Kyzylorda-news.kz Сырдария ауданы әкімдігінің қолдауымен «Жетікөл» ауылдық әкімдігінің бастамасымен «Адал адам» мәдени-тәрбие орталығында «Сұхбат ТІМЕ» жобасы аясында «Ауылға барам...» атты кең форматта іс-шара өтті.  Бұл шараға Жетікөл ауылының төл перзенті, Сыр бойына белгілі қаламгер,  «Қазақстанның Құрметті журналисі», журналист–ақын, «Сыр медиа» ЖШС ардагерлер ұйымының төрағасы Кенжалы Ерімбетов шақырылды. 

Кешке «Сыр медиа» ЖШС-ның бас директоры Марат Аралбаев, Қызылорда қалалық ГКӘТ және ВКШӘТ ардагерлер қоғамы директорының орынбасары Сексенбай Райымбеков және «Жетікөл» ауылдық округінің әкімі Өмірбек Тоқпамбетов және ауыл тұрғындары қатысты. 

Аталған іс-шараны «Жетікөл» ауылдық клубы» КМҚК директоры, Сыр бойына танымал жырау Алмат Өтеуов ашып жүргізді. Алғы сөз «Сыр медиа» ЖШС-ның бас директоры Марат Аралбаевқа берілді.

– Құрметті ауылдастар мен кешке келген қадірлі қонақтар! Бүгінгі «Жетікөл» ауылында өтіп жатқан іс-шараға біздің әріптесіміз, ардагер журналист, ақын Ерімбетов Кенжалы ағамызды сұхбат алаңына шақырғандарыңызға өз атымнан рахметімді айтамын. Ауыл бұл – дарындылар мен танымал тұлғалардың мекені. Қараңыздаршы, Жетікөлдей шағын ауылда дүниеге келіп, қаншама республикаға танымал тұлғалардың шыққанын өздеріңізден естіп, біліп жатырмыз. Осы кісілерге қарап, бүгінгі ауыл жеткіншектері бой түзеп, өсері анық. Бізде ауылдан шықтық. Сол ауылдағы «өнегелі ағалардай болсақ» деп қызыға қарап өстік, жетілдік. Ұрпағымыз бүгінгідей әлеуметтік желіге телінген заманда, осындай іс-шаралардың жиі өткені дұрыс деп есептеймін. Жасыратыны жоқ, балалардың қалта телефонына ақша салып Тикток қаратып көздерін талдырғанша, Ұлы Абайдың: «Талап, еңбек, терең ой, Қанағат, рахым, ойлап қой, Бес асыл іс, көнсеңіз» деген ұлағатын бүгінгі ұрпақ санасына сіңіре білсек, олардың ішкі сана сезімі жаңарып, өмірге деген көзқарасы жаңаша қалыптасары анық. Міне, сонда адал азаматтардың қатары артып, әділетті қоғам  қалыптасады деп ойлаймын, – деді Марат Жайылханұлы.

Мұнан соң сахна төрінде Кенжалы Ерімбетовтың өмір жолы жайлы видеоролик көрсетіліп, еркін сұхбатқа жалғасты. Іс-шараға жиналған қауым керемет естеліктермен бөлісті. Көл жағасында тұратын қайықтардың тағдыры баяндалып, бүгінде оның келмеске кеткені жайында терең ой қозғалды. Көл жағасын аппақ сор басқаны жүрекке салмақ түсіретінін ақын өз өлеңінде жеткізе білгендігі айтылды. Кеш кейіпкері бір кездегі соғысқа қатысқан ауыл қарияларын еске алып, олар жайлы сағынышты өлеңін оқыды. 

Ауылға барам....png

Сұхбат барысында адамгершілік қасиет, туған жерді сүю, туған ауылды қолдау, ұлттық құндылықтар, парасат пен салауаттылық, отбасылық сыйластық, тәрбие мен тәлім, балаларды сапалы білім алу мен кітап оқуға көңілдерін аудару туралы,  иман мен иба жайлы жан-жақты ойлар ортаға салынды. 

Жарқын «Сұхбат ТІМЕ» жобасында оқушылар ақынның өлеңдерін оқып, туған жерді сүю туралы көзқарастарын айтып, пікір алмасты. Ауыл  атынан еңбек ардагерлері Роза Айтмағанбетқызы, Клара Наурызбаева және Дастан Салмұрзаев сөз сөйлеп, бүгінгі сұхбаттың өте мәнді өткенін айтып, кеш  қонақтарына алғыстарын білдірді. Мұнан соң ауыл тұрғыны, ардагер ұстаз Гүлсім Жакенова Кенжалы Ерімбетовтың иығына өз атынан шапан жауып құрмет көрсетті. 

Жылы жүздесу арасын ауыл өнерпаздары әнмен өрнектеп отырды. Алдағы уақытта мұндай іс-шаралар жалғасын табатынын жеткізген ауылдық округ әкімі Сырдария ауданы әкімі Б. Сәрменбаевтың Алғыс хатын табыстап, ақынға шапан жапты. Кездесу соңында ардагер-журналист, ақын Кенжалы Ерімбетов «Сыр медиа» ЖШС ұжымы атынан «Мектепке жол» акциясы аясында мектеп оқушыларына арналған оқу сөмкесі мен құрал-жабдықтарын тарту етті.

WhatsApp Image 2025-09-02 at 09.57.20.jpeg

Аружан ЕРАЛЫ

Тағы да оқыңыз: