Kyzylorda-news.kz  Қызылорда қаласындағы Достық үйінің мәжіліс залында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Ақсақалдар кеңесінің үшінші отырысы өтті. Отырыста қоғам үшін маңызды мәселелер талқыланып, оларды шешуге қатысты нақты ұсыныстар қабылданды. Басқосуды кеңес төрағасы Нұрмұрат Ерманов жүргізді.

Жиынға облыстық, қалалық, аудандық Ақсақалдар кеңестерінің төрағалары мен мүшелері, «Қоғамдық келісім» КММ қызметкерлері, этномәдени бірлестік өкілдері қатысты. Сондай-ақ Қызылорда облысы кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының, кәсіпкерлер палатасының, Жалағаш аудандық қоғамдық даму бөлімінің мамандары шақырылды.

552993459_4186342671684881_463562988539515378_n.jpg

Кеңестің күн тәртібінде екі негізгі мәселе қаралды. Оның алғашқысы – бизнесті заңсыз әкімшілік қысым мен қылмыстық қудалау қатерінен қорғау жайы. Бұл тақырып бойынша Қызылорда облысы кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салават Құлмахан баяндама жасады. Ол өз сөзінде кәсіпкерлік саласындағы түйткілдер мен бизнестің дамуына кедергі келтіретін жайттарға тоқталып, оларды шешудің тетіктерін атап өтті.

Күн тәртібіндегі екінші мәселе – Жалағаш ауданындағы этносаралық қатынастардың қазіргі жағдайына арналды. Бұл бағытта аудандық қоғамдық даму бөлімінің басшысы Жасұлан Еспенбет аймақтың әлеуметтік ахуалына талдау жасады.

Жиында кеңес мүшелері ұсыныс-пікірлерін білдіріп, кәсіпкерлікті қолдау мен қоғамдық келісімді сақтау жөнінде өз ойларын ортаға салды.

Қорытынды сөз сөйлеген кеңес төрағасы Нұрмұрат Ерманов баяндамашыларға алғыс айтып, алдағы уақытта айтылған ұсыныстардың тиісті мекемелерге ресми түрде жолданатынын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: