жаңғыру», өлкетану бағыты бойынша «Алты Алаштың анасы – Сыр елі», Елорда жаңалықтарына байланысты, «Ел жүрегі – Нұр-Сұлтан»,  «Өлкетану» парақшалары ашылып, кітапханада өткізілген мәдени іс-шаралар мәліметі жарияланған. 

Мұнан бөлек кәсіпкерлікті дамытуды қолдау мақсатында «Ауылда ақпараттық орталықтар құру» жобасы арқылы Біріккен Ұлттар Ұйымы даму бағдарламасының қолдауымен ауданға қарасты Аққұм, Мәдениет  ауылдық кітапханаларында онлайн орталық ашылды. Бұл орталықтың жұмысы өте өзекті, өйткені олар нақтылы және виртуалды режимде халықтың әлеуметтік және экономикалық белсенділігін көтеруге ықпалын тигізеді екен. Онлайн орталықта компьютер және интернетпен жұмыс негіздері бойынша ақысыз тренингтер, мемлекеттік онлайн қызметті пайдалану жөніндегі семинарлар, қашықтан кеңестер жүргізіледі. 

Жалпы аудандық кітапхана жұмысында жаңа технологияларды қолдану – кітапхана қызметінің сапасын арттырып, оқырмандар санын толықтырып, рухани құндылықтарды толықтыруға мүмкіндік береді. 
 

ж.jpgл.jpgы.jpgп.jpgв.jpgо.jpgр.jpg

Тағы да оқыңыз: