Kyzylorda-news.kz  Рейхстаққа Жеңіс Туын тіккен халық қаһарманы, тарихи ерлігін небәрі 21 жасында жасаған қазақтың батыры Рахымжан Қошқарбаевтың туғанына биыл жүз жыл толып отыр. Тау тұлғалы батырдың өмірі мен ерлігін ұлықтау мақсатында Қызылорда қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне қарасты А.С.Пушкин атындағы орталық кітапхана Абылайхан атындағы жоғары колледж студенттері мен кітапхана оқырмандарының қатысуымен «Жеңіс Туын тіккен жауынгер» атты ерлік сағатын өткізді.

Шара барысында Абылайхан атындағы жоғары колледж кітапханасының меңгерушісі Айымкүл Омарқызы сөз кезегін алып, майдан шебіне Отанын қорғауға аттанған Рақымжан Қошқарбаев небәрі 16 жаста болғанын, ал 18 жасында Қазақстан және Орта Азия сарбаздарының әскери дайындығынан өтіп, Көкшетау қаласындағы атқыштар полкі қатарына алынып, майдан шебіне қосылғаны туралы айтып, жастарымызға өмір жолын үлгі етіп, елжандылыққа шақырды.

Колледж студенті Оразбек Ердәулет «Ерлігі ерен қазақ жігітінің есімі көкірегімізде ерекше көңіл мен мақтаныш сезімін ұялатады, жастарымыздың ішінде батырдың ерлігін қайталауды армандайтын жастарымыз әрине көп, өйткені, Рақымжан ерлігі – еріксіз бас идіретін ерен ерлік» - деп ерлік туралы өзінің ойымен бөлісті.

Жалпы шараның мақсаты – жастарымыздың патриоттық сезімін ояту және Отан қорғаушы бейнесін қалыптастыру, ел тарихымен таныстыру болып табылады.

Тағы да оқыңыз: