Kyzylorda-news.kz. Қыркүйек айының екінші жексенбісі – Отбасы күні. Соған сәйкес Қазалы аудандық Р.Бағланова атындағы мәдениет орталығында «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауында лауреат атанып, Қазақстан бойынша үздік 20 отбасының қатарынан көрінген ғасыр жасаған майдангер Қабақ Смағұлмен кездесу және Отбасы күніне арналған салтанатты шара ұйымдастырылды.
Мерейлі кеште аудан әкімі Мұхтар Оразбаев сахна төріне көтеріліп, көпшілікке жылы лебізін жеткізді.
«Шындығында, отбасы – адамзат баласының дүниеге шыр етіп келгенде, есігін айқара ашып енетін үйі, өсіп ержететін, тәрбие алатын аса қажетті, әрі қасиетті алтын бесігі. Қай заманда, қай елде болмасын отбасының адамзат ұрпағына ықпал мен әсерін өмірдегі басқа еш нәрсенің күшімен салыстыруға болмайды. Өздеріңізге белгілі, елімізде жыл сайын «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы тұрақты түрде ұйымдастырылып келеді. Биыл қос ғасырдың куәсі болған, ғасыр жасаған майдангер Қабақ Смағұл ақсақалдың әулеті аудандық, облыстық конкурста жеңімпаз атанып, республикалық байқауда Қазақстандағы үздік 20 отбасының қатарынан көрінді. Мұнан бөлек, облыстық байқауда жүлделі екінші орыннан көрінген «Бөлебаевтар» әулеті көпке үлгі боларлықтай киелі шаңырақ. Бүгінгі қуанышты кеште отау құрғандарына 50, 55, 60 және 65 жыл толған отбасылар біздің арамызда отыр. Бұл сол шаңырақ астындағы шаттықтың, береке-бірліктің айқын көрінісі. Тағы да отбасы күні құтты болсын! Әрбір шаңырақтан қуаныш, шаттық, береке-бірлік үзілмесін», – деді аудан басшысы.
Мұнан соң Мұхтар Әуесұлы «Мерейлі отбасы – 2023» ұлттық байқауының жеңімпазы, қос ғасырдың куәсі, Ұлы Отан соғысының ардагері Қабақ Смағұл мен аталған байқаудың облыстық кезеңінде жеңімпаздар қатарынан көрінген еңбек ардагері Бекқожа Бөлебайдың отбасын аудан әкімінің «Құттықтауы» мен бағалы сыйлықтарымен марапаттады.
Сонымен қатар, отау құрғандарына 50, 55, 60, 65 жыл болған 10 әулеттің мерейтой иелеріне аудан әкімінің арнайы «Дипломдары» мен сый-сияпаттары табысталды.
Мерекелік кеш одан әрі аудан өнерпаздары мен бірнеше отбасы мүшелерінің ән шашуына ұласты.