Kyzylorda-news.kz "Жамандық пайда етпейді, жақсылық зая кетпейді" дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады. Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.
Қайырымдылық жасау үшін асып-тасып бай болудың қажеті шамалы, ең бастысы, мейірімді жүрегің мен таза ниетің болса жеткілікті. Кез келген қиын жағдайда адам баласы әртүрлі бағытта көмек қолын соза алады. Біреулер жаны жабырқау жүргендерді жұбата отырып, күлкі сыйласа, ал, біреулер қиын сәтте қол ұшын беріп, көмек жасайды. Міне, сондай игі істі атқаруда Қазалы ауданының азаматтары қалыс қалған емес.
Кеше Қазалы ауданында Ұлыстың Ұлы күні - Наурыз мерекесі қарсаңында 15 наурыз - Қайырымдылық күніне орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың тапсырмасына сәйкес “Отбасын қолдау орталығы” және “Сауаптан құр қалмайық” қорының ұйымдастыруымен “Жүрек жылуы” атты қайырымдылық марафоны өтті.
Марафонның басталу рәсімінде аудан әкімінің орынбасары Дәурен Тілеумбетов игі іске атсалысып жатқан барша жандарға аудан әкімдігінің атынан ризашылығын білдірді.
Сондай-ақ, азық-түлікті таратуға қол ұшын созып, көлікпен қамтамасыз етуде көмектесіп жатқан жүргізуші жігіттерге де алғысын айтты.
Марафон аясында аудандағы тұрмысы төмен 200 отбасы азық-түлікпен қамтамасыз етілді.