Kyzylorda-news.kz. «Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына - 30 жыл» толуына орай Қызылорда қаласында «Халыққа қолайлы инфрақұрылым. Жайлы шаһар жасау бастамалары» тақырыбында өткен семинар-кеңесте қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаев облыс орталығында әр сала бойынша атқарылған жұмыстар туралы баяндады.
– Өткен жыл толайым табыстарға кенелген берекелі кезең болды. Экономикамыз еселеп артып, даму деңгейіміз бойынша барлық салада өнімді өсімдерге қол жеткіздік. Бұл бірлік пен тынымсыз тірліктің нәтижесі. Атап айтсақ, өңдеуші өнеркәсіп көлемі – 5,3 пайызға, яғни 26,6 милилард теңгеге, инвестициялар тарту – 36,5 пайызға 68,1 миллиард теңгеге, құрылыс жұмыстарының көлемі – 28,2 пайызға 17,5 миллиард теңгеге, пайдалануға берілген тұрғын үйлердің көлемі – 3,2 пайызға 104,4 мың шаршы метр және сауда көлемі -2,4 пайызға 121,1 миллиард теңгеге артты. Ал ауыл шаруашылығының жалпы өнімі – 100 пайызды 1,5 миллиард теңгені құрады. 2024 жылға бекітілген қала бюджеті 58,2 миллиард теңге болса, бүгінгі күні 74,3 миллиард теңгеге нақтыланды. Оның ішінде, қала бюджетіне республикалық және облыстық бюджеттен 35 миллиард теңге трансферт бөлініп, 100 жоба жүзеге асырылатын болады. Тұрғын үй бойынша 2023 жылы құрылысы басталған Сырдария өзенінің сол жағалау бөлігінде 7 қабатты 84 пәтерлі ипотекалық 6 тұрғын үйдің құрылыс жұмыстарын жалғастыруға 2024 жылы облыстық және қалалық бюджеттерден 1,7 миллиард теңге қаралды. Биыл осал топтағы отбасыларына 200 пәтер және 135 пәтер жалғыз баспанасы апатты деп танылған тұрғындарға сатып алуға 4,2 миллиард теңге, яғни 1 пәтерге 12 713 мың теңгеден бөлінді, – деді қала әкімінің орынбасары.
Семинар-кеңесте әр өңірден келген депуттар Қызылорда қаласында білім саласында салынып жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты. Онда сол жағалаудан құны 2,4 миллиард теңгені құрайтын «Оқушылар сарайы» (2024 жылы облыстық бюджеттен 1,6 миллиард теңге бөлінді) және құны 7,9 миллиард теңге болатын 300 орынға арналған жатақханасы бар 400 орындық физика-математикалық мектеп-интернатының құрылысы биыл аяқталып, ел игілігіне табысталатыны айтылды. Сонымен қатар, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы бойынша бастау алған білім нысандарының бесеуін биыл аяқтау жоспарланып отырғанын жеткізді. Қалған 3 мектептің құрылысы биыл басталып, келер жылы аяқталады. Оның ішінде 2024 жылы 6 мектеп құрылысына 10,9 миллиард теңге бөлінген.
Осындай халық сұранысына қажетті ғимараттардың құрылыстары биыл да жалғасатынын айтқан қала әкімінің орынбасары сол жағалаудан құны 4,8 миллиард теңгені құрайтын музыкалық колледждің құрылысы басталғанын, оның алғашқы жұмыстарына облыстық бюджеттен 904 миллион теңге бөлінгенін тілге тиек етті. Сондай-ақ денсаулық нысандары бойынша да бірқатар құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Мәселен, құны 2,9 миллиард теңге болатын «Облыстық қан орталығының» құрылысын аяқтау биылға жоспарланған. 2024 жылы республикалық бюджеттен 1 435,1 миллион теңге бөлінген. Бұдан бөлек жоба құны 36,4 миллиард теңгені құрайтын ауысымда 100 келушіге арналған емханасы бар, 300 төсектік көпбейінді аурухана құрылысы да салынуда. Оған 2024 жылы республикалық бюджеттен 3,3 миллиард теңге, облыстық бюджеттен - 5,7 миллиард теңге барлығы 9,0 миллиард теңге қаржы бөлінуде.
Қала әкімінің орынбасары Дархан Тұрсынбаевтың айтуынша, биыл мәдениет саласы бойынша да ілкімді істер атқарылмақ. Оның ішінде спорттық ойындардың бірі - үстел теннисін де бас шаһарда дамыту көзделуде. Биыл сол жағалаудан жаңа үстел теннисі орталығының іргетасы қаланды. Жоба қаржысы 2,7 миллиард теңгені құрайды, оның жартысы «Самұрық қазына» қоры арқылы бөлінген. Сонымен қатар, дәл осы аумақтан құны
21 миллиард теңге болатын 7 000 орынды стадионның құрылысы басталған. Оған 2024 жылы облыстық бюджеттен 14,1 миллиард теңге бөлінген.
– Облыс әкімінің үйлестіруімен «Акса энерджи» түрік компаниясы құны 215 миллиард теңгеге қуаттылығы 240 мегаватты құрайтын жылу электр орталығының құрылысын бастады. Ол 2025 жылы іске қосылып, қаланы сапалы жылу және электр энергиясымен қамтамасыз етпек. Меценат Болат Өтемұратовтың қолдауымен басталған, құны 15,7 миллиард теңге болатын «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы да таяу күндері алғашқы жолаушыларын қабылдайды. Сырдария өзенінің сол жағалауынан іргесі қаланған жаңа автовокзалдың құрылысы аяқталды. Құны 975 миллион теңгені құрайтын сапаржайды барлық стандарттарға сай деуге болады. Бұдан бөлек, жол-көлік инфрақұрылымын дамыту бағытында «Тәуелсіздікке 25 жыл» даңғылының бойында «Қызылжарма» каналы арқылы өтетін автожол көпірі салынатын болады облыстық бюджеттен 142,8 миллион теңге қаржы бөлінді (жоба құны 428,3 миллион теңге). Қазіргі таңда, мердігер мекеме анықталып («Сервис НС» ЖШС), жақын күндері құрылыс-монтаж жұмыстары бастау алады. Қаланың негізгі көшелерінің бірі болып саналатын
2 жолақты көшелерді 4 жолақтыға кеңейту жұмыстары да қолға алынды. Бүгінгі таңда, жоба құны 3 миллиард теңгені құрайтын ұзындығы 2,9 шақырым болатын Қожа Ахмет Яссауи көшесі (Ә. Бөкейхан көшесінен Әйтеке би көшесіне дейін, 2024 жылға республикалық және облыстық бюджеттентен 863,3 миллион теңге бөлінген) және құны 434,4 миллион теңгені құрайтын ұзындығы 2 шақырым болатын Е.Көшербаев көшесін (С.Бейбарыс көшесінен бастап Ә.Бөкейхан көшесіне дейін, 2024 жылға республикалық бюджеттен 80 миллион теңге бөлінді) қайта жаңғырту үшін республикалық және облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаралып отыр. Н.Назарбаев даңғылынан («Сыр самалы» мейрамханасы) Тәуелсіздік даңғылына дейін жол салуға республикалық бюджеттен 100 миллион теңге, облыстық бюджеттен 284,5 миллион теңге барлығы 384,5 миллион теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жоба құны 570,7 миллион теңге, мердігер «Қыран» ЖШС мекемесі. Қала аумағындағы ұзындығы 46,3 шақырымды құрайтын жалпы сомасы 4,7 миллиард теңгеге 42 көшені орташа жол жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Облыстық бюджеттен бөлінген 1 389,8 миллион теңгеге жалпы көлемі 24,3 шақырым болатын 72 көшеге қиыршық тас төсеу жұмыстары жүргізілуде. Қызылжарма ауылдық округіндегі 5 көшені күрделі жөндеуге облыстық бюджеттен 587 миллион теңге қаржы бөлінді, – деді әкім орынбасары жиында.
Өткен жылдан бастап қаланы абаттандыру жұмыстарына да басымдық беріліп келеді. Бұл ретте семинар-кеңеске қатысушы өңір депутаттарына қаладағы абаттаныдру ісі бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда таныстырылды. Оның ішінде меценат Асқар Әубәкіровтың демеушілігімен 1 миллиард теңгеге және облыстық бюджеттен бөлінген 800,8 миллион теңгеге орталық алаңға абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Замануи дизайнмен жаңғыратын орталық алаңның құрылысы биылғы мамыр айында аяқталады деп күтілуде.
– Қорқыт ата университеті және демеушілер қолдауымен 408,0 миллион теңгеге Қорқыт ата университетінің алдындағы ботаникалық саябақты абаттандыру жұмытары жүргізілуде. Қаланы көгалдандыру жұмыстарын қамтамасыз ету мақсатында «Жасыл Қызылорда» коммуналдық мемлекеттік мекемесі құрылды. Бұдан бөлек, қала аумағындағы 25 көпқабатты тұрғын үйдің ауласындағы балалар ойын алаңдарына күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Жауапты ретінде мердігер «Авангард ПГС», «Азамат құрылыс» ЖШС мекемесі бекітіліп, биыл сәуір айында басталған құрылыс жұмысы шілде айында аяқталуы тиіс. Сондай-ақ, 215,8 миллион теңгеге 4 көппәтерлі тұрғын үйдің ауласына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Қазіргі таңда мердігер «BSG Инжерениг» ЖШС мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Нысан аумағы шілде айында пайдалануға беріледі. Сонымен қатар, Қожа Ахмет Яссауи көшесін абаттандыруға облыстық бюджеттен 72,5 миллион теңге, қалалық бюджеттен 150,0 миллион теңге қаралды. Жоба құны: 725 миллион теңге. Облыстық медициналық орталығы алдындағы скверді абаттандыру үшін облыстық бюджеттен 262,9 миллион теңге бөлінді. Жауапты ретінде «Дарен Строй» ЖШС мекемесі бекітілді, – деді Дархан Тұрсынбаев.
Бүгінде қалада қазіргі заман талабына сай 10 аялдама салу үшін жергілікті бюджеттен 52,5 миллион теңге қаралып отыр. Қызылорда қаласы бойынша 54 көшеге жарық бағаналарын орнату үшін республикалық бюджеттен 1,3 миллиард теңге бөлініп, «Энерго-Мера», «Энергиянұр», «Айсұлтан компания» ЖШС мердігер мекемесі құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Ал облыстық бюджеттен бөлінген 1,8 миллиард теңгеге жалпы ұзындығы 48 шақырым болатын қаланың 40 көшесіне жаяу жүргіншілер жолын салу жұмыстары жүргізілуде. Көппәтерлі тұрғын үйлердің қасбеттері мен шатырына ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін 979,3 миллион теңге бөлінген. Қала аумағында орналасқан 21 көппәтерлі тұрғын үйлерге күрделі жөндеу (модернизация) жұмыстарын жүргізу үшін республикалық бюджеттен 1,9 миллиард теңге бөлінген.
Шаһар басшысының орынбасарының сөзінше, биыл тозығы жеткен ауыз су және кәріз су желілерін қайта жаңғыртуға республикалық және облыстық бюджеттерден 1 миллиард теңгеге ұзындығы 18,7 шақырымды құрайтын 4 жоба жүзеге асырылады. Ал газ желісі бойынша Ақжарма ауылдық округіне қарасты, Баймұрат батыр, Талдыарал елді мекендері және Төрттам учаскісіне жаңадан газ құбырын жүргізуге қалалық бюджеттен 140,9 миллион теңге бөлінген. Жобаның жалпы құны – 1,3 миллиард теңгені құрайды. «Ауыл – ел бесігі» жобасына барлығы 16 жобаға 1 миллиард 234 миллион теңге бөлінген. Оның 647 миллион теңгесі республикалық бюджеттен болса, 587 миллион теңгесі облыстық бюджеттен қаралған. Жобаларды аяқтау үшін республикалық бюджетке 4,6 миллиард теңгеге, облыстық бюджеттен қоса қаржыландыруға 587 миллион теңге бюджеттік өтінім ұсынылған.
Фото: seykhuninfo.kz
А.Әлім