Kyzylorda-news.kz. Бүгін қала әкімі Серік Қожаниязов қаржы саласының ардагері Ирина Кимді мерейтойымен құттықтады.
– Бүгінгі жиынымыз экономика ғылымдарының докторы, қаржы саласының ардагері Ким Ирина Леонидовнаның 70 жасқа толған мерейтойы құрметіне арналуда. Құрметті Ирина Леонидовна, саналы ғұмырыңызды қаржы саласына арнап, Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қызылорда арнайы экономикалық аумағын құру туралы бастаманы жүзеге асыруға аянбай еңбек еттіңіз. Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың әл-ауқатының артуына қосқан үлесіңізді Сыр жұртшылығы ерекше бағалайды. Сізді бүгінгі мерейтойыңызбен құттықтай отырып, деніңізге саулық, отбасыңызға амандық тілеймін. Сізге аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының іс-сапарда болуына байланысты облыс әкімінің мерейтойлық құттықтауын табыстауға рұқсат етіңіз», - деді шаһар басшысы.
Іс-шара барысында мерейтой иесіне Қызылорда қаласының дамуына қосқан ерекше үлесі үшін қаланың ең жоғарғы марапаты «Құрмет грамотасы» табысталды.
Мерейтой иесін қоғам қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Өмірбек Шәменов, облыстық мәслихат депутаты Балжан Мөрәліқызы және еңбек жолында қызмет атқарған бірқатар әріптестері құттықтап, игі тілектерін жеткізді.
Ирина Ким еңбек жолын Қызылорда темір жол бөлімшесінде инженер-экономист болып бастап, облыстық экономика басқармасының басшысы, Қызылорда қаласы әкімінің бірінші орынбасары, арнайы экономикалық аймақ төрағасының орынбасары, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар, қаржы басқармаларының басшысы, облыс әкімінің кеңесшісі, «Байқоңыр» СПК» АҚ басқарма төрағасының орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.