Kyzylorda-news.kz Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай Көшеней Рүстембеков атындағы Жыраулар үйінде Қалалық кітапхананың ұйымдастыруымен ақын, ұстаз, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі, «Жаңажол жырлары» кітабы, «Жүректен тамған тамшылар», «Қырғауылдың қайғысы», «Ойтүрткі» жыр жинақтарының авторы Дастан Нәзікбаевтың «Анам жайлы аңыз» атты кітабының тұсаукесері  өтті. 

Бұл жиынның басты мақсаты – жергілікті ақын, бірнеше кітаптың авторы, Дастан Мырзабекұлының шығармаларын кеңінен таныстырып, кітаптың ішкі құнын ашып, өлеңді оқу арқылы туған еліне, жеріне, анаға деген сүйіспеншілік сезімін ояту.

«Ана» деген атау бәріміз үшін ыстық қой. Осы бір сөзді есту әйел үшін арман болса, бала үшін сондай бөлек дүние. Ананың аялы алақанын басқа нәрсемен салыстыруға әсте келмейді. Қолына қалам алған жазушы да, өлең өрнектеген ақын да, ән шырқайтын сахна саңлағының да қоржынында кем дегенде «Анаға» аналған бір дүние бар.  Жерлесіміз Дастан ағайдың «Анам атты аңыз» кітабы биыл Алматы қаласындағы «Дайыр» баспасынан жарық көрді. Онда сан тағдырлы аналар бейнесі сомдалған. Шығармада ананы сыйлау, құрметтеу сияқты асыл қасиеттер насихатталады. Кітап өнерді құрметтеген, өлең сүйер қауымға арналған. 

Рухани іс-шараға аудан әкімінің орынбасары Самат Қыдырбекұлы мен аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы кітаптың тұсауын кесу рәсімін жасап, игі тілегін жеткізді.

– Заман дамыған сайын құндылығымыз өзгеруде. Бұрын әрбір үйде жеке кітапхана болатын. Ал қазір кітапханасы бар үйді саусақпен санаймыз. Негізі кітап оқу – жеке бастың ғана емес, қоғамға пайда әкеледі. Осы ретте, біз өзіміздің жерлесіміз, өңіріміздің рухани дамуына үлкен үлес қосып жүрген Дастан Мырзабекұлының  жаңа кітабының тұсаукесер рәсіміне жиналып отырмыз. Өзіндік ойы, көзқарасы, пайым-парасаты бар ақынның жаңа туындысы құтты болсын! Бұл кітапта перзенттік парыз, анаға деген құрмет пен сағыныш бар. Осы кітапты қолына алған әрбір жан өз анасын еске алып, өмірде болса құрметі арта түсері сөзсіз, – деді аудандық мәслихат төрағасы Әділ Үсенұлы. 
Сондай-ақ, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы, ауданның құрметті азаматы Асқар Мереков, аудандық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлжауһар Раева ақынға және оқырмандарға ризашылығын білдірді.

Ақындық өнерді жанына серік етіп, поэзияны сүйіп оқитын, өз ойын өлеңдерімен өрнектеп жүрген жас таланттардың ішінде №250 мектептің 10-сынып оқушысы Ердәулет Орынбасаров ақындық жолдағы ұстазына өзінің арнауын арнаса, осы мектептің 7-8 сынып оқушылары Диас Бижанов ақынның «Мезгіл ауысымы», Кәусар Төлегенова «Тіл туралы» өлеңін мәнерлеп жатқа оқыды. Тұрымбет Салқынбайұлы атындағы өнер мектебінің мұғалімдері Мұхаммед Сәбитұлы мен Сұлтан Қалжан «Анаға сағыныш», «Ағаларым» әнін тарту етіп, іс-шараға белсене қатысты.  Жиын соңында ақын Дастан Мырзабекұлы кітаптың жазылу барысы туралы сөз қозғап, ақындық жол туралы сыр шертті. Сөз соңында өз өлеңдерінен бірнешеуін оқып беріп, оқырманын қуантты. Кітапхана директоры Гүлшара Бөгенбайқызы іс-шараны қорытындылап, ақын ағамыз бен келген оқырмандарға алғысын білдірді.
 

Тағы да оқыңыз: