Kyzylorda-news.kz Ұлттық құрылтайдың IV отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты заң ұстанымдарын қайта қарауды ұсынды.
- Маған белгілі адвокат Айман Омарова хат жолдады. Ол өз хатында күрделі тақырыпты қозғап, әйелдер колониясындағы ахуалға тоқталды. Әсіресе, жүкті әйелдер мен кішкентай балалары бар әйелдердің жағдайына баса назар аударды. Еліміздегі қылмыстық-атқару жүйесінің мақсаты сотталған азаматтарды жазалау емес, түзету болуы керек деген пікірмен келісемін. Ер адам немесе әйел болсын, бас бостандығынан айырылғандардың бәрі заң алдында бірдей екені түсінікті, - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің сөзінше, заң алдында бүкіл азамат тең болғанымен кәмелетке толмаған баласы бар әйелдердің жағдайымен санасу қажет.
- Дегенмен адамгершілік құндылықтарды басшылыққа алып, «Заң мен тәртіп» қағидатын сақтай отырып, кәмелетке толмаған баласы бар әйелдерге қатысты кейбір заңдық ұстанымдарды қайта қарауға болады деп ойлаймын. Құқық қорғау органдары мен депутаттар осы мәселені байыпты әрі жан-жақты зерттеп, шешім қабылдау үшін ұсыныстар енгізуі керек, - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Фото: Нұрболат Нұржаубай