Kyzylorda-news.kz. Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Сыр елінің төл перзенті қоғам қайраткері, инженер-механик, экономика ғылымдарының кандидаты, саясаттанушы Сейілбек Шаухамановтың 85-жылдығына арналған «Тағылымы мол тұлға» атты еске алу кеші өтті.

Шара барысында LED экраннан бейнебаян көрсетіліп, «Халқына қалаулы қайраткер» атты кең көлемді кітап көрмесі таныстырылды. Прологтан кейін еске алу кешін облыстың құрметті азаматы, айтыскер ақын Серік Ыдрысов Сейілбек Шаухамановқа арнауымен ашты.

Сейілбек Шаухаманұлы тек ірі деңгейдегі басшы, мемлекет қайраткері ғана емес, ұлт жоқшысыда бола білген қайраткер. Ғибратты ғұмыр иесі Сыр елінің өркендеуіне, жас ұрпақты елжандылыққа тәрбиелеуге зор үлес қосып, өзі ғана емес, ардагерлерді де осыған жұмылдырып, қоғамдық жұмыстарға белсене араласқан еді. Сейілбек Шаухаманұлы еңбек жолын қатардағы инженерден облыстың бірінші басшысына дейінгі жауапты қызметтерді абыроймен атқарған тау тұлға бола білді.

Еске алу кешіне Қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері, Қызылорда облысының, қаласының және Қазалы ауданының Құрметті азаматы – Шәріпов Жарылқасын Шәріпұлы, қоғам қайраткері, Сырдария ауданының құрметті азаматы – Әбибуллаев Ибрагим, қоғам қайраткері, «ҚР еңбегі сіңген ардагері» атты төс белгісінің иегері, Қызылорда қаласының, Арал ауданының «Құрметті азаматы», ҚР Мемлекеттік істер Агенттігінің Қызылорда облыстық филиалы жанындағы тәлімгерлер кеңесінің мүшесі – Сайлаубай Әбішев, білім саласының ардагері, Қызылорда облысының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қазіргі таңда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары – Ермағамбетова Күляй Сағындыққызы, облыстың құрметті азаматы, айтыскер ақын Ыдырысов Серік Махмұтұлы қатысты.

Еске алу кешінде облысқа белгілі қоғам қайраткері Әбибуллаев Ибрагим Сейілбек Шаухамановпен қызметтес болған кездегі қоғам қайраткерінің адалдығын, іскерлігін, қоғам мен халық алдындағы жоғары жауапкершілігі, әлі күнге дейін халық игілігіндегі көптеген игілікті тіршіліктері туралы айтты. Көптеген алқалы жиындардағы өткір сөзі мен пайымды пікірлерін айтып еске алды. Білім саласының ардагері, Қызылорда облысының ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, қазіргі таңда қалалық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары – Ермағамбетова Күляй Сағындыққызы өз кезегінде Сейілбек Шаухамановтың ұрпақтар сабақтастығын қалыптастырудағы, облысымызда ардагерлерді құрметтеудің сара жолын салудағы өнегелі еңбегін баса айтты.

Сондай-ақ шара барысында №12 кітапхананың кішкентай оқырмандары қазақ ақындарының С.Шаухамановқа арнау өлеңдерін оқып, жас ақындар жыр арнады. Бауыржанқызы Ағжан «Туған ел», Ахметов Әзімхан «Ағаларым» әнін орындап, қатысушыларжы ән-мен жырға бөледі.

Ал С. Шаухаманов атындағы №9 дарынды балаларға арналған облыстық «Білім-инновация» лицей-интернатының директоры Айбеков Айдын Абрашұлы қоғам қайраткері атындағы лицей оқушыларының жетістігімен таныстырды.

Сыр елінің айтулы перзентін ұлықтау кешін «Қызылорда Газ тарату» жүйесінің директоры, Сейілбек Шаухамановтың ұлы Шаухаманов Нұрлан Сейілбекұлы қорытындылап, кеш қонақтары мен қатысушыларына рахметін айтып, ризашылығын білдірді.

Тағы да оқыңыз: