Kyzylorda-news.kz Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхананың ұйымдастыруымен қазақтың әйгілі халық ақыны, жырау, сал-серілік дәстүрдің соңы, әнші және композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, ақыны Кенен Әзірбаевтың туғанына 140 жыл толуына орай Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің «Ұлт-аспаптар» бөлімі домбыра класының оқушылары мен мұғалімдерінің қатысуымен «Үнінен ұлылықтың лебі ескен» атты өнер сағаты өтті.
Шара барысында «Жан серігім, домбыра» атты арнайы ұйымдастырылған кітап көрмесіне дүлдүл әншінің шығармалар жинағына енген жырлары мен әндері, өлеңдері, термелері мен толғаулары оқырман қауымға таныстырылып, арнайы дайындалған бейнебаяннан кітапханашы Төлендиева Данагүл ақынның шығармашылығы, қоғамдық жұмыстары, ақын туралы жазылған туындылар, зерттеу жұмыстары, ата шежіресі, ұрпақтары жайлы мағлұматтармен таныстырып өтті. Он бір жасынан қолына домбыра алып, аспандағы бозторғайды әнге қосқан жасөспірім әншіні «Боздаланың бозторғайы» деп атаушы еді. Кенен Әзірбаев қазақ халқының бүкіл әншілік өнерін бойына сіңіре отырып, оның дамуына, кемелдене түсуіне зор үлес қосқан ерекше тұлға.
Мүлкаман Қалауов атындағы өнер мектебінің «Ұлт-аспаптар» бөлімі домбыра класының мұғалімі Сейтқасымова Жеңіскүл Өміртайқызы, «Кенен Әзірбаевтың мәңгі өшпес туындылары ұлттық мәдениетіміздің алтын қорына қосылған баға жетпес асыл қазына болып табылады» дей келе фортепианомен «Үрия-ай, дүние-ай», «Ойжайлау» әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. Тартымды, қызықты өткн шараға кітапхананың 20 оқырманы қатысты.