Kyzylorda-news.kz     Дамудың кілтін тапқандар биіктің бедерінен көрініп, ұмтылыстың ұтымды тұсын қарастыруға қауқарлы. Демек, бойында қуаты бар жастардың есті әрекеті елге жасалған игіліктің қайнар көзі болмақ. Бүгінде Қызылорда қаласында 350 мың 069 халық болса, өткен жылдың қорытындысы бойынша облыс орталығында 105 мың 321 жас қоныстанған екен. Олар – 14 пен 35 жас аралығындағы жастар. Бұл қала халқының 30,1 процентін құрайды. Ал оларды демеп, қанаттандыруда «Qosyl» жастар ресурстық орталығы ілкімді істерді атқаруда.

«Qosyl» жастар ресурстық орталығы қала жастарының екінші үйі іспетті. Өйткені шағын орталық қолға алған бастамалар ауқымды. Мұнда 
«Qosyl Kenes», «Qosyl Sport», «Qosyl Game», «Qosyl Dance», «Qosyl Acoustic»  жобалары жалғасын тауып келеді. Мәселен, «Qosyl Kenes» жобасы жастарға консультативтік жұмыстарды ұйымдастыруда көмек. Жыл басынан бері «Мүмкіндіктер алаңы» 8 мәрте, «Көшпелі кеңес» 17 мәрте (қалаға қарасты 2 кент және 7 ауылдық округтерде, Титов қыстағы, Гагарин, Шанхай және Ақмешіт мөлтек ауданы) ұйымдастырылған. Азаматтарды жұмысқа орналастыру, мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар бойынша жауапты мекеме қызметкерлерінің ақпараттық жұмыстары да біріздендірілген. Сонымен қатар ақпарат ағыны қарқынды, жастар желіге байланған заманда «Telegram» әлеуметтік желісі арқылы «Qosyl bot» парақшасы жұмыс жасауда.

«Qosyl Sport»-тың мақсаты – жастар арасындағы бұқаралық спортты дамыту, саламатты өмір салтын насихаттау. Орталық жанынан волейбол 
және ping pong үйірмелері тұрақты қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде үйірмелер жанында ай сайын 100-ден астам тұрақты, 200-ден астам бір реттік қызмет алушылар тіркеліп отырады. Қатысушылар арасында сайыстар өткізу де жолға қойылған. Өткен жылы «Шыңды бағындыр!» жаңа жобасы қанат қақты. Жоба аясында қалаға қарасты барлық мөлтек аудандар, қалаға қарасты кент және ауылдық округ жастарын қатыстыра отырып, турникке тартылудан іріктеу сайыстары және қалалық кезеңдері өтті. Тартымды шараны дәстүрге айналдыру жоспарда.«Qosyl Game» жобасына да қызығушылар көп. 
Себебі интеллект алға шыққанын жастар жіті түсінген. Сондықтан «Монополия», «Мафия», «UNO» секілді ойды ширататын ойындарға қатысу үшін осы орталыққа жиналады.

Бұдан бөлек, шығармашылық әлеуетті шыңдау шет қалған емес. Орталықта «би залы» қызмет көрсетуде. Бүгінгі күні 10-ға жуық би топтары дайындығын жүргізіп, қызметті тұрақты қолданып келеді. 2 жылдан астам уақыт ішінде «Qosyl» замануи би тобы республикалық, облыстық сайыстарда топ жарып, асуларды бағынды. Сондай-ақ, орталық жастардың үлкен сахнаға жолдама алуына да сеп. «Qosyl Acoustic» бағыты бойынша орталықта 
50-ден астам резидент өнерін паш етіп, ғимарат ішін сазды әуенмен көмкеріп келеді.

Заман талабы ескерілген орталықта WI-FI, коворкинг орталығы, креатив фото-видео студиясы, жастар ұйымдары кабинеті тегін қызмет көрсетуде.  Бүгінге дейін Google тіркеу журналы арқылы жүргізілген есепке сәйкес,орталыққа келушілер саны 8854 жасқа жеткен. Бірақ орталық санға емес, сапаға жұмыс істеуді басты миссия етіп отыр.

– Мемлекет басшысының «Жастар үшін емес, жастармен бірге!» қағидатына сәйкес,жастармен бір толқында болуға тырысамыз. Барлық шара оқырмандар арасында ұйымдастырылатын сауалнаманың қорытындысы негізінде өтеді. Жастардың өзін бүгінде екі топқа бөліп қарастырып жүрміз, «ұйымдасқан», «ұйымдаспаған» деп. Бірақ бізде шектеу жоқ. Мақсат – жастарды бөліп жармай, барлығын бірдей сапалы қызмет көрсету. Жұмысқа орналасуға жағдай жасау, мемлекеттік бағдараламалардың игілігін көруге шақырып, бос уақытын қажетіне жаратуына атсалысу, – деді орталық маманы Бексұлтан Нұрғазы.

Өңірдегі мемлекеттік жастар саясатын дамытуға биыл 18 миллион 113 мың теңге қаржы қаралып, бөлінген қаржыға 6 әлеуметтік жоба жарияланған екен. Қазіргі таңда жеңімпаз ұйымдармен жоспарға сәйкес жұмыстар атқарылуда. «Қала жастарының қажеттіліктерін қанағаттандыру бойынша үйірме жұмыстарын ұйымдастыру» әлеуметтік қызметіүйірме жұмысын кәсіби мамандардарды тарта отырып жүргізуге ықпал етуде. Ал «Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік қызметі бойынша сертификатталған тренермен бірге оқыту өтеді. «Жоба менеджементі» тақырыбындағы оқытудың қорытындысында 10 шағын жоба әзірленіп, 150000 теңге көлемінде қайтарымсыз негізде гранттық қаржылар табысталды.

«Жастардың психикалық денсаулығы және суицидтің алдын алу» әлеуметтік қызметі өзегін жоғалтпайды. Қоғамдағы түйткілді тарқату бойынша бастамалар жалғасуда. Жастар үшін «24/7» үздіксіз режимде жұмыс жасайтын cаll-center қызметі іске қосылды. Психологиялық көмек анонимділік қағидатын сақтай отыра жүргізіледі. Қаланың барлық мектептерінің, арнаулы орта оқу орындарының және жоғары оқу орындарының психолог мамандарынквалификациялау да күн тәртібінде. Бұл ретте  лектор, БҰҰ балалар қорының ұлттық тренері, Еуропа психологтар қауымдастығының мүшесі Абдрахманова Сымбатпен оқыту жұмыстары ұйымдастырылды.

Жастардың кемшілігін күзеп, болашағына мотивация сыйлау да қалыс қалмау керек. Қызылорда қаласы әкімінің «Самғау» жастар сыйлығы соған дәлел. Бұл әлеуметтік қызмет аясында тігіншілер, аспазшылар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, электриктер, автомеханиктер, робототехника, 3D моделдеу, автоэлектриктер, дизайнерлер арасында оншақты байқау өткен. Жеңімпаздарға арнайы алғыс хаттар, статуэткалар, жүз мың теңге көлемінде қаржылай сыйлық табысталды. Бұдан бөлек, қала әкімінің қатысуымен «Qosyl premiya» салтанатты шарасы ұйымдастырылды.

«Бүгінде жастар арасында ұйымдастырылған қандай шара болса да өзекті. Көбіне-көп отбасын құру, кәсіп бастау, өмірлік ұстанымынан айнымау өзекті тақырыптар легінде. «Шара өткізгенде жастар риза болса және өздеріне аз да болса керекті ақпарат, көкейлерінде жүрген сұраққа жауап тапса, бастысы осы» дейді орталық мамандары.

Жалпы «Qosyl» жастар ресурстық орталығы қызметін өткен жылы 8516 жас пайдаланған. Оның ішінде «Qosyl Acoustic-ке» - 391 жас, би залына – 2605 жас, спорттық шараларға – 1124 жас, үстел теннисіне - 2113 жас, семинар-тренигтерге – 1720 жас, кинотайм –  196 жас, үстел ойындарына – 495 жас, фото-видеоға – 207 жас қамтылған. Ал өткен жыл басынан бері орталық тарапынан 210 шара ұйымдастырылып, оған 13442 жас қамтылған екен.

Жұмыссыз жастардың үлесін төмендету мақсатында қалалық жастар ресурстық орталығында @jumys.bar жобасы іске асырылып келеді. Жоба аясында орталықтың инстаграм әлеуметтік желісінде өзекті әрі соңғы бос жұмыс орындары жарияланып отырады. Қазіргі таңда парақшаның оқырмандар саны 2147-ге жетіп, жыл басынан бастап 145 бос жұмыс орындары жарияланды. Жұмыс жасауға ниетті кез келген жас, парақшада орналасқан вакансиялар бойынша жұмысқа орналасуға мүмкіндік алады.

Сонымен қатар жұмыссыз жастарға арналған «Мүмкіндіктер керуені» жобасы аясында бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп келеді. Жыл басынан бері 8 мәрте бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 164 мекемеден 2 870 бос жұмыс орындары ұсынылып, 52 мекемеге 220 азамат жұмысқа орналасуға жолдама алды.

Сондай-ақ, орталықтың «Qosyl kenes» жобасы арқылы жастарға кеңес беруді ұйымдастыру тұрақты жүргізіліп келеді. Жоба аясында жастарға мемлекеттік бағдарламалармен жобаларды кеңінен насихаттау, кеңес беру мақсатында қалаға қарасты 2 кент және 7 ауылдық округте «Көшпелі кеңес», «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Шараға арнайы сала мамандары қатысып, жастарды қолдауға бағытталған жобалар мен мемлекеттік бағдарламаларға енгізілген өзгерістер туралы және орталық тарапынан ұсынылатын қызметтер жайында ақпараттар берілді.  Аталған шара, Титов қыстағы, Гагарин, Тасбөгет, Шанхай және Ақмешіт мөлтек ауданы секілді қаланың шет аймақтарында өз жалғасын тауып, жастарға мемлекет тарапынан берілген мүмкіндіктер жайында кеңінен насихатталды.

Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен мемлекеттік жастар саясатының 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру мақсатында жас түлектерді жұмысқа орналастыру және жастарды жұмыспен қамту бойынша республика көлемінде бірыңғай ​1 маусым – 30 маусым аралығында «Tulga Bol» жылжымалы жәрмеңкесі өткізілген.

Бұдан бөлек орталықтың «1.2.3. Старт» жобасы аясында дұрыс мамандық және оқу орнын таңдау бойынша кеңес беру мақсатында, республикаға танымал университеттермен тікелей эфирлер өткізілген. Атап айтқанда, Евразия Ұлттық университеті және ҚР ІІМ Б. Бейсенов атындағы Қарағанды академиясымен өткізілген тікелей эфирді 1277 оқырман тамашалап, 1248 қаралым жинаған.

Сонымен бірге 15 мамыр – Халықаралық отбасы күні қарсаңында «Бала мен ата-ананың арасындағы қарым-қатынас» тақырыбында жас отбасыларға арналған орталықтың инстаграм парақшасында тікелей эфир жүргізілген. Эфир қонағы «Сеніммен болашаққа» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Шерхан Жұмабекұлы болды. Тікелей эфирге 233-тен астам оқырман белсенді атсалысқан.

Қызылорда қалалық «Qosyl» жастар ресурстық орталығы әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруда да нәтижелі жұмыс істеп келеді. Мәселен, «Самғау» жобасы аясында 10 бағыт бойынша (тігіншілер, аспазшылар, дәнекерлеушілер, тас қалаушылар, электриктер, автомеханиктер, робототехника, 3D моделдеу, автоэлектриктер, дизайнерлер) байқау өткізілген. Байқауға әр саланың түлектері қатысты. «Qosyl Премия» қорытынды шарасында қала әкімінің «Самғау» жастар сыйлығымен жәнек қала көлемінде мемлекеттік жастар саясатының жүргізілуіне белсенді атсалысып жүрген бірқатар белсенді жастар, жыл көлемінде әр салада қызмет жасап елге танылған азаматтар қызықты номинациялармен марапатталды.

Робототехника байқауына «Кегельринг-квадро» санатындағы роботтардың жарысына, 3D модельдеу, дизайнерлер байқауы, жас тігіншілер, тас қалаушылар байқауы, автоэлектриктер, автомеханиктер байқауы, дәнекерлеушілер, электриктер байқауына, аспаздар байқауына қала көлемінде 14-35 жас аралығындағы тіркелген (алдын ала жарияланған ақпараттағы сайтқа) жастар қатысқан.

        Бұдан басқа «Жастардың психологиялық денсаулығы және суицидтің алдын алу» әлеуметтік жобасы аясында ЖОО және ОАОО-ның студенттері арасында  «Жастар арасындағы суицидтік әрекеттерден қорғау» тақырыбында семинар-тренингтер және «Жасөспірімдер мен жастар арасында психикалық денсаулықты нығайту» тақырыбы бойынша Қызылорда облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі» ММ-нің қызметкерлері арасында кездесу ұйымдастырылған. Сонымен қатар, «Жастардың психикалық денсаулығы және суицидтің алдын алу» тақырыбында жоғары оқу орындары мен мектеп психолог мамандарын оқыту жұмыстары жүргізіліп, арнайы сертификаттар табысталып, 2000 дана әдістемелік құрал әзірленген.

Сондай-ақ  жастарға тәулік бой анонимді түрде психологиялық кеңес беру желісі іске қосылып, әлеуметтік желілерде кеңінен ақпараттандырылуда. Әлеуметтік жоба аясында 24/7 үздіксіз режимде қызмет жасайтын call-centre қызмет атқаруда. Жыл басынан бері 91жасқа кеңес берілген.

Жастар ресурстық орталығы тарапынан қала жастарын жан-жақты дамыту, қолдау, уақытын тиімді пайдалану бағытында атқарылған жұмыстар жетерлік. Осы ретте бейресми білім беру арқылы жастардың өмірлік маңызды дағдыларын, құзыретін және дербестігін дамыту бойынша «Target intensive» - 10 қаңтар күні қала жастарына арналған таргеттік жарнама бойынша 1 күндік тегін интенсив курсы ұйымдастырылған. Курсқа 13 жас тіркеліп, оқуға қатысқан. Интенсивті орталықтың SMM-маманы, таргетолог А.Сахи жүргізіп, таргеттік жарнамалаудың қыр-сырын үйреткен.

«Жастар бастамаларын қолдау» әлеуметтік жобасы аясында қала жастарының арасынан бастамашыл топ құрылып, «Жоба менеджменті» тақырыбында жоба жазу бойынша семинар-тренинг өткізілген. Қазіргі таңда бастамашыл топтар ұсынған жобалар арасында конкурс ұйымдастырылып, үздік жоба анықталуда. Сонымен қатар, жастар арасында тренерлер пулын қалыптастыру мақсатында жастар қызметкерлерімен жастар ұйымдары өкілдерінің қатысуымен 3 күндік тренерлерге арналған тренинг өткізілді. Бұдан бөлек «Аула клубтары» әлеуметтік жобасы бойынша 2022 жылы Титов қыстағы және Тасбөгет кентінде жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, қажеттіліктерін қанағаттандырумен қызығушылығын анықтау мақсатында аула клубтары құрылып, жастар қолданысына берілді. Жыл басынан бері 19 шара өткізілген. Қазіргі таңда спорттық сайыстар мен үстел ойындары тұрақты өткізіліп келеді. «Qosyl acoustic» шығармашыл жастар жобасы қала жастары арасында аса танымалдылыққа ие болып, 2 жылдан бері ай сайын тұрақты өткізіліп келеді. Қазіргі уақытта жобаның 25-тен аса резиденті мен 150-ден аса тұрақты көрермені бар.

Сондай-ақ, жайдарман ойындарыда қала орталығында тұрақты ұйымдастырылып келеді. Жыл басынан бері 1 республикалық және 2 облыстық деңгейдегі жайдарман ойындары өткізілді.

«Qosyl sport» жобасы аясында – жыл басынан бері 41спорттық шара өткізіліп 2100-ден аса жас қатысқан. Сонымен қатар Қызылорда Облысының  85 жылдығы және Қызылорда қаласы күні қарсаңында «QYZYLORDA URBAN STYLE» жастар фестивалі өтті. Фестиваль аясында «Шыңды бағындыр» турникке тартылудан жарыс, штанганы жатып сығымдаудан жарыстар өтті. Алғаш рет қаладағы ірі сауда орындары мен базарлардағы жастар арасында кіші футболдан «Достық кубогі» турнирі өткізілді. Алдағы уақытта тоқсан сайын дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Титов және Тасбөгет аула клубтарында түрлі бағытта спорттық сайыстар өткізілді.

Қызылорда қаласы әкімдігі жанынан құрылған жедел топ Qosyl Qyzylorda Jastar Ortalygy мен Қызылорда Қалалық Полиция Басқармасы ювеналды полиция бөлімшесінің қызметкерлерімен бірге жыл басынан бері 20 түнгі рейд жұмыстары жүргізілді.

Тағы да оқыңыз: