Kyzylorda-news.kz Қолбасшы Жанқожа Нұрмұхаммедұлының 250 жылдық мерейтойы аясында Роза Бағланова атындағы Қазалы аудандық мәдениет орталығында Жәдігер Тұрсынов атындағы халықтық театры Ә.Оспановтың "Наркескен" трилогиясы желісі бойынша қойылған "Үміт пен өкініш" спектаклінің премьерасы өтті.
Спектакльдің инсценировкасын жасаған – Болат Әбенұлы Жолтаев. Театр режиссері - Досан Гүлбану.
Жанқожа Нұрмұхамедұлы (1774-1860) – батыр, Сыр бойы қазақтарының Хиуа, Қоқан хандықтарының езгісіне және Ресей отаршыларына қарсы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы. Қазіргі, Қызылорда облысының Қазалы ауданында туған.
ХІХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарынан бастап Сыр бойы мен Арал теңізінің шығыс жағалауын қоныстанған қазақтарға өз үстемдігін жүргізе бастаған Хиуа, Қоқан хандықтары 1830-1840 жылдары жергілікті халыққа өктемдігін одан әрі күшейтті. Жастайынан әділдігімен, батырлығымен елге танымал болған Жанқожаның төңірегіне топтасады.
Қазақ халқының намысын, елі мен жерін қорғаған Жанқожа батыр бейнесін театр өнерпазы Қойшыбаев Қанат сомдап, жиналған қауымның ризашылығына бөленді.
Қойылымнан кейін, Қазалы ауданы әкімінің кеңесшісі Жарылқап Бақытжан Дүзелбайұлы сөз алып, театр ұжымына жылы лебізін білдіріп, Қазалы ауданының әкімі Мейрамбек Зинабдинұлының алғыс хатын тарихы терең ЖәдігерТұрсынов атындағы халықтық театр ұжымына табыстады.
Қорыта келгенде, «тарихты білмей өткенді, қазіргі жағдайды білу, келешекті болжау қиын», -деп ұлы бабамыз Әбу Насыр Әл-Фараби тегін айтпаған секілді. «Халықтың басына түскен тауқымет қабырғасын қайыстырып, сол жолда бастарын бәске тігіп, қасықтай қанын аямай, шыбын жанын шүберекке түйген әр тұлғаның тағдырын танытатын да, ұрпаққа өнеге етіп, алдына тартатында — тарих» екені даусыз.
Біздер, Егеменді, Азат Қазақстанның жастарын, қазақ азаматы өткен тарихымызды тек біліп қана қоймай оны жанымызбен ұғына білуіміз керек. Ұлт-азаттық жолында жанын пида еткен ата –бабаларымыздың аңсаған арманын тәуелсіз елімізде нығайта жүзеге асыруымы – міндет. Оны тек сөз жүзінде ғана емес, ғылымды меңгерумен еңбек ету жолдары күтіп тұр.
Тарихи тамыры терең театр ұжымы, бүгінде, өзіндік сара жол салып, тұғырлы биігінде қомданып, абыройдың ақ туын желбіретуде.