Kyzylorda-news.kz Жуырда Қазақстан халқы ассамблеясы жанындағы аудандық аналар кеңесі 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні қарсаңында «Бар мейірім балаларға» деген атаумен арнайы шара ұйымдастырды. Ерекше қолдауды қажет ететін балаларға қуаныш сыйлауға бағытталған бұл шара «Ассалам» мейрамханасында өтті.

Мерекелік басқосу барысында аудандық аналар кеңесінің төрайымы Шәкизада Асқарова балаларды құттықтап, оларға жылы лебізін білдірді.

– 1 маусым – мейірімге толы мереке. Себебі баланың қуанғанынан, оның шат күлкісінен артық ештеңе жоқ. Біз үшін балаларымыздың болашағы маңызды. Өйткені олар – ертеңгі ел тізгінін ұстайтын нағыз кемел ұрпақ. Сондықтан оларға сапалы білім, жақсы тәрбие беру, сондай-ақ оларға керемет көңіл күй сыйлау – бізге міндет. Балалар күні құтты болсын, басты байлығымыз – балаларымыз әрқашан аман болсын! – деді Шәкизада Келімбетқызы.

Аналар кеңесінің ұйымшыл ұжымы балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, басқосуға келгендерге концерттік бағдарлама ұсынды. Бірі әннен шашу шашса, ал ендібірі өлеңнен өрнек өрді. Одан соң жиналғандар «Жүректен жүрекке» сергіту сәтінде бір-біріне жүрек жарды сөздерін айтып, ойын ойнады. Балалардың көзіндегі қуанышты көріп, әдемі кештің керемет әсер сыйлағаны анық аңғарылды. Ата-аналар да балаларының мәз-мейрам болғанына дән риза.

Басқосу аясында ата-аналар балаларына арналған мерекелік шаралардың алдағы уақытта да жібі үзілмей жалғасын сұрады. «Бұл балалардың көңіл күйлерінің серпілуіне, сондай-ақ олардың оңалуына оң септігін тигізеді» дейді олар.

Шара соңында ерекше қолдауды қажет ететін 10 балаға арнайы сыйлық табысталды. Концерттік бағдарлама тәмамдалған соң, Шәкизада Келімбетқызы кешті қорытындылап, игі іске ұйытқы болған жеке кәсіпкер, «Ассалам» мейрамханасының иесі Жадыра Берікқызына аудандық алғаусыз алғысын білдірді. Сондай-ақ қамкөңіл балалардың көңілін аулауға атсалысқан барша жанға ризашылығын жеткізді.

Тағы да оқыңыз: