Kyzylorda-news.kz. Қалалық кітапханалар жүйесіне қарасты ауылдық кітапханалардың «АуылLive» жобасы аясында, 15 мамыр - Отбасы күніне орай «Абзал ана, ибалы келін» атты ене мен келін арасындағы қалалық байқау өткізілді. Аяулы аналардың өмірде алатын орны ерекше екендігін, аналардың ерен еңбегінің зор екендігін кейінгі ұрпақтың бойына сіңіріп, жастарды қазақтың салт-дәстүрін қадірлеуге, құрметтеуге баулу мақсатын мұрат еткен байқауды қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Жағыпар Тажмаханов ашып беріп, қатысушы жұптарға сәттілік тіледі.

Байқауға Қожабековтер «Халықтық» отбасылық ансамблінің көркемдік жетекшісі, «Қуаныш» әжелер ансамблінің жетекшісі, алтын алқа иегері, Батыр ана - Қуаныш Ахметқызы, қалалық кітапханалар жүйесінің әдіскері - Асқарова Сауле Кеңесбекқызы, педагог, «Жас отау» клубының жетекшісі Малимова Салима Шалабайқызы төрелік жасады.

Байқауда енелер мен келіндер «Мен қазақтың келіні, анасымын...» атты таныстыру, «Өнерлі отбасы», «Салт-дәстүрім таусылмайтын байлығым» атты сахналық көрініс көрсету, «Кимешекті, сәукелелі киімдерін, келеді ене ертіп келіндерін» ұлттық нақыштағы киім үлгісін көрсету кезеңдері бойынша өнер көрсетті.

Тақырыпқа сай «Отбасым – бақыт мекенім» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып көрермендерге таныстырылды.

Шара соңында қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Рахметова Гулмира Шамсутдинқызы қорытынды сөз сөйлеп, әділқазы алқасы байқаудың шешімін жариялады.

Байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені - Қыстаубаева Кенжегүл, Қасымбай Айдана (Қосшыңырау ауылы) жұбы жеңіп алса, І орын - Қуандық Данагул, Сәдуақасова Жібек (Ж.Маханбетов ауылы) ІІ орынды - Жылқайдарова Алия,Садық Айгерім (Баймұрат батыр ауылы) және Алпысова Қалия, Әжібаева Жанар(Қарауылтөбе ауылы) өзара бөлісті. ІІІ орын - Шайыхназарова Манар, Нәжімат Нұргүл (Қызылөзек ауылы) жұбына бұйырды. Жеңімпаздар мен қатысушыларға арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыс етілді.

Тағы да оқыңыз: