Kyzylorda-news.kz  Бүгін 14 наурыз – Көрісу күні. Бұл күнді Амал мерекесі деп те атайды. Наурыз мерекесінің бастауы, жаңа жылдың басы ретінде тойланатын бұл мереке – күн мен түннің теңелген тұсында, қыстың бейнеті мен қиындығынан аман-есен шығып, халықтың Наурыз мерекесі алдында мәре-сәре болатын күн.

Атаулы күнге орай Қашақбай Пірімов ауылында «Татулық достықтың киелі бесігі» атты мерекелік шара өтті. Тағылымды шараға аудан әкімінің кеңесшісі Бақытжан Жарылқап пен аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Болат Жолтаев қатысып, жиылғандарды мерекемен құттықтады. Сондай-ақ, Амал мейрамының мән-мағынасы мен тарихына, оның құндылықтарына айрықша тоқталып өтті.

Амал мерекесінде Абай ауылы, Жалаңтөс батыр, Қ.Пірімов ауылдарының әжелері қауышып, әдет-ғұрыпқа сай шашу шашты. Қазақтың ұлттық тағамдарынан дәм ұсынылып, ұлттық спорт түрінен ойындар ұйымдастырылды. Сонымен қатар, қазақ халқының ұлттық салт-дәстүріне негізделген театрландырылған көрініс пен концерттік бағдарлама ауыл тұрғындарының назарына ұсынылды. Өнерпаздар ән мен жырдан шашу шашып, халыққа ерекше қуанышты көңіл-күй сыйлады.

Тағы да оқыңыз: