Kyzylorda-news.kz Қаламыздағы «Сырдария» мөлтек ауданы №9 үйдің тұрғындары көпке үлгілі. Оған себепте жоқ емес. Негізі «Сырдариядағы» осы үйге барсаңыз, сіздің де сол үйдің тұрғыны атанғыңыз келетіні хақ. Сырты әппақ болып әктелген көпқабатты үй көптің көзіне бірден түседі. Ал подъездерінен бірінші подъездің тазалығы, ішінің сырланғаны тіпті ерекше.
Кіргеннен бастап есік жанына үйге кірердегі, үйден шығардағы тұсқа дұға жазылған. Әр қабатқа ақырындап көтерілсеңіз, терезе алдындағы бөлме гүлдерін көре аласыз. Иә-иә, бұл подъездің тұрғындары бөлме гүлдерін үйлеріне емес, сыртқа сән беру үшін қойған. Ал қабырғасында әдемі картиналар ілулі тұр. Әдемілікпен үйлескен подъездің тазалығында мін жоқ. Осы подъездге қонаққа келген адамдардың барлығы қызыға қарап кетеді екен. Тіпті мұндай жанға жайлы үйді көргендер берекеге балап, «сататындар болса аламыз» дейтіндер қатары көп көрінеді. Расында, бұл үйге кірсеңіз шыққыңыз келмейді. Көршілердің татулығы Бұл бастаманы бастау, қолға алу, оны ұйымдастыру оңай шаруа емес. Осының бәрін айналасына түсіндіріп, тазалық мен әдемілікті, тәртіпті қалаған тұрғын – Сәнімжан Үмбеталива. Сексен жасқа келген ақжаулықты апамыздың еңбегі зор. Үш тілде еркін сөйлейтін, көпті көрген, жан-жақты белсенділігі бар апамызды іздеп бардық.
– Бұл үйде алпыс отбасы тұрады. Кем дегенде үш жүз адам кіріп шығады. Жүз ойын баласы бар. Ал өзімнің тұрып жатқаныма 13 жыл болды. Осыншама уақыт ішінде үйге қарамасақ, ол азып-тозып кетеді емес пе... Негізі көршілеріме алғыс айтқым келеді. Үйдің сыртын әктету, өзіміз тұратын подъезд тазалығын ұқыпты ұстау тек менің ғана емес, бәріміздің міндетіміз. Осы міндетті түсініп, «жұмыла көтерген жүк жеңіл» дегендей, жан-жақтан көмектескен, қаржысы жағынан бірлесе ұйымдасып кіріскен көпшіліктің арқасы деп білемін. Осы кезде үй толық жөндеуден өтіп, жаңарып қалды. Үйдің кішкентай тұрғындарына дейін «таза ұстаңдар, қабырғаны сызбаңдар, қағаз тастамаңдар» деп жиі айтып отырамын. Балалар да сол тәртіпке үйренді, – деді Сәнімжан апа.
Әңгіме арасында кейіпкерімізден байқағанымыз, тазалықты, тәртіпті жаны сүйеді.
– Көпшілік болған соң бәрінің бірдей тәртіпке бағына беруі қиындау. Әр адам әртүрлі. Бірақ сабырмен түсіндіріп, жылы сөйлесе білсең, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Қазір көршілерім жақсы жандар, – деді ақжаулықты ана, әзиз әже.
Тағы бір байқағанымыз, осы тоғызыншы үйдегі ерекшесі осы подъезд екен.
– Үйді толықтай жөндеуден өткізген соң енді әркім өз подъезін таза ұстау керектігін айтқан болатынмын. Бірақ осы ұстанымды біз ғана ұстанып қалған секілдіміз. Шынымды айтсам, подъездің таза болғаны тек өзімізге ғана емес, сырттан келгендерге де қатты ұнайды. Бізді мақтап кетеді, – деп күлімдеп үн қатты Сәнімжан апамыз.
Апамызбен әңгімелесіп тұрған сәтте көршілері де ол кісінің өте еңбекқор, белсенді жан екенін тілге тиек етті.
– Біздің апамыз өте белсенді. Егер осы қабырғаны біреу сызып кетсе, бірден суретке түсіріп, көршілердің чатына жіберіп отырады. Бәрімізді қадағалап отыр. Жалпы көршілердің арасында осындай үлкеніміздің болғаны дұрыс, – деп күліп алды құдайы көршісі. Ойланып қарасақ, әлгі көршісінің айтқаны жөн-ақ. Расында, әр үйде Сәнімжан апамыздай айналасына ақылшы, жақсылыққа ұйыстырушы жан табылса, қаламыздағы барлық үйлер таза, ұқыпты болар еді. Иә, үлгі боларлық іс. Бұл – берекелі үй Көршілері осылай деді. Тіпті бір қызығы, осы тоғызыншы үйде бір пәтер сатылатын болса, бірден сатылып кетеді екен.
– Өткенде бесінші қабаттан бір бөлмелі пәтер сатылып кетті. Сенесіздер ме, үш адам таласып қалды. Біздің үйде пәтер сату ешқандай қиын емес. Сатуға қойсақ болғаны, сатып алушылар көптеп келеді. «Осы берекелі үйден алғымыз келеді, көршілері де жақсы, үй де таза» деп сырттай қызығып жұргендер көп-ақ, – деп тұрғындар үйлерін мақтан тұтты.
Бізде жыл сайын қала күні аталып өтеді. Сол мереке күндері «Үздік аула» байқауы жарияланып, соңында үздіктер марапатталып жүр. Шаһарды жасыл-желекке айналдыру бағытындағы жұмыстарға өз үлестерін аянбай қосып келе жатқан қала тұрғындарын ынталандыруды мақсат еткен бұл байқау 2018 жылдан бастап ұйымдастырылып келеді. Ал олардың қатарында «Үздік подъезд» деген байқау жоқ екенін білдік. Енді кім біледі? Бәлкім, осыдан кейін үздіктердің қатарына Сәнімжан апамыз бастаған көршілер, бірінші подъезд тұрғындары кіріп қалар... Себебі көпшілікке нағыз үлгі боларлықтай берекелі үй екенін байқадық. Лайым, қалада осындай жанашыр, тазалықты, әдемілікті қалайтын тұрғындар көбейе берсе екен дейміз.
